Қазақстанда орманды өртеушілерге жаза қарастырылған
Бұл туралы ҚР ІІМ Тергеу департаменті басқармасының бастығы Ермек Шүлден ескерту жасап, осы мәселеге қатысты қандай жаза қарастырылғанын айтты.
Өртеу немесе өзге де тәсіл, оның ішінде қалдықтармен және зиян шығарындылармен ластау арқылы орман қорына жататын және жатпайтын ағаштар мен бұталарды қасақана жою немесе бүлдіру ҚР Қылмыстық кодексінің 341-бабымен сараланады. Бұл қылмыс ауыр қылмыс санатына жатады және соған сай құқықбұзушының мүлкі тәркіленіп, 8 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасына тартылады, – деді ҚР ІІМ Тергеу департаменті басқармасының бастығы Ермек Шүлден.
Айта кетейік, 2 қыркүйекте Қостанай облысының екі орман шаруашылығы территориясынан өрт шықты. 4 қыркүйекте өрт шарпыған аумақ көлемі 43 мың гектардан асты. Бүгінде өрттің шығу себебі нақты белгісіз. Өрттен барлығы 91 тұрғын үй зардап шекті. Оның ішінде 85-і – Аманқарағай ауылында және алтауы Озерный ауылында.