Іле фильмі

“Экологиялық катастрофа”: Іле өзені туралы деректі фильм шықты

0
714

«Экспресс К» редакциясының Oila деректі фильмдер бөлімі Іле өзенінің проблемасын көрсететін деректі фильм түсірді. Экологиялық катастрофа туралы фильм Youtube желісінде бар. Фильм режиссеры Ғибрат Бақаев. Туындыда Іле өзенінің таяздануы, ластануы және басқа да бүгінгі хәлі көрсетіледі. Фильмде жақын маңдағы ауылдардың қарапайым тұрғындары сөйлейді, олар бұрын Балқашты 80% тұщы сумен қамтамасыз еткен Іле өзенінің бүгінгі мүшкіл халін айтады.

Іле – Балқашты қоректендіретін өзен және негізгі артерия. Қазақстанның біраз халқы үшін Іленің таяздануы таныс емес және ауылы алыс құбылыс болса, жергілікті тұрғындар үшін бұл – көп жылдар бойы көз алдында болып жатқан апат. Бүгінде жергілікті халық Іле өзеніндегі таяздануға байланысты шаруашылықта қиналып отыр. Олардың айтуынша, су қоймасының ластануынан жануарлар да зардап шегіп келеді.

Деректі фильм туралы эколог Сәкен Ділдахмет те жазып, барша қазақстандықтарға оны көруге ұсынды.

“Іле өзені туралы фильмді көрдім. Oila ұжымы Балқаштың жай-күйі туралы өте қызық деректі фильм түсіріпті. Мен де Балқаш көлінің тайыздануы туралы пост жазып жүр едім. Видеодан өзіме таныс жерлерді көрдім. Себебі мен онда жиі боламын. Әсіресе, Іле-Балқаш өңірінде. Фильмдегі кейіпкерлер айтып отырған жағдай да маған өте таныс”, – деп жазды эколог Сәкен Ділдахмет өзінің Facebook-тегі парақшасында.

Экологтың айтуынша, ол Алтынемелге барғанда Іле бойынан көп қоқыс бар екенін байқаған. Көбіне Қытай жағынан. Ұлттық саябақтың қызметкерлері өлі қытай солдатының денесін өзеннен тауып алған кезі де болған екен.

“Іленің лас суынан адамдар ғана емес, жануарлар да зардап шегеді. Балқаш өңірі флора мен фаунаға бай. Құландар, қарақұйрықтар және олардың басқа да “Қызыл кітапқа” енген түрлері мекендейді. Жақында жолбарысты қайта жерсіндіру жоспарланып отыр. Ал бұл маңда экологияның бүкіл тізбегі суға байланысты. Су таза болуы керек. Деректі фильмді көріп, адамдардың айтқанын тыңдаңыз. Ал мемлекеттік органдар су қоймасын тазарту шараларын қолға алуы керек”, – деп жазды Сәкен Ділдахмет.

Мамандардың айтуынша, Балқаш көлінің деңгейі 2,8 метр төмендеген. Ал жағалаудағы көлемі 11-12 километр жылжыған.

Фильмнің режиссеры әрі сценарисі Ғибрат Бақаев табиғат және адам, экология тақырыбында деректі фильмді бұрын да түсірген. Ал Балқаш туралы көптен естіп жүріп, бірақ ол туралы фильм түсіруге біраз дайындалыпты. Өзінің айтуынша, жұмысқа кіріспес бұрын өзен туралы біраз ғылыми әрі ресми деректерді ақтарған.

“Түсіруге шамамен 2 ай дайындалдық. Себебі түсіретін жеріміз шекара аумағы еді. Ол үшін Қытаймен шекарадан рұқсат алуымыз қажет болды. Арнайы рұқсатты алған соң Іленің жоғарғы жағына барып, 9 күн түсірдік. Кейін Қапшағайға келдік. Қапшағай көлдің орта жағы деуге болады. Одан соң Іленің төменгі жағына, Балқаш жақа ат басын бұрдық. Осылайша жалпы түсірілімге 20 күнімізді арнадық”, – деді режиссер Ғибрат Бақаев.

Туындының авторлары “Ілеге қауіп төніп тұр” деректі фильмі тек өзеннің экологиялық қиын жағдайын емес, ол адамның табиғатқа және өзінің сүйікті ісіне деген махаббатын көрсетеді деп есептейді.

Бұл мақала Орталық Азияның Еуразия Қоры Chevron компаниясымен серіктестікте жасаған Qolda жедел көмек жобасы аясында әзірленді. Мақала авторының пікірі Chevron компаниясының және Орталық Азияның Еуразия қорының көзқарасымен сәйкес келмеуі мүмкін.

Comments are closed.