Бірқатар елдерде ормандар өртеніп жатыр

0
616
орман өрті
2022 жылдың жазы аптап ыстық болып, әлемнің бірқатар елінде құрғақшылық жайлаған. Осыған байланысты дүниежүзінде орман өрті де әдеттегіден көп.

Тамыздың соңынан бастап Еуропада бірнеше рет өрт болды. Ай соңында Испаниядағы Валенсия автономды қоғамдастығында өрт 19 мың гектарға жуық орман алқабын жалмаған. Өртті сөндірушілер екі апта бойы өшіре алмай, әлекке түскен. Валенсиядан Сарагосаға бара жатқан пойыз өрттің ортасында қалып кетті. Оқиға салдарынан 20 адам зардап шекті. Бұл туралы Euronews хабарлады.

Италияда өрт сөндірушілер Сицилия мен Палермо провинциясындағы орман өртін сөндіруге тырысты. Желдің салдарынан өрт орман алқабына кеңінен тарап, Палермо мен Катанияны байланыстыратын тас жолды да жайлаған. Пантеллерия аралынан ондаған адам, оның ішінде дизайнер және кәсіпкер Джорджио Армани да эвакуацияланды.

Ресейдегі Рязань облысында да қатты өрт болды. Қазір өңірде табиғи өрттің алты ошағы тіркелген. Жалпы ауданы 26 мың гектарға жетеді, деп хабарлайды РФ Төтенше жағдайлар қызметі. РФ ТЖМ өрт сөндіруге 7 мыңнан астам адам, 17 әуе кемесі тартылғанын айтты. Өртке жалпы 24 мың тоннаға жуық су себілді.

RT Роспотребнадзордың алға тартқан екі елдімекендегі ауаның талдау көрсеткішін жариялады. Нәтиже ауаны ластаушы заттар рұқсат етілген шекті концентрациядан жоғары екенін көрсетті. Аймақтағы табиғи өрттердің салдарынан өрт пен түтіннің иісі, тіпті Мәскеуде және орталық федералды округтің кейбір аймақтарында да сезіледі.

Башқұртстан да 1 қыркүйектен бастап ауданы 30 мың шаршы метрді құрайтын өртпен алысып жатыр.

Аргентинаның солтүстік-шығысында кейінгі аптада өрт 100 000 гектарға жуық сулы-батпақты аумақты шарпып өтті. Жауын-шашынның болмауына байланысты өрт ауыздықтауға келмей, өрши түсті. Қара түтін Буэнос-Айреске дейін жеткен. Түрлі экологиялық ұйымдардың бағалауынша, Аргентинада 2020 жылдан бастап өрт 1 миллион гектарға жуық жерді шарпыған.

Comments are closed.