“Бізді улап жатыр”: Атырау тұрғындары ауа сапасына наразы

0
647
Атырау

Атырау тұрғындары қала ауасының сапасына шағымданып жатыр. Жергілікті тұрғындар Атырау мұнай өңдеу зауытынан күнде ауаға зиян заттар бөлінетінін айтып отыр. Олардың пікірінше бұл тұрғындардың аллергия мен қатерлі ісік ауруына шалдығуына, балалар үнемі ауырып қалуына себепкер.

Әлеуметтік желіде қаланың бірқатар шағын аудандарының тұрғындары өткір иіс сезетіні туралы көптеген хабарламалар тарады. Осыдан соң тексеру жүргізіліп, атыраулық экологтардың тексеруі нәтижесінде атмосферада зиянды заттардың артық мөлшері анықталмағаны хабарланды.

«Глобус» экологиялық-құқықтық бастама орталығы» үкіметтік емес ұйымының жетекшісі Галина Чернованың айтуынша, тұрғындардың шағымы мен экологтардың айғақтары сәйкес келмеуіне таңданудың қажеті жоқ. Себебі мамандардың жеткілікті деңгейде анықтай алатын жабдығы жоқ. Содан олар тіпті жағымсыз иістің көзін анықтай алмайды.

Бізді осы жерде толығымен улап жатыр деуге болады. Әңгіме күкіртсутегінің мөлшерден асып кетуі туралы болып отыр. Бір күні біз ұйықтап, сосын оянбай қалуымыз мүмкін. Бүйте берсе, оянбай қалу шынымен болады. Мен қазірдің өзінде әрбір екінші жергілікті тұрғында аллергия мен тыныс алу проблемасы бар екенін білемін. Өңірде туа бітті аурулардың саны артып келеді. Онкология мен қан айналымы жүйесі ауруларынан болатын өлім-жітім саны да көбейіп жатыр. Туберкулез «жасарды». Бұл әлеуметтік дерт қазір негізінен жасөспірімдерде кездеседі. Қайда бару керек?! Халық бұлай өмір сүргісі келмейді, қаланың болашағына қауіп төніп тұр. Ал кәсіпорынның қуаты артып, ұлғайып келеді. Экологиялық мәселелерді шешу туралы есептер бар, бірақ күкіртсутекті не істейміз? Бұл – нағыз экоцид! – деді Галина Чернова Zakon.kz-ке берген сұхбатында.

Ауаның сапасымен қатар жергілікті тұрғындар ауыз судың жақын арада тапшы болу қаупінен қорқады. Оның бірден-бір себебі – деңгейі құрт төмендеген Жайық өзені.

Бүгінде өзеннің ағысы үштен біріне қысқарды және климаттың өзгеруіне және Оралдың жоғарғы бөлігінде қосымша су қоймаларының салынуына байланысты төмендей береді. Жақында Атырауда ішетін ештеңе қалмайды! Шенеуніктер қаланы одан әрі дамытып, халықты шөлден құтқаруды қалай жоспарлап отыр? – дейді Галина Чернова.

Ал Атырау мұнай өңдеу зауытының сайтында кәсіпорынның қоршаған ортаға тигізетін зиян әсерін барынша азайтуға бағытталған TAZALYQ экологиялық жобасы туралы айтылады.

Сайттағы мәліметке көз жүгіртсек, TAZALYQ жобасы сарқынды суларды тазарту сапасын стандартты деңгейге дейін жеткізу және тазарту құрылыстарының ашық резервуарларынан атмосфераға зиян түтін шығаруды және булану кен орындарының қоршаған ортаға әсерін тоқтату арқылы қоршаған ортаға айтарлықтай әсер етеді деп жазылған. Осылайша өндірістің Атырау қаласының жер асты суларына, флорасына, фаунасына және атмосфералық ауасына кері әсері алынып тасталады-мыс.

Бұған дейін Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігі Экологиялық реттеу және бақылау комитетінің төрағасы Зүлфухар Жолдасов Қазақстанда ауаға ластаушы заттардың шығарындыларының көлемі 18% азайғанын айтқан еді. Оның айтуынша, Атырау ауасы жоғары ластанған қазақстандық он қаланың бірі. Оған себеп ретінде тозығы жеткен кәріз және тазарту құрылыстары аталды.

Comments are closed.