Экология мектепте: Алматы оқушылары қалдықтарды қайта өңдеуді үйренді

0
1109

Алматының бірнеше мектебінде экологиялық әрі шығармашылық мастер-кластар сериясы болды. Болат Өтемұратов қорының қолдауымен экобелсенділер Михаил Беляков, Пәкизат Сайлаубекова және Алина Хегай 8 күнде түрлі мектепте 16 шеберлік сағатын өткізді. Жобаның мақсаты – мектеп оқушыларына қалдықтардан бұйым жасауды үйрету, материалдарды қоқысқа тастамас бұрын іске жаратудың және қайта өңдеудің маңызын түсіндіру.

Экобелсенділер мастер класс кезінде балалармен бірге кез келген үйден табылатын қалдықтардан бұйым жасап көрген. Сонымен қатар ұйымдастырушылар экология, қоршаған орта және қалдықтарды өңдеу тақырыбында әңгіме айтып, теорияны оқушыларға түсінікті тілмен жеткізуге тырысқан.

Экология тақырыбында шеберлік сағатын ұйымдастырған Михаил Беляковтың сөзінше, олар 45 минутта оқушыларға қоршаған орта, қалдықтар тақырыбын барынша оңай тілмен жылдам түсіндіруге тырысыпты.

“Балалармен қандай бұйым жасайтынымызды ақылдаса келе, екі затқа тоқтадық. Біріншісі – тетрапакеттен құстарға жемсауыт дайындау. Себебі тетрапакет кез келген үйден табылады әрі ол Қазақстанда қайта өңделмейді. Сондықтан балалармен бірге бұл материалдан жемсауыт дайындап, құстарды қалай азықтандыра алатынымызды талқыладық. Қыс мезгілінде бұл – өте өзекті мәселе. Екіншісі – пластик бөтелкеден жаңа жылдық шырша мен ойыншық жасау. Мереке қарсаңында бөтелкені осылай да жаратуға болатынын көрсетіп қайттық. Оқушылар белсенді қатысты. Біразы енді қашан келетінімізді сұрады. Соған қарағанда бәрі ойдағыдай өткен сияқты”, – деді Михаил Беляков.

8 күнде экологтар мен оқушылар 300 жемсауыт пен 500 ойыншық жасап шыққан. Экологиялық шеберлік сабақтары Болат Өтемұратов қорының “Жасыл мектеп” бағдарламасы аясында ұйымдастырылды. Экобелсенділер оқушыларға қоршаған ортаның не себепті ластанатыны туралы және қалдықты қайта өңдеу жайлы айтып берді. Кездесу кезінде балалардың экология жайында өте көп білетіні белгілі болды. Оқушылардың біразы сабаққа белсенді қатысып, сұрақ қойып, әңгімеге араласқан.

“Ең бастысы балаларға тұрмыс қалдығын дұрыс пайдалануды үйреткіміз келді. Бұл қолымыздан келді деген үміттемін. Осы уақыт ішінде экология тақырыбын қазақша түсіндіруге ұялмау керек екенін түсіндім. Бұған дейін аздап қорқатын едім. Шеберлік сабақтарын өткізу арқылы “Жасыл мектеп” деген жақсы жобамен таныстым. Сонымен бірге қазіргі мектептердің жай-күйін де біліп қайттық. Атсалысқан жандарға алғысымды білдіремін. Жақсы тәжірибе болды”, – деді Пәкизат Сайлаубекова.

Comments are closed.