Парижде Бозжыра шатқалын сақтап қалуға шақыратын шара өтті
Парижде Маңғыстау облысындағы ерекше қорғалатын аймақтар тізіміне кіретін Бозжыра шатқалын сақтап қалуға шақыратын шара өтті деп хабарлайды “Хабар 24”.
Акцияны ұйымдастырушылар әлем назарын Қарақия ауданында орналасқан осынау табиғат туындысына аударуды мақсат тұтты. Атап айтқанда, ежелгі мұхит орнында құрылыс жүргізуді тоқтатуды талап етті. Париждегі елдің басын қосуға ұйытқы болған хореограф Дана Мұса. Ол – Маңғыстау өңірінің тумасы.
Бозжыраны игеруді ойлаған топ сол жерде қонақүй мен виллалар, шағын сауда орындарын ашып, тіпті тікұшақ қонатын орынға дейін даярлап, саяхатшылар тартуды көздеген еді. Алайда жергілікті жұрт тасқа айналған ұлу қабыршақтарын, теңіз кірпісін, белемнит деп аталатын былқылдақ денелілерді, тіпті мезозой дәуіріндегі Тетис мұхитында өмір сүрген акуланың тісін де табуға болатын қорыққа ондай құрылыс жүргізу қисынсыз деп санайды.
Жақында Маңғыстауда қоғамдық талқылау өтіп, өңір тұрғындары онлайн-петиция өткізді. Париждегі акция соның жалғасы іспеттес.
“Бізді дұрыс түсініңіздер. Елде туризмді дамытуға тіпті қарсы емеспіз. Тек табиғатты бүлдірмей-ақ өркендетуге болады ғой. Кейбір кісілер елдің арыз-арманын елемейтін секілді. Қазақстан туризмі дами берсін, тек экологияға да мән берсін. Құстарға кеселі тимесін, табиғатқа зиян келтірмесін. Баса көктеп Бозжыраға салмай-ақ өзге жерді игеруге де болады ғой. “Айналасы жиырма шақырым жерде құрылыс жүрмеуге тиіс” дейді эколог мамандар. Біз оларды қолдаймыз”, – дейді акция ұйымдастырушысы Дана Мұса.
“Бозжыраны қолдауға әдейі келдім. Егер мен ит арқасы қияннан барып, көзтаныс қонақүйлерді көріп қайтатын болсам, онда не ұтам? Әлгі тарихи орынның тас-талқаны шығып жатса, менің саяхатымнан не сән қалады? Бозжыраны бүлдіруге болмайды. Ойымды жеткізіп, қолдау білдіру үшін әдейі уақыт арнадым”, – дейді фотограф Жорди Лагут.