Қоқысты қалай ақшаға айналдыруға болады? ROAF басшысымен сұхбат

0
755

Дүниежүзілік банктің дерегі бойынша, адамзат жыл сайын 2 миллиард тоннадан аса қоқыс қалдығын өндіреді. 2050 жылға қарай бұл көрсеткіш екі есеге дейін өсуі мүмкін. Осы орайда Tengrinews.kz тілшісі Еуропадағы ең ірі қоқыс өңдеу зауытының басқарма төрайымы Синнове Бьеркемен сұхбаттасып, тұрмыстық қалдықты қалай ақшаға айырбастауға болатынын және оның жаһандық қауіпсіздікпен қандай байланысы барын сұрады.

Синнове Бьерке әлемнің 50-ден аса елімен серіктестік орнатқан норвегиялық ROAF қоқыс өндіру корпорациясының төрайымы болып жұмыс істейді. Кейінгі жылдары экологиялық бизнесті жабық цикл экономикасына айналдырған ол өңделген шикізат пен теңіз қоқыстарына басымдық беріп отыр. Оның айтуынша, Норвегия халқы өз қоқыстарын утилизациядан өткізіп қана қоймай, оны көршілес мемлекеттерден сатып алып жатыр.

Норвегияға басқа елдің қоқысы неге керек?

“Негізі бұл сұраққа өте қарапайым жауап бар. Мәселені мынадан бастайық, Норвегия қоқыстан пайда табудың жолын тапты. Елімізде 40-тан астам қоқыс өңдейтін зауыт жұмыс істейді. Егер олардың басты миссиясы тек қоқыс өңдеу десеңіз, онда қателесесіз. Қазір Норвегия үкіметі артық қалдықтар арқылы елді жылу және электр қуатымен қамтамасыз етіп отыр. Мұндай табиғи ресурсқа қалдықтарды жағу арқылы қол жеткізіп отырмыз. Қоқыс импорты мұнай не газ өнімдерінен әлдеқайда арзан. Айта кетейін, Норвегияда сырттан қоқыс сатып алу деңгейі жалпы өндірістің үштен бір бөлігіне де жетпейді”, – деді ол.

Қоқыс қашан ақшаға айналып үлгерді?

“Иә, қоқыстың да өз бағасы бар. Бүгінде Еуропаның көптеген елі қалдықтарды энергетикалық тауарға жаратып жүр. CEWEP басшысының сөзінше, ЕО елдерінде 2018 жылы энергия алу мақсатында жағылатын қалдықтардың үлесі 28 пайыз болды. Қоқыстан жылу табу бойынша біздің басты бәсекелесіміз – Германия, Швеция және Финляндия. Бұл қалдықтан энергия өндірудің өміршеңдігін, сондай-ақ, оның заман талабына сай технология екенін айқын дәлелдейді”, – дейді ROAF төрайымы.

Оның экологияға зияны жоқ па?

“Мұндай пікірді көп жағдайда қоқыстан пайда таппайтын елдер айтады. Көптеген белсенді қоқысты өртеу арқылы экологияға сұмдық зиян келіп жатқанын алға тартады. Олардың айтуынша, қалдықтарды жағу процесі салдарынан диоксин мен ауыр металдар ауаға сіңісіп, адам ағзасы уланып, иммун және репродуктив жүйе өзгеріске ұшырайды. Осы пікірді ұстанатын азаматтар заманауи инженериялық техниканың мүмкіндігін білмесе керек. Олай әсте мүмкін емес”.

Синнове Бьерке

Фото Синнове Бьеркенің жеке архивінен

Заманауи технологиялар және қоқыс қалдықтары

“Қазіргі уақытта қолданыстағы жобалар мен технологиялар органикалық қосылыстарды күйдірудің тиімді процесін жүргізуге мүмкіндік ашты, яғни концентрацияға шектеу қойылған. Заманауи каталитикалық және плазмалық технологиялар қалдықтарды толығымен бейтараптандырады. Зауыттарға сұрыптаудан өткен және қайта пайдалануға жарамсыз қалдықтар ғана түседі. Содан кейін қоқыс қалдықтары міндетті радиациялық бақылаумен өлшеніп, есепке алынады. Кейін қалдықтар 1260°C температурада өңделеді. Өте жоғары температуралы жану аймағында барлық зиян элемент жоғалады. Сондықтан қоқысты қаланың сыртында өртеу бір бөлек, толықтай жабдықталған зауытта өртеу бір бөлек екенін ескерткім келеді. Біз бұл бағытта Норвегия халқын сенімді дереккөздермен сендіріп, ақпаратты жан-жақты тараттық”, – дейді Бьерке.

Ал қоқыс қалай жиналып жатыр? Жаңа тәсілдері пайда болды ма?

“Осыдан бірнеше жыл бұрын Осло билігі қоқысты бөлек жинауға арналған қосымша контейнерлерді орнатудың орнына басқа тәсілді ойлап тапты. Енді біздің дүкендерде түрлі-түсті қоқыс пакеттері тегін таратылады. Мысалы, тамақ қалдықтарын жасыл пакетке, пластикті көк пакетке, ал сұрыпталмаған қалдықтарды қара пакетке жинаймыз. Сондай-ақ, пластик санын азайту, экологиялық киім санын арттыру және тағы да басқа шаралар да күн тәртібінен алынған жоқ. Былтыр Үкімет өзінің жаңа циклды стратегиясын ұсынды. Онда 2030 жылға дейін тамақ қалдықтарын екі есе азайту қарастырылған. Әрине, бұл да артық шығын, бірақ біз адамдардың еріншектігін ескеруіміз керек. Бәлкім, алдағы уақытта тағы да жаңа тиімді тәсілдер қарастырылады, біз мұны жоққа шығара алмаймыз”, – деп сөзін аяқтады ол.

Әңгімелескен Мұхтар Жәмішжанов

Comments are closed.