киіктер

Шолу: Ақбөкенге тұрғындар неліктен наразы?

0
1356

​​Ecoinfo.kz сайты кейінгі кезде ақбөкенге қатысты болып жатқан жағдайларға шолу жасады.

“Киіктер шабындықты таптайды”

Қазақстанда бөкеннің Бетпақдала, Үстірт және Орал деп аталатын үш популяциясы бар. Саны жөнінен ең көбі Оралда. Еділ-Жайық арасында киіктің 80%-і мекендейтін көрінеді. Киіктер көбіне Жәнібек, Казталов аудандары маңында шоғырланған.

Жергілікті шаруалар, нақты айтқанда Жаңақала, Казталов, Орда және Жәнібек аудандарының шаруа иелері киіктерден қорлық көргенін айтып биыл да шырылдап отыр. Олардың айтуынша, ақбөкен қожалықтардың шабындығын таптап тастайды екен. Содан шаруалар киіктерді өз жерінен айдауға тырысады.

Ақбөкен санының көбейіп жатқаны қуанышты жағдай. Дегенмен олардың шаруашылыққа осындай кедергісі болып жатыр екен. Кесірінен шаруалар мал баға алмай отырғанын айтты.

“Табиғатқа қарсы емеспіз, болсын. Бірақ әрнәрсе мөлшерінен тыс көбейсе, зияны тиеді. Былтыр қуаңшылық болды, одан киіктер шөпті таптады. Сонымен біз шөп дайындай алмаймыз. Үкіметтен көмек сұраймыз”, – деді шаруа қожалығының басшысы Алик Досқалиев Қазақстан телеарнасындағы сюжетте.

Сонымен қатар шаруалар киік ауру таратады, салдарынан мал қырылады деп отыр. Олар киікті азайту керек екенін немесе әр шаруаға шығынын төлеу керек екенін айтты.

Ал ғалымдардың айтуынша, киікті басқа өңірге көшіру мүмкін емес. Тіпті айдап салғанның өзінде олар өз жеріне қайта келеді. Ал Қазақстан заңы бойынша киікті атуға болмайды. Ол 2005 жылдан бері “Қызыл кітапқа” енген, ерекше қорғалады.

Мұндай мәселе бірінші рет болып отырған жоқ. Тіпті біраз жыл бұрын министрлік Бөкей Орда мемлекеттік табиғи резерватын және Ашөзек табиғи қорығын құруды жоспарлаған. Бірақ бұл жоспар орындалмағанын көріп отырмыз.

Министрлік жауабы

Ал Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігі Батыс Қазақстан облысындағы ақбөкендерге қатысты “Жағдайдың себебі әлі зерттелмеген” деген мәлімдеме жасады.

“Иә, киіктердің саны өсті, бірақ олардың малмен өзара іс-қимылы туралы нақты деректер жоқ. Сондықтан бұл жерде қандай да бір өтемақылар туралы мәселе әлі орынсыз, өйткені бізде киіктердің саны көп болған кезде олардың жайылымдарға әсері туралы зерттеулер әлі жасалмады”, – деді Қазақстандық биоалуантүрлілікті сақтау қауымдастығының (ҚБСА) қолданбалы биология орталығының директоры Сергей Львович Скляренко.

Оның айтуынша, қазір ғалымдар арнайы ғылыми зерттеулерсіз киіктердің Орал популяциясы санының өсуіне байланысты нақты ештеңе айта алмайды, өйткені объективті деректер жоқ. Киіктің саны бойынша деректер ғана бар, қазір есептеулер жүргізіліп жатыр. Дәлірек деректер мамырдың соңына дейін дайын болады.

Биыл Батыс Қазақстанда құрғақшылық байқалмайды. Бірақ кейінгі жылдары бұл аймақта мал жаю жүйесі өзгерді. Мысалы, Кеңес заманында жайылымдарды алмастыру болды. Қазір бұл схема бұзылған, жайылымдарды тиімсіз пайдалану жүріп жатыр. Қалыпты жайылым айналымының болмауына байланысты жем тапшылығы байқалады, әсіресе құрғақшылық жылдары. Бұл мәселені егжей-тегжейлі білу үшін арнайы ғылыми зерттеу жүргізу керек, – дейді ғалым.

Ол мұндай зерттеуді теориялық тұрғыдан бірнеше ай бойы, мысалы, осы жазда жүргізуге болатынын айтты.

“Менің білуімше, бүгінде “Охотзоопром” киіктердің популяциясын басқару бойынша іс – шаралар жоспарын дайындап жатыр, түрлі тәсілдер қарастырылып жатыр”, – деді сарапшы.

Еске сала кетейік, Қазақстанның биологиялық алуантүрлілікті сақтау қауымдастығы 4-19 мамыр күндері Қостанай мен Ақтөбе облыстарында киіктің Бетпақдала популяциясының, ал 5-21 мамыр күндері Батыс Қазақстан облысында Орал популяциясының төлдеріне санақ жүргізу үшін үш-үштен 6 волонтер керек екенін хабарлаған еді.

Батыс Қазақстан облысында 372 киік қырылып қалды

Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитеті 13 мамырда Жәнібек ауданының Тау ауылы маныңда 372 киіктің өлігі табылғанын хабарлады.

Ведомство мәліметінше, оқиға орнына қажет іс-шараларды жүргізу үшін шұғыл түрде Экология департаменті, Ауыл шаруашылығы министрлігі ветеринариялық бақылау және қадағалау комитетінің инспекциясы, ветеринария басқармасы, санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті және төтенше жағдайлар департаментінің қызметкерлері барған.

Киіктердің жаппай қырылу фактісі бойынша уәкілетті мемлекеттік органдармен жедел штабы құрылғаны хабарланды.

“Болжам бойынша киіктердің қырылу себептерінің бірі сол мекенде қолайсыз ауа райына (нөсерлі жауын мен найзағай) байланысты болуы мүмкін. Себебі киіктердің ұшасында найзағай разрядымен зақымдану іздері байқалады”, – делінген хабарламада.

Мұндай мәлімдемеге тұрғындардың кейбірі сенбейді. Олардың айтуынша, бұл ақпарат ақылға қонымсыз. Себебі өлкен киіктер бір-бірінен едәуір алыс жатыр. Олардың айтуынша, егер бәрі бір жерде өлсе, онда найзағай түсті дегенге сенуге болады.

Киік туралы деректер

Еске сала кетейік, 5 мамыр – Халықаралық ақбөкен күні. Осы күні Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігі қазақстандықтарды киіктің популяциясын сақтауға шақырды.

Киік таралымының 90% -тен астамы Қазақстанда мекендейді. Киіктің қазіргі заманғы жайылым аймағы еліміздегі он әкімшілік облыстың аумағын қамтып, тіпті Өзбекстан мен Ресей Федерациясының көршілес облыстарына да таралады.

Еліміздегі киіктердің саны әр жылдары өзгеріп отырды. Мәселен, ХХ ғасырда киіктердің ең көп саны 1970-ші жылдары – 510 мыңнан 1 млн. 200 мың дараққа дейін, ең аз саны – 1990-шы жылдары – 148-ден 976 мың дараққа дейін тіркелді. Содан кейін 10 жыл бойы, негізінен браконьерліктің нәтижесінде тұрақты төмендеу байқалды. ХХІ ғасырдың басында олардың саны едәуір төмендеп, 2003 жылы 21,1 мыңға жетті.

Қазіргі уақытта Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігі, Охотзоопром, Зоология институты қабылдаған қорғау шараларының арқасында киіктердің саны қалпына келе бастады. 2019 жылғы мәлімет бойынша ақбөкен саны – 334 400. 2020 жылы пандемияға байланысты есеп жүргізілген жоқ. Қазір есеп қайта жанданды және нәтижесі жыл соңында белгілі болады.

Киіктерді қорғау үшін Комитет, Ішкі істер министрлігі және Ұлттық қауіпсіздік комитеті жыл сайын браконьерлікпен күрес бойынша “киік” табиғатты қорғау акциясын өткізеді. Сонымен қатар Қазақстанда киіктерді, олардың бөліктері мен дериваттарын ғылыми мақсаттарда пайдаланудан басқа, пайдалануға тыйым салу 2023 жылға дейін ұзартылды. 

киік

Фото: Қазақстанның биологиялық алуантүрлілікті сақтау қауымдастығы

Естеріңізге сала кетейік, Президент Қасым-Жомарт Тоқаев киіктерді атқаны үшін жазаны қатаңдату қажет екенін айтқан. Елімізде браконьерлік үшін қылмыстық заңнама күшейтілді. Мәселен, Қылмыстық кодекстің 339-бабы киікті, оның бөліктерін немесе дериваттарын, оның ішінде киік мүйіздерін заңсыз олжалағаны, иемденгені, сақтағаны, өткізгені, әкелгені, әкеткені, жібергені, тасымалдағаны немесе жойғаны үшін мүлкі тәркіленіп, 3 жылдан 5 жылға дейін бас бостандығын шектеуді не одан айыруды көздейтін жаңа бөлікпен толықтырылды.

Comments are closed.