“Жасыл Қазақстан” жобасы аясында 60 мыңға жуық жұмыс орны ашылады

0
1113

Экология, геология және табиғи ресурстар министрі Серікқали Брекешев “Жасыл Қазақстан” ұлттық жобасын таныстырды.

Министрдің айтуынша, жоба Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасына сәйкес әзірленді. Жоба халықтың өмір сүруіне қолайлы орта құруға және елдегі экологиялық жағдайды жақсартуға бағытталған.

“Ұлттық жоба “Таза Қазақстан”, “Үнемді Қазақстан”, “Табиғат”, “Экология болашағы” атты төрт негізгі бағыттан және 11 тапсырмадан тұрады. Олар бойынша 19 көрсеткіш және 48 іс-шара қарастырылған. Жобаны іске асыру халықтың нақты кірісін арттыруға, ЖІӨ-ді 231 миллиард теңгеге ұлғайтуға ықпал етеді. Ұлттық жобаны іске асырудың арқасында 60 мыңға жуық жұмыс орны ашылады”, – деді Серікқали Брекешев.

Министр барлық бағыт туралы егжей-тегжейлі айтып берді. Мысалы, “Үнемді Қазақстан” бағыты аясында 401 арнаны қайта жаңарту және 212 арнаны цифрландыру есебінен суару кезінде су шығынын 4 км3 азайту жоспарланып отыр.

“Ұлттық жобада суармалы жерлерді 600 мың гектарға ұлғайту бойынша іс-шаралар көзделген. Қосымша суару көзін құру үшін 2025 жылға дейін Ақмола, Батыс Қазақстан, Жамбыл, Қызылорда және Түркістан облыстарында жинақтау көлемі 1,7 км3 болатын 9 жаңа су қоймасын салу жоспарланып отыр”, – деді министр.

Серікқали Брекешевтің айтуынша, ұлттық жобаны жүзеге асыру көлдердегі судың сапасын жақсартуға, суаруға су беру кезінде шығынды азайтуға мүмкіндік береді. Сонымен қатар орманды еліміздің жалпы аумағын 5%-ке дейін ұлғайтуға мүмкіндік береді.

Comments are closed.