Жаңа Экокодекс: кәсіпорындар үшін “ластаушы төлейді” қағидаты енгізілді
Қоршаған ортаға эмиссия үшін бюджетке түсетін түсімдер енді 100% өңірлердің табиғат қорғау іс-шараларына бағытталады. Бұл туралы Теміртауда Экология, геология және табиғи ресурстар министрі Мағзұм Мырзағалиевтің, облыс әкімінің, ірі өнеркәсіп кәсіпорындары басшыларының, салалық сарапшылар мен қоғамдық белсенділердің қатысуымен өткен кездесуде айтылды деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Еске салайық, Мемлекет басшысы Экологиялық кодекске 2021 жылғы 2 қаңтарда қол қойған еді. Экология, геология және табиғи ресурстар министрінің айтуынша, жаңа заңнамалық акт реформаторлық болып есептеледі. Бұл жолы қоғамдық пікірге үлкен мән берілді.
“Жауапкершілікті қатаңдату мен жұртшылықтың рөлін күшейте отырып, кәсіпорындарда экологиялық технологияларға көшу және эмиссиялар көлемін төмендетуден басқа амал қалмайды деп ойлаймын, бұл экологиялық ахуалды нақты жақсартуға алып келеді”, – деп атап өтті экология министрі.
Экологиялық кодекстің маңызды баптарының бірі – ең озық қолжетімді техникаларды енгізу.
“Егер кәсіпорындар ОҚТ-ға ауыспаса, онда эмиссиялар үшін төлем ставкалары өседі: 2025 жылдан бастап олар 2 есе, 2028 жылдан бастап 4 есе және 2031 жылдан бастап 8 есе өседі”.
ОҚT енгізуде мысалы ретінде ластаушы заттар шығарындыларының мөлшері айтарлықтай азайтылған Еуропа елдерінің тәжірибесі сеп болды: азот оксидтері (NO2) – 69%, күкірт оксидтері (SO2) – 94%, ал шаң/қатты бөлшектер – 94%.
Қазіргі уақытта қолданыстағы заңнамада табиғатты қорғау іс-шараларына эмиссия үшін түскен төлемдерді мақсатты жұмсау міндеті жоқ. Сондықтан жергілікті атқарушы органдар келіп түсетін қаражаттың 45%-ын ғана оршаған ортаны қорғауға бөлді. Осыған байланысты ілеспе заң жобасында жергілікті атқарушы органдар қоршаған ортаны қорғау қызметін келіп түскен экологиялық төлемдер есебінен 100% мөлшерінде қаржыландыруға міндетті екендігі көрсетілген.
«Қарағанды облысында 2019 жылы қоршаған ортаға эмиссия үшін бюджетке түсетін түсімдер шамамен 16,7 млрд.теңгені құрады, 2020 жылы да осындай. Жаңа Кодекске сәйкес, 2022 жылдан бастап аталған соманы жергілікті атқарушы органдар өңірдің табиғатты қорғау шараларына жұмсауға тиіс», – деп толықтырды вице-министр.
ОҚТ қағидаттары 10 жыл ішінде кезең-кезеңімен енгізілуі тиіс. Серік Нұркеновтің айтуынша, ОҚТ – бұл уақытпен реттелетін, өнеркәсіптік және экологиялық саясаттың синергиясына, сондай-ақ экономикалық тиімділіктің артуына және қоршаған ортаға теріс әсердің төмендеуіне әкелетін оңтайлы процесс.