Мектептерде алғашқы қоңырау шарсыз және көгершінсіз өтеді. Мұның табиғатқа пайдасы қандай?

0
636
шар
Оқу-ағарту министрлігі және Ы.Алтынсарин атындағы Ұлттық білім академиясы жалпы мектепішілік іс-шараларды өткізуге қойылатын талаптарды әзірледі.

Талаптарға көз салсақ, онда мектепішілік мерекелік шараларды өткізу кезінде аспанға шарлар мен көгершіндерді ұшыруға болмайтыны жазылған.

Барлық іс-шаралар енді тегін, тек мектептің күшімен, түрлі компанияларды тартпай-ақ өтеді. Патриоттық тәрбиеге, мемлекеттік рәміздерге құрметпен қарауға ерекше көңіл бөлінеді, – делінген құжатта.

Жалпы мектептегі іс-шараларға мыналар жатады:

  • мемлекеттік және ұлттық мерекелерге байланысты іс-шаралар;
  • елдегі есте қаларлық даталар мен айтулы оқиғаларға арналған іс-шаралар;
  • оқу жылының басына, аяқталуына арналған салтанатты іс-шаралар;
  • олимпиадалардағы, спорттық-шығармашылық байқаулар мен байқаулардағы жетістіктері үшін оқушылар мен мұғалімдерді марапаттау;
  • студенттер мен оқытушылардың бастамасымен ұйымдастырылған флешмоб-акциялар;
  • мектептегі әлеуметтік және қайырымдылық жобаларға арналған іс-шаралар;
  • отбасымен және мектеп серіктестерімен өтетін іс-шаралар;
  • студенттер мен мұғалімдердің қатысуымен ашық ауада өтетін іс-шаралар.

Еске сала кетейік, Оқу-ағарту министрі Асхат Аймағамбетов биылғы 25 мамыр қарсаңында мектептегі шараларда шарды қолданбаған дұрыс екенін айтқан еді. Ол кезде министр шардың жерге қайта түсетінін және экологияға зиян екенін айтқан.

Шар табиғатқа қай жағынан зиян?

Латекстен жасалған шар баланы бар болғаны бес минуттай қуантады. Бірақ ол кем дегенде төрт жылда ыдырайды. Сонда да толық емес: түрлі-түсті кесінділер түрінде жерде жатады немесе теңізге түседі. Судағы балықтардың, құстардың және жабайы жануарлардың асқазанына түсетін жағдайлар да болады. Теңіз тасбақалары шарлардың қалдығын медузаға – олардың сүйікті деликатесіне ұқсатады да, жұтып қояды. Ал бұл жануар үшін өте қауіпті. Себебі шардың қалдығы өңешті бітеп тастайды. Латекс бөліктерінен тек киттер мен дельфиндер ғана емес, сонымен қатар жердегі жануарлар да өліп кетеді.

Фольгадан жасалатын шарлар туралы айтсақ, олар негізінен ыдырамайды. Адамға қуаныш пен мереке сезімін сыйлайтын нәрсе ағашқа ілініп, сонда жылдар бойы ілулі тұрады. Шардың бірреттік нәрсе екенін түсінген адамдар шарларды сатып алуды тоқтатады. Мысалы, ресейлік белсенді Ольга Бойко Сочиде әуе шарларын ұшыруға қарсы науқан бастады және өзгелерден қолдау тапты, адамдарға әсер ете алды. 

Шарлар туралы деректер

  • 2018 жылы әуе шарлары Ұлыбритания теміржолында 619 пойызды кешіктірді. Бұл оқиғалардан келген шығын 5000 фунт стерлингке бағаланды.
  • Жоғары вольтты сымдарға шардың кептелуі қысқа тұйықталуға және өртке әкелуі мүмкін.
  • Гелий – ғылымда, медицинада және басқа салаларда да қолданылатын қалпына келмейтін табиғи газ.

    Американың Калифорния, Коннектикут, Флорида, Теннесси және Вирджиния сияқты штаттарында шарларды жаппай ұшыруға тыйым салынған. Осыған ұқсас заңдар Австралия мен Американың кейбір қалаларында қолданылады.

Аспанға әуе шарын ұшыру дәстүріне келсек, оның да тарихқа айналатын кезі әлдеқашан келді. Адамзат кейбір әдеттер табиғатқа зиян екенін түсініп, дұрыс шешім қабылдауы керек. Себебі табиғат пен ресурстар біздің өмір сүруімізге қажет.

Ал көгершінді ұшырғанда тұрған не бар?

Әуелі белгілі бір мерекеде көгершін ұшырғысы келген адам оны сатып алады немесе жалға алады. Ең бірінші іс: құсты тауып, оны ұшырғыңыз келген жерге жеткізу керек. Дәл осы жерде ескеретін өте маңызды жайт бар. Әдетте адамдар кептерді қорапқа немесе пакетке салып, тасымалдайды. Құс онда тұншығуы мүмкін. Демек, көгершінді тасымалдау кезінде мұқият болмаса, құсты өлтіріп алу қаупі жоғары.

Екіншіден, адамзат кез келген жан-жануарға қамқорлықпен қарауға мәжбүр. Себебі адам өзінің комфорты үшін жануарды аулап, ол үшін қалыпты әрі ыңғайлы жағдайды жасай алмаса, табиғатта эндемик түрдің жойылу қаупі бар.

Көгершін де тура сондай. Әр жануардың табиғатта өз орны, атқарар қызметі, пайдасы бар. Бұл – адамға түсініксіз өзінше жүйе. Тап осы табиғаттағы жүйе бұзылмауы үшін адам араласпауы керек, жайына қоюы керек істер кездеседі. Кептердің адам дұрыс деп берген нәрсемен тамақтануы, оның қамалып, қолдан ұшыру қызметін жасауы көгершінді стреске әкеліп соғады.

Адамзат бірнеше секундтық іс үшін құсты аулап, оны өз игілігіне пайдалана берсе, құстардың бұл түрі оңай жоғалып кете алады.

Бұл мақала Орталық Азияның Еуразия Қоры Chevron компаниясымен серіктестікте жасаған Qolda жедел көмек жобасы аясында әзірленді. Мақала авторының пікірі Chevron компаниясының және Орталық Азияның Еуразия қорының көзқарасымен сәйкес келмеуі мүмкін.

Comments are closed.