Қоқысты өртеу жақсы ма, жаман ба?

0
1570

Қазақстанда алты қоқыс өртейтін зауыт салмақ. Мұндай зауытты билік Алматыда, Нұр-Сұлтанда, Ақтөбеде, Шымкент пен Таразда салуды жоспарлап отыр.

Қазақстанның экологтары мен экобелсенділері елімізде қоқысты өртейтін зауыт салуға қарсы. Олар әлеуметтік желіде қозғалыс бастап, қоқысты неге өртемеу керек екенін айтып, наразылық танытып отыр. Экобелсенділер мен табиғатқа жанашыр мамандар қоқысты өртеудің зиян екенін айтып, оған бірнеше дәлел келтірді. Әрі қарай видеода айтылған ақпаратты жазып шықтық.

Қоқысты неліктен өртемеу керек?

Қоқысты өртейтін зауыт тура Жылу электр станциясы сияқты. Тек көмір мен газдың орнына қарапайым тұрмыс қалдығын қолданады. Иә, билік бізге мұндай зауытта сатылы тазалау жүйесі қарастырылғанын және айналаға тек таза түтін шығатынын айтып, уәде етіп жатыр.

Бірақ теория үнемі шындыққа жанаса бермейтінін ұмытпауымыз керек. “Теория тұрғысынан қауіпсіз” жоба іс жүзінде ауаны диоксин, фуран және тағы басқа ауыр металдармен ластайды. Сәйкесінше мұндай лас ауа өлімге де себеп болуы мүмкін.

Жарайды, зауыттар технологияға сай, дұрыс салынады деп елестетейік. Бірақ мұндай жағдайда да біз басқа проблемаға тап боламыз.

Біріншіден, өркениетті адамзат барлық материал қайта өңделіп, пайдаланылатын тұйық циклды экономикаға бет бұрған. Мұндай қағидада ресурстарды өндіру минимумға дейін қысқарып, барлық материал тұйық циклде қайта өңделеді. Ал қоқысты өртеу осы қағиданы бұзып, құнды ресурстарды жояды.

Екіншіден, біз жаңартылатын энергия көздері – жел, күн, өзендер мен толқын туралы жиі айтамыз. Ал қоқыс – жаңартылмайтын энергия көзі. Себебі оның жанғыш фракциясы (қағаз және пластик) мұнай, газ және ағаштан жасалған. Сол қоқысты өртеу арқылы энергия қуатын алу пешті мұнаймен жаққанмен бірдей.

Үшіншіден, энергияны көп қажет ететін фракциялар – қағаз бен пластик. Ал бұл екеуін қайта өңдеуге болады. Бұлар жақсы жанады әрі электр қуатын өндіру үшін қоқысты өртеуді тиімді етеді. Бірақ бұл екеуін алдын ала іріктеп алып, қайта өңдеуге жіберсек, онда қоқыс өзі жанбайды. Оған жануға қосымша отын керек болады.

Міне, барлық мәселе осында жатыр. Егер қоқысты өртейтін зауыттар ашылса, олар қайта өңдеумен бәсекеге түседі де, жақын уақытта халықты ресурстарсыз қалдырады.

Қоқысты өртеу қайталама шикізатты бөлек сұрыптауға және оны қайта өңдеуге кедергі келтіреді. Сонымен қатар ол қоқыс, қалдықтар мәселесі шешілгендей жалған жағдай жасайды. Бірақ біз дәл қазіргідей еш ойланбастан өндіруді және тұтынуды жалғастыра берсек, онда ресурстың бәрін қоқысқа айналдырып, оны өртей береміз. Сонда біз болашақ ұрпаққа не қалдырамыз?

Төртіншіден, қоқыс өртеу зауыттарын салу өте қымбатқа түседі. Құрылысқа 180 миллиард теңге қажет. Ал бұл ақшаға сұрыптау жүйесі бар, қоқыс өңдейтін ультразаманауи зауыттар салуға болады.

Айтпақшы, зауыт инвестициясы мен оның қызмет етуіне кететін қаржыны өтеу керек екенін, сонымен қатар зауытты 10 жыл уақыт алдын ала қоқыспен қамтамасыз ету керек екенін ұмытпайық. Бұл қоқыс өртеуді жақтайтын лоббистердің еліміздегі қалдықтарды қайта өңдеуді дамытуға кедергі келтіруіне әкеледі. Ал электр қуатын жеткізушілер тарифтерді көтеруге мәжбүр болады. Бұл халықтың қалтасына, елдің экономикасына айтарлықтай әсер етеді.

Бесіншіден, қоқысты өртеу полигондардан құтқармайды. Өйткені қоқысты өртегенде улы шлак бөлініп, қаупі бойынша үшінші кластық күл пайда болады. Ал сол күлді жинау үшін жаңа полигон немесе қауіпті қалдыққа арналған қоймалар керек болады.

Қоқысты өртеу – қалдықтарды пайдаланудың ең қымбат әрі экология жағынан тиімсіз технологиясы

Еуропа елдері мұндай зауыттарды жауып тастаған. Олар бұл технологияны ескірген деп есептейді. Ал Қытай қалдықты бөлек сұрыптауға қайтадан көшті.

Қазір біздің дамыған елдердің жасаған қатесін қайталамай, саналы шешім қабылдап, қалдықтарды дұрыс басқару жүйесін құруға мүмкіндігіміз бар.

Қуанышқа орай, қоқыс мәселесін шешудің жолы бар және ол қиын емес. Ұсынылып отырған іс-қимыл алгоритмін Біріккен ұлттар ұйымы әзірлеген және қазір дамыған елдерде қолданыста. Бұл туралы толығырақ оқу үшін біздің петициямызды оқыңыз. Біз қоқысты өртейтін зауыттарды салуға қарсы және оны қайта қарауды талап ететін петицияны бастадық.

Петицияға қол қою үшін мына сайтқа өтіңіз.
Бұл сізге де, бізге де, болашақ ұрпақ үшін де керек…

Comments are closed.