Жаңа экологиялық кодекс Қарағанды облысының тұрғындарына таныстырылды

0
824
Мағзұм Мырзағалиев

Экология, геология және табиғи ресурстар министрі Мағзұм Мырзағалиев Қарағанды облысына іс-сапармен барды. Теміртау қаласында облыс әкімі Жеңіс Қасымбек, ірі өнеркәсіп кәсіпорындарының басшылары, саладағы сарапшылар және жергілікті қоғам белсенділерінің қатысуымен жаңа Экологиялық кодексті түсіндіру жөніндегі кеңес өтті.

“Мемлекет Басшысының тапсырмасы бойынша біз жаңа экологиялық кодекстің нормасын қалай іске асырылып, өңірдің экологиялық жағдайын қалай жақсартатынын түсіндіру үшін Қарағанды облысының жұртшылығымен кездесуді ұйғардық. Кейінгі екі жылда Экологиялық кодекстің жаңа редакциясын дайындау бойынша белсенді жұмыс жүргізілді. Ол экономикалық ынтымақтастық пен даму ұйымы елдерінің тәжірибесін ескере отырып әзірленді. 2021 жылғы 2 қаңтарда жаңа Экологиялық кодекске Мемлекет басшысы қол қойды. Кодекстің маңызы – оның адам өмірі мен денсаулығы, қолайлы өмір сүру ортасын қамтамасыз ету, ірі және шағын бизнестің қызметін, олардың қоршаған ортаны қорғау саласындағы жұмысын реттеу сияқты қоғамның барлық мүддесіне әсер етуінде”, – деді Мағзұм Мырзағалиев жиын басында.

Министрдің сөзінше, Экологиялық кодекс Қазақстандағы, сонымен қатар Қарағанды облысындағы экологиялық жағдайды жақсартудың негізгі құралына айналады. Министрдің орынбасары Ахметжан Пірімқұлов Кодекстің негізгі бағыттары ретінде “ластаушы төлейді және түзетеді” қағидатын іске асыру, ең озық қолжетімді технологияларды енгізу, табиғат қорғау іс-шараларына бюджет қаражатын мақсатты жұмсау, үздік халықаралық тәжірибе негізінде экологиялық талаптарды қатаңдату, мониторингтің автоматтандырылған жүйесін енгізу және өндіріс пен тұтыну қалдықтарын басқаруды жетілдіру, оның ішінде “Waste to Energy” енгізу және тағы басқаларды атап өтті.

“Қарағанды облысында  2019 жылы қоршаған ортаға эмиссия үшін бюджетке 16,7 миллиард тенге түсті. 2020 жылы да солай болды. Жаңа Экологиялық кодекске сәйкес, 2022 жылдан бастап жергілікті атқарушы органдар көрсетілген барлық соманы, яғни 100% түсімді табиғатты қорғау шараларына жұмсауға тиіс. Ал ірі кәсіпорындарды экологияландыру үшін олар 10 жыл ішінде ең озық қолжетімді технологияларды енгізеді. Бұл уақытта олар эмиссия үшін төлемнен босатылады.  Егер кәсіпорындар ЕОҚТ-ға көшпесе эмиссия төлемдері 2025 жылдан 2 есеге, 2028 жылдан бастап 4 есеге, 2031 жылдан 8 есееге өседі”, – деді вице-министр.

Халықаралық жасыл технологиялар және инвестициялық жобалар орталығы ең озық қолжетімді технологиялар бюросының бас сарапшысы Серік Нұркенов ЕОҚТ анықтамаларын дайындау мақсатында орталық еліміздегі негізгі ластаушы саналатын 50 кәсіпорынға кешенді кешенді технологиялық аудитті бастап кеткенін хабарлады.

“18 кәсіпорынға барып аудит өткіздік. Енді 32-сі қалды. Ақпан айынан бастап халықаралық және ұлттық сарапшылардың қатысуымен Қарағанды облысындағы “Арселор Миттал Теміртау” АҚ, “Kazakhmys” ЖШС кәсіпорындары, (ЖМБЗ, БМБЗ), Арселор Митталға қарасты ЖЭС-2, ЖЭС-бу-ауа үрлейтін станциясы, “Карцемент” АҚ, “Караганда-Энергоцентр” ЖЭС, ЖЭС-3,   “ГРЭС-2″ (Топар) және тағы басқа кәсіпорындарындарға тексеру жоспарланып отыр. Кешенді технологиялық аудит өнеркәсіптің ЕОҚТ-ға көшу дайындығын бағалауға, қуат үнемдейтін, қалдықсыз технологияны енгізудің маңызын анықтауға мүмкіндік береді. Бұл ЕОҚТ анықтамаларын дайындауға негіз болады”, – деп түсіндірді маман.

Жергілікті жұртшылық атынан сөйлеген Қарағанды облыстық экологиялық музейінің басшысы Дмитрий Калмыков Кодекс халық үшін экологиялық ақпараттың ашықтығын қамтамасыз еткеніне тоқталды. Заңнаманы жетіліріп отыру үшін Министрлік жанында қоғамнан ұсыныстар жинайтын тұрақты жұмыс тобын құруды ұсынды.

“Экологиялық қоғамдастық жаңа кодексті ол қабылданбай тұрып-ақ қолдап, барлық талқылауларға қатысқан. Қоғамдық экологтар тарапынан, әсіресе, қоғам мен мемлекетке шығарындылар бойынша экологиялық рұқсат ережесінің сақталуын бақылауға мүмкіндік беретін ірі кәсіпорындардың ластаушы көздеріндегі автоматтандырылған мониторинг жүйесі, шағын және орта бизнес кәсіпорындарының экологиялық рұқсатнамадан босатылып, назардыі ірі ластаушыларға ауғаны, ЕОҚТ-ның енгізілуін экономикалық механизмі, қоғамдық тыңдаудың жиі өткізілуі тиістігі сияқты  пункттер қолдау тапты”,- деді Д.Калмыков.

Тек өңірдегі емес, еліміздегі ең ірі ластаушылардың бірі саналатын «Арселор Миттал Теміртау» басшысы Биджу Наир Экология министрлігімен ең үздік қолжетімді технологияларды енгізу бойынша бірге жұмыс істеуге дайын екенін жеткізді.

“Қазір біз жаңа Экологиялық кодексті ЕОҚТ енгізу бойынша сараптап жатырмыз. Экологиялық шығарындыларды 30%-ға азайту бойынша жаңа стратегия әзірленуде.  2025 жылға дейінгі уақыт бәріміз үшін бірге жұмыс істеуге аса маңызды. Біз министрлік экологиялық жобаларды жүзеге асыруда қолдау көрсетеді деген сенімдемін”, – деді ол.

Атап өтейік, экологиялық кодекс шеңберінде кәсіпкерлік, қылмыстық, су кодекстерінің және т.б. бірқатар заңнама нормалары қайта қаралады, сондай-ақ заң жобасын іске асыру шеңберінде 140-қа жуық нормативтік- құқықтық актілер қабылдау жоспарлануда. Мысалы, эмиссия нормасынан асқан  жағдайда кәсіпорынға салынатын айыппұл 10 есе, атмосфералық ауаны қорғау мен өрт қауіпсіздігі талаптарын сақтамау бойынша айыппұл 5 есеге өсті. Жеке тұлғаны әкімшілік жазаға тарту ұзақтығы 2 айдан 1 жылға, заңды тұлғаға 1 жылдан 3 жылға көбейді.

Comments are closed.