Құралай Әлиева

Экомама Құралай Әлиева: “Кез келген адам сияқты менің де таза елде өмір сүргім келеді”

0
798

Құралай Әлиеваны біразы “экомама” ретінде таниды. Себебі ол Instagram-да экологиялық пайдалы ақпараттар жазып, күнделікті белсенді әрекеттерін бөліседі. Экоблог жүргізіп, балаларға табиғатты қорғауды үйрету туралы айтады. Сонымен қатар Құралай ханым – Қазақстандағы “Қоқыс өртейтін зауыттарға жол жоқ” қозғалысының белсенді мүшесі. Ecoinfo.kz сайты экобелсендімен сұхбаттасып, ата-ана ретінде экологияға бейжай қарамаудың бала үшін қандай пайдасы бар екенін сұрады.

– Құралай ханым, сізден ең әуелі экобелсенді болуыңызға не әсер еткенін сұрағым келіп тұр? Мұндай әдет қай кезде, неден басталды?

– О баста жолымды экоблогер ретінде бастадым, яғни адамдарға ақпарат бөлісу арқылы әсер еткім келді. Белгілі бір деңгейде мұны да экобелсенділік деп қарастыруға болатын шығар. Бір жағынан мен үнемі экологиялық қозғалыстарға, шараларға қатысып отыруға тырысамын. Оның ішінде экосенбілік, ағаш егу, қалдықтарды жинап, өткізу бар. Бірақ экобелсенділікке билік “елімізде қоқыс өртейтін зауыттар саламыз” дегенде көбірек бет бұрдым. Себебі мұндай жаңалық табиғат жанашырларын дүр сілкіндіріп жіберді. Елде әлі қалдықтарды бөліп, салу, сұрыптау, оларды шығаруға қатысты адекват нормалар болмай тұрған кезде мұндай зауыттар болашақ үшін өте қауіпті екенін түсіндік.

Құралай Әлиева

Фото: Құралай Әлиеваның жеке архивінен

– “Қоқыс өртейтін зауыттарға жол жоқ” қозғалысының бүгінгі жұмысы туралы айтып беріңізші? Қазір қандай нәтижелер бар? Сонымен мемлекет қоқыс өртейтін зауыт салмайтын болды ма?

– Еліміздің көптеген табиғатты қорғаушы белсенділері, зерттеушілер, қоғам қайраткерлері менің қоқыс өртейтін зауыттарға қарсы шығу туралы бастамамды қолдады. Осылайша біздің #STOPMSZKZ (“Қоқыс өртейтін зауыттарға жол жоқ”) қоғамдық бірлестігіміз құрылды. Біз екі петиция жарияладық, Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігімен көптеген кеңестерге қатыстық, депутаттарға, президентке, зауыт салу жоспарланған қалалардың әкімдеріне хат жаздық. Екі рет конференция ұйымдастырдық, оған облыстың өкілдерін шақырдық. Мұндай конференцияға Экология министрлігі мен Алматы қаласы Экология департаменті және басқа да жауапты органдар, экология саласының мамандары, экологтар, зерттеушілер, экологиялық белсенділер қатысты. Қоқыс өртейтін зауыттардың құрылысы осы жылдың маусым айында басталады деп жоспарланған еді. Бірақ жоба тоқтатылды. Менің ойымша, бұл шешім қоғамдық наразылыққа ұшыраған “Өдірушілердің кеңейтілген міндеттемелері операторы” ЖШС (Оператор РОП) ұйымының таратылуына және кейбір мүдделі тұлғалардың тұтқындалуына байланысты болды.

– БҰҰ сайты сіздер туралы “Қазақстанда экобелсенділердің көбі – әйелдер” деп жазды. Сіз бұл туралы не ойлайсыз? Осы қатарға ерлерді қалай қосуға болады?

– Табиғатынан әйел баласы үшін көбірек алаңдайтын шығар. Бұл – ұрпақты сақтау инстинкті, сондықтан ерлерге қарағанда әйел экобелсенділер көп. Менің ойымша, Қазақстанда әйелдер шынымен де экологиялық белсенділікті көбірек көрсетеді. Дегенмен елде ер адам табиғат қорғаушыларын білемін. Соларды үлгі ететін, соларға қарап белсенді болатын ерлер көбейетініне сенемін.

Біріккен ұлттар ұйымының Қазақстан экобелсенділері туралы мақаласын мына жерден оқи аласыз.

– Сіздің экобелсенді, экоблогер ретінде алдағы жоспарларыңыз қандай?

– Экологиялық өмір салтын ұстануды және өзімнің экологиялық әдеттерімді әлеуметтік желіде бөлісуді жалғастыра беремін. Менің мақсатым – елімізде экологиялық тұрғыдан саналы азаматтар көбеюіне ықпал ету. Солай бола берсін. Мүмкіндігінше экологиялық шараларға қатысамын, қалмауға тырысамын.

Құралай Әлиева

Фото: Құралай Әлиеваның жеке архивінен

 – Сіздің ойыңызша Қазақстандағы экологиялық ең маңызды проблемалар қайсы?

– Мен үшін ең әуелі таза ауа мәселесі өзекті. Өйткені ауа – жасырып қала алмайтын әрі ештеңеге айырбасталмайтын, сатып ала алмайтын нәрсе. Ал оның ішінде таза ауа – денсаулық кепілі.

Сонымен қатар ауызсу мәселесі қазірдің өзінде өткір. Сол себепті суды және жалпы планета ресурстарын саналы түрде пайдалану туралы әркім ойлануы керек деп ойлаймын. Оған қоса қалдық мәселесі мен үшін өте маңызды. Еліміздің кез келген азаматы сияқты мен де таза елде өмір сүргім келеді. Қазақстанның әр тұрғыны қалдықтарға қоқыс емес, бөліп алып, қайта өңдеуді қажет ететін құнды ресурс ретінде қарағанын қалаймын.

Құралай Әлиеваның Instagram-дағы парақшасы 

 – Үйде ата-ананың экология проблемаларына бейжай қарамауы, экобелсенді болуы, қоқысты сұрыптауы неліктен маңызды? Жақсы әдеттердің балаға қандай әсері болады?

– Балалар тәрбиені ең әуелі үйден алады. Бұл ретте ата-ана балаға үлгі болады. Сондықтан балаға жер байлығы мен қоршаған ортаға қамқорлық жасауды кішкентай кезінен үйрету, түсіндіру маңызды. Бізді қоршап тұрған барлық нәрсені өндіру үшін су, электр энергиясы, пайдалы қазбалар жұмсалғанын, ағаштардың кесілгенін және тағы басқаны балалар білуі керек.

Балалар ақпаратты жылдам қабылдайды, есінде сақтап қалады. Осылай саналы ойлау арқылы олардан лайық азаматтар шығады деп ойлаймын. Қоқысты сұрыптау – балалар үшін қызық іс. Олар мұны тез үйренеді. Менің 9 және 5 жастағы екі ұлым бар. Олар үйдегі қоқыс жәшігіне нені тастауға болатынын, нені лақтыруға болмайтынын біледі. Балаларым батарейкалардың табиғатқа қауіпті екенінен хабардар. Сондықтан оларды арнайы ыдысқа салып, өткізу керек екенін ұмытпайды.

бала

Фото: Құралай Әлиеваның жеке архиві

 – Экомәдениетке баланы қалай баулу керек? Баланың жасына қарай неден бастау керек? Өз тәжірибеңізді де бөліссеңіз?

– Өз тәжірибемнен айтсам, балаға үлгі көрсету маңызды. Алғашқы әдет ретінде қоқыс тастамаудан бастаңыз. Қоқыс тастамауды  сәби кезінен үйретуге болады. Мысалы, менің балаларым үшін қоқысты жерге тастау – жабайы іс. Сондықтан олар қалтасындағы немесе қолындағы қоқысты жақын маңдағы жәшікке апарып, салады. Ұлымның қалтасынан балмұздақ пен шоколадтың қабығын тауып алған кездер де болды. Сөйтсем ол қалдықты қайта өңдеу үшін жинаған екен.

Біз 4 жыл бұрын үйде қоқысты түріне қарай бөлек-бөлек жинауды енгіздік. Сол кезден бастап балаларға қалдықтарды қалай сұрыптау керек екенін көрсете бастадық. Олармен бірге қалдықтарды қабылдау орындарына барып, жинағанымызды өткіздік. Тіпті балалар менімен бірге экологиялық сенбіліктерге, қалдықтарды жинау шараларына және ағаш егуге қатысады. Оған қоса біз тауға жиі шығамыз. Сол кезде таудағы қоқысты жинаймыз. Осылайша баладан экомәдениетті болуды қатты талап етпей, керісінше күнделікті істермен үлгі болу арқылы әсер етіп жүрміз.

щеткалар

Фото: Құралай Әлиеваның жеке архивінен

 – Өз үйіңізді экология жағынан тиімді еттіңіз бе? Өзіміз тұратын үйді қалай экология жағынан ыңғайлы етуге болады?

– Үйде біз су мен электр қуатын үнемдеп пайдаланамыз. Шамдар мен электр құралдарының керек емес кезде қосылып қалмауын қадағалаймыз. Сонымен қатар балаға су, жарық пайдаланғанымыз үшін төлейтінімізді түсіндіре аласыз. Мысалы, есептегіш қалай есептейді, ол қалай жұмыс істеп тұр? Өзімнің тәжірибемнен осы нәрселердің қалай жұмыс істейтінін көрсетуді ұсына аламын.

Негізі экология қоқысты сұрыптаудан және қайта өңдеуден басталмайды. Дегенмен қалдық аз болуы үшін қоқысқа айналатын заттарды сатып алмауға тырысамыз. Мысалы, тез бұзылатын ойыншықтарды сатып алудан аулақпыз. Дүкенде бірреттік полиэтилен пакеттерді алмаймыз. Азық-түлікті, оның ішінде жемістер мен көкөністерді арнайы экосөмкеге саламыз.

Құралай Әлиева

Фото: Құралай Әлиеваның жеке архивінен

Үйімізді экологиялық жағынан таза ету үшін не істей аламыз? Құралай Әлиеваның кеңесі:

  • Қолыңызда бар заттарды/жиһазды барынша пайдаланыңыз;
  • Сату немесе мұқтаж адамдарға беру арқылы заттардан экологиялық таза жолмен құтылыңыз;
  • Экологиялық таза тұрмыстық химияны қолданыңыз;
  • Қалдықтарды бөлек жинауды ұйымдастырыңыз. Кем дегенде қауіпті қалдықтардан, мысалы, батарейка мен лампаларды жинаудан бастаңыз.
  • Қуатты үнемдейтін шамдар мен қайта зарядталатын батареяларды пайдаланыңыз;
  • Су мен электр қуатын үнемдеңіз;
  • Үйге суға арналған фильтр орнатыңыз, бөтелкедегі суды сатып алмаңыз;
  • Бір рет қолданылатын заттарды көпреттік заттарға алмастырыңыз.

Егер еш қиындықсыз, қадам-қадаммен үйдегі өмір салтына өзгеріс енгізсеңіз, үлкен жетістіктерге жете аласыз.

 – Әңгімеңізге рақмет!

Бұл мақала Орталық Азияның Еуразия Қоры Chevron компаниясымен серіктестікте жасаған Qolda жедел көмек жобасы аясында әзірленді. Мақала авторының пікірі Chevron компаниясының және Орталық Азияның Еуразия қорының көзқарасымен сәйкес келмеуі мүмкін.

Comments are closed.