Қазақстан табиғаты

Қазақстанда келер ұрпақ көруі мүмкін идеал қоршаған орта қандай?

Ондаған жыл өткенде Қазақстандағы экология ахуалы қандай болмақ? Климат өзгерісінен қорғану үшін мемлекетіміз не істеп жатыр?
0
1022

Қазақстан қоршаған орта ахуалын жақсарту үшін қандай шараларды іске асырып жатыр? Мемлекет күш салып отырған бастамалар қандай нәтижеге жеткізеді? Үкімет бекіткен құжаттарды негізге алып, саралап көрдік.

2021 жылы Қазақстан Глазгода өткен БҰҰ Климаттың өзгеруі туралы негіздемелік конвенциясы тараптарының 26-конференциясында (СОР26) климаттың өзгеруімен күреске мүдделі екенін жария етті. Осы саммитте еліміз орман мен жерді пайдалану жөніндегі декларацияға және жастарды осы бағытта оқыту мен жұмысқа тарту жөніндегі міндеттемеге қосылды. Сонымен бірге Қазақстан атмосфераға көмірқышқыл газын аз шығару туралы Париж келісімін ратификациялап, парник газды бұрынғыдан 15% аз шығарғалы отыр.

2030 жылға қарай жаңартылатын көздерден бұрынғыдай 3% емес, 15% энергия алынады, газ генерациясы есебінен алынатын энергияның үлесі 20%-дан 40%-ға артады. Көмірден алынатын энергия, керісінше, 70%-дан 40%-ға азаяды.

2060 жылға қарай Қазақстан энергетика, өңдеу өнеркәсібі, ауыл және орман шаруашылығы, көлік, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық және қалдықтарды кәдеге жарату салаларында көміртегіні пайдаланудан бас тартады.

2021 жылдың аяғындағы мәлімет бойынша мемлекеттік органдар еліміздегі  7,3 мың қоқыс полигонының 6,3 мыңын жойды. 2022 жылдан бастап Нұр-Сұлтан, Алматы, Шымкент, Өскемен, Ақтөбе және Қарағанды қалаларында қоқысты қайта өңдейтін зауыттар салынады. Қазақстанның 10 қаласында (Алматы, Атырау, Ақтөбе, Нұр-Сұлтан, Қарағанды, Теміртау, Жезқазған Өскемен, Павлодар, Балқаш) ірі өнеркәсіп орындарының ауаны ластайтын заттарды бұрынғысынша көп шығаруына тыйым салынады. Энергетика министрлігі арнайы жол картасы бойынша әкімдіктермен бірге бұл қалалардағы жеке сектор мен шаруашылық жүргізуші субъектілерді түгел газға көшіреді. Балқаш қаласы маңында күн электр станциясы салынып жатыр.

QazaqGaz ұлттық компаниясы шығыс, солтүстік және батыс өңірлерді газдандыру үшін жаңа магистральдар мен лупингілер салады.

Үкімет тартылмай тұрғанда көлемі жағынан дүниежүзіндегі төртінші көл болған Арал табанының 1,1 миллион гектарына сексеуіл егуді тоқтатпайды. Сексеуіл төрт жыл сайын 250 мың гектарға егіледі.

Атмосфера ауасының сапасын жақсарту, қалдықтарды басқару жүйесін жетілдіру, суқоймалар экожүйесі мен биоалуандықты сақтау және ерекше қорғалатын табиғи аумақтарды дамыту үшін “Жасыл Қазақстан” ұлттық жобасы іске асырылып жатыр. Бұл жоба халықтың экология бойынша білімі мен мәдениетін арттыруды да көздейді.

“Жасыл Қазақстан” аясында Сырдария өзенінің арнасы реттеп, Арал теңізінің солтүстік бөлігін сақтайтын жобаның екінші кезеңі іске асырылады, Бурабай, Щучье, Қопа, Шалқар көлдері қалпына келтіріледі. 401 су арнасы жаңартылып, 212 арна цифрланады, бұдан егінді суару кезінде 4 текше шақырым су үнемделеді. Суармалы жерлер 600 мың гектарға ұлғаяды. 2025 жылға дейін Ақмола, Батыс Қазақстан, Жамбыл, Қызылорда және Түркістан облыстарында 1,7 текше шақырым су жинайтын тоғыз жаңа суқойма салынады.

“Жасыл Қазақстан” бойынша ерекше қорғауға алынатын табиғи аумақтардың ауданы үлкейіп, жаңа қорықтар ашылады. Тұран жолбарысын қайта көбейту үшін “Іле-Балқаш” мемлекеттік резерватында оған азық болатын қабан, тоғай бұғысы мен елік өсіріледі.

Қазақстанда балық ресурстарының табиғи популяциясы да 224 мың тоннаға дейін көбейтіледі.

Елімізде жасыл желек қоры 2025 жылға қарай 2 миллиард түп жаңа ағашпен толығады.

Ел астанасы аумағындағы Кіші Талдыкөл көлінің табаны тазартылып, төңірегі демалыс аймағына айналады.

Бұл мақала Орталық Азияның Еуразия Қоры Chevron компаниясымен серіктестікте жасаған Qolda жедел көмек жобасы аясында әзірленді. Мақала авторының пікірі Chevron компаниясының және Орталық Азияның Еуразия қорының көзқарасымен сәйкес келмеуі мүмкін.

Comments are closed.