Қазақстан қоршаған ортаға салғырт қарайтын елдер қатарында

0
1255

Біріккен ұлттар ұйымының құрлықтағы экожүйені сақтау және қорғау рейтінгінде Қазақстан қоршаған ортаға салғырт қарайтын елдер ішінде ең соңғы орындардың бірінде – 113-орында. Рейтингте барлығы 166 ел аталады.

Тәжірибешіл экологтар қауымдастығының төрайымы Лаура Маликова бұл мәселенің басты себептері және шешу жолдары туралы журналистерге айтып берді. Сұхбаттан үзінді жариялап отырмыз.

Біріккен ұлттар ұйымының бұл рейтінгінде соңғы орында болуымызға не себеп?

Елімізде іс-әрекеттердің биоалуандыққа тигізетін әсері, биоалуандықты қорғау шаралары заң тұрғысында бекітілмеген еді. Жаңа Экологиялық кодексте осы биоалуандықты жобалау кезеңінен бастап қорғау, сақтау және оған келетін әсерді барынша төмендету бойынша біраз норма қабылданды. Осы жаңа Экологиялық кодекс 2021 жылдың 1 шілдесінде күшіне енеді.

Кейбір қорықтар мен табиғи жерлерде браконьерлік факттер болып жатады. Сосын біздегі өсімдіктердің жағдайын айта кету керек. “Қызыл кітапқа” енген өсімдіктердің жағдайы әлі де атүсті қаралып келеді. Бізде осындай мәселе көп. Бұл мәселенің шешілмей келуіне қаражаттың жеткілікті деңгейде бөлінбеуі де бір себеп.

Бір жағынан қаржының бәрін бюджеттен бөлу де міндетті емес. Экотуризмді дамыту арқылы да осы қаржының біраз бөлігін жабуға болады. Кейінгі кезде дүниежүзінде жабайы табиғатқа қызығулышық өсіп жатыр. Сондықтан осыны ескеріп, барынша биоалуандықты реттеуге, сайғақтардың популяциясын, құстар мен аңдарды, өсімдіктің түр-түрін сақтап қалу біздің басты әрекетіміз болуы керек.

Қазақстанның қоршаған ортаға салғырт қарауы қай салаға кері әсер етуі мүкін?

Қазақстан Біріккен Ұлттар ұйымының 30-ға жуық түрлі конвенциясына қол қойған. Оның ішінде құстар мекендейтін орындарды сақтап қалуға, биоалуандықты қорғауға қатысты келісімшарттар бар. Осы келісімшарттарға қол қойғандықтан оның барлық талабын орындауйымыз қажет.

Дамыған елдерде жеке компанияға деген сұраныс оның белгілі бір әрекетіне, рейтингіне қатысты қалыптасады. Мысалы, бір танымал компания айналаны ластап, қалдықты көбейтіп, қоршаған ортаға зиянын тигізіп жатса, халық та оның шығаратын өнімін тұтынудан бас тартады. Шеруге шығып, бойкот та жариялайды. Егер елімізде қоршаған ортаны таза ұстауға, жануарларды қорғауға қатысты шаралар қабылданбаса, Қазақстанның халықаралық ұйымдар алдындағы дәрежесіне, дүниежүзіндегі иммиджіне кері әсері болуы мүмкін. Сонымен қатар экология мәселесіне салғырт қарайтын компаниялардың да тұрғындар алдында дәрежесі түсе береді.

Comments are closed.