Арал теңізінің суы молая түсті

Қазақстанда "Сырдария өзені арнасын реттеу мен Арал теңізінің солтүстік бөлігін сақтау" жобасы іске асырылып жатыр.
0
3142
Арал теңізінің ғарыштан түсірілген көрінісі

Арал теңізінің суы молайды. Бұл туралы Telegram-дағы “Зелёный журнал” арнасы ҚР Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігіне сілтеме жасап хабарлады.

Министрліктің мәліметінше, Арал алабындағы суарылатын алқаптарды 7,9 миллион гектарға дейін ұлғайту үшін шөл және шөлейт жерлерді жіті игерудің арқасында теңіз суының көлемі бір жылда 63 текше шақырымнан 117 текше шақырымға дейін артты.

Қазір Қазақстанда “Сырдария өзені арнасын реттеу мен Арал теңізінің солтүстік бөлігін сақтау” жобасы іске асырылып жатыр. Оның бірінші кезеңі Сырдария арнасының су өткізу мүмкіндігін секундына 350 текше метрден 700 текше метрге дейін арттырды, теңіз көлемі 15,6 текше шақырымнан 27,1 текше шақырымға дейін ұлғайды, балықтың жергілікті тұқымдары көбейді, бекіретұқымдас балықтың өнуіне қолайлы жағдай жасалды.

Жобаның алғашқы кезеңінде Арал жағалауының Қазақстан бөлігінің биоалуандығы қалпына келді, бұл балық шаруашылығын дамытуға септігін тигізді.

Арал – Қазақстан мен Өзбекстан шекарасында жатқан ірі көл. Ғалымдар оның тартылып қалуына мына факторлар әсер етті деп есептейді: ауыл шаруашылығын дұрыс жоспарламау, жергілікті жер ерекшеліктері мен су қорын ескермеу, суды өте көп қажет ететін күріш, мақта дақылдарын шамадан тыс көбейтіп жіберу, жерді игерудің агротехникалық шараларын қолданбау, суды ысырап қылу және табиғат ресурстарын қате ғылыми негізбен немесе мүлдем негізсіз пайдалану.

Өткен ғасырдың 60-80 жылдары Әмудария мен Сырдарияның жоғарғы ағысында су энергиясын негізсіз өндірудің салдарынан Аралға бұрынғыдай жылына 60 текше шақырым емес, 9-12 текше шақырым су құйылатын болды. Бұдан теңізге құятын қос өзеннің сағасы мен алқабындағы бірегей ландшафт аймақтар құрыды, теңіз бұрынғы жағалауынан 150 шақырымға тартылды. 2014 жылы Аралдың оңтүстік бөлігі түгел құрғап кетті.

Бір кездері дүниежүзіндегі ең ірі төрт көлдің бірі болған Аралды қалпына келтіру үшін бірнеше ғылыми жоба ойластырылған. Олар: Сібір өзендерін Қазақстанға бұру, Әмудария мен Сырдария арнасын реттеу арқылы суды молайту, Каспий теңізінің суын жасанды канал арқылы әкелу, жерасты суын пайдалану.

Қазақстан Корея Республикасымен бірге Аралдың құрғаған табанының 13,3 мың гектарына жасыл желек екті. Бұл жұмыс әлі де жалғасады. Теңіз орнына егілген сексеуіл орманы елді мекендерге борай көшетін құм мен тұзды тежейді. ⠀

Comments are closed.