Экобелсенділер қоқыс өртейтін зауыт салуға үзілді-кесілді қарсы

Сарапшылар қоқыс өртегенде атмосфераға диоксиндер, фурандар, көміртегі диоксиді, азот оксиді, хлорсутегі және ауыр металл қосындылары тарайды деп отыр.
0
669
Қоқыс полигоны

Қазақстанның экология белсенділері қоқыс өртейтін зауыттар салуға қарсы. Олар бұл жоба дұрыс ойластырылмаған, қауіпті әрі шығыны көп деп есептейді.

“Азаттық радиосының” хабарлауынша, қоқыс өртейтін зауыттар жобасы Алматыда қоғам талқысына салынған. Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігі мұндай өнеркәсіп орындарын Алматыда, Нұр-Сұлтанда, Ақтөбеде, Өскеменде, Шымкентте және Қарағандыда салғалы отыр.

Қоғамдық тыңдауда спикерлер билік экологтар мен жергілікті тұрғындардың пікірін ескермей отырғанын мәлімдеді.

“Қоқыс өртеу — өте қауіпті процесс, біздегі қалдықтарды басқару жүйесі оларды полигонда және қоқыс өртейтін зауыттарда жағып жіберуді емес, қоқыс жинау мен өңдеу көлемін арттыруға көздеуі керек. Жүйе мынадай иерархияда болуға міндетті: әуелі қоршаған ортаның ластануына жол бермеу, қайтара қолданылатын барлық ресурсты жинау, өңдеу, содан кейін ғана, онда да өте қатал тәртіппен: мониторинг жасауға мүмкіндік болса, қоқыс құрамы жараса, жағып жіберу амалын қарастыру”, — дейді “Қазақстан Республикасының тұрақты дамуына жәрдемдесу” орталығының қалдықтар мен химия қауіпсіздігі бойынша жобалар департаментінің директоры Юлия Душкина.

Экобелсенділер келтірген мәлімет бойынша дүниежүзі тәжірибесі қоқыстың 80%-ы өңделетінін көрсетіп отыр. Қалдықтың бәрін бірдей, әсіресе, тағам қалдықтарын өртеуге болмайды. Қоқысты жаққаннан 40%-ға дейін улы күл мен қож түзіледі, оны сақтауға жаңа полигондар қажет болады.

Экологиялық құқық бойынша халықаралық сарапшы Вадим Ни қоқыс өртейтін зауыттар жобасында “сыбайлас жемқорлық элементтері” барын айтты. Ол зауыттарды қоғам мүшелерімен ақылдаспай салмау керек деген пікірде. Қоғамдық тыңдауға қатысқандар бұл жоба халық наразылығына себеп болады деген қауіп те айтты. Белсенділердің ойынша, үкімет бұл бастаманы жеке компаниялардың мүддесіне қарай көтеруі мүмкін.

“Бұл жобаны күмәнді схеманы бейтараптандыру ретінде тергеп, ол экономика жағынан да, техника жағынан да тиімсіз деген негіз бойынша сөзсіз тоқтату керек”, — дейді “Решимость и единство действий” қоғамдық қорының басшысы, “Қазақстан су арнасы” қауымдастығының мүшесі Александр Мандрыкин.

Спикерлер қоқыс өртейтін зауыттар жобасында қоғам мүддесі ескерілмегенін айтып отыр. Зауыт салынатын қалалардың халқымен ақылдасқан ешкім жоқ. Басқа елдердегі зауыттардың мәліметін алға тартқан белсенділердің айтуынша, қоқыс өртегенде атмосфераға диоксиндер, фурандар, көміртегі диоксиді, азот оксиді, хлорсутегі және ауыр металл қосындылары тарайды.

Қоғамдық тыңдауға Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігі өкілдері шақырылғанымен олардың ешқайсы пікір білдірмеді. Талқыға қатысқандар үкіметаралық комиссия құру қажет екенін айтып, Бас прокуратураға жобаны тексеру жөнінде өтініш жолдағалы отыр. Белсенділер қоқыс өртейтін зауыт салуды тоқтатуды және қоқыс өртеуді жасыл технология қатарынан шығаруды талап ететін қарар дайындаған.

Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігі 2021 жылы Қазақстанда қоқыс өртейтін зауыттар салуға аукцион өткізген. Waste2Energy серіктестігі аукцион жеңімпазы атанды. Алты қалада зауыт салуға 300 миллиард теңгеге дейін инвестиция жұмсалады. Нысандар 2025 жылдың аяғында жұмысын бастауы керек. Сарапшылар зауыттарды қолдау экономикаға 85 миллиард теңгедей салмақ салады деп отыр.

Comments are closed.