Финляндия тұрмыс қалдығын қалай өңдейді?
Kettik.bro экологиялық қозғалысы Финляндия мемлекеті тұрмыс қалдығын қалай өңдейтіні туралы жазды. Қозғалыс өкілдері Финляндияда оқитын қазақстандық Мадина Мұратовадан керек мәліметті сұрап, әлеуметтік желіде бөлісті.
Финляндия экология мәселесіне қалай қарайтыны туралы қысқаша мәлімет ұсынамыз.
Финляндия тұрмыс қалдығының 99%-ін қайта пайдаға асырады. Дәлірек айтқанда қоқыстың 41%-ін қайта өңдесе, 58%-ін электр қуаты мен жылуға қолданады.
Финляндияда әр үйдің ауласында бірнеше қоқыс контейнері тұрады. Тұрғындар сол жәшіктерге пластикті, шыныны, қағазды және темір құтылар мен басқа да заттарды бөліп салады. Органикалық қалдықтарды қарашірікке айналдырады. Кейде биогаз алуға да қолданады.
Ал макулатурадан (қағаз-картоннан) газет пен дәретхана қағазы жасалады. Картоннан бірреттік майлықты орайтын домалақ қатты қағазды жасайды.
Финляндияда тетрапакеттің ішіндегі фольга да қайта өңделеді. Шыны ыдыстар да, пластик пен металл да қайта өңдеуге жіберіледі.
Бұл елде сусынның бөтелкесіне қосымша ақы қосылады. Ал бөтелкені қайта өткізгенде сол сома клиентке кері қайтады. Шырынның және тағы басқа тағамның құтысын кез келген дүкендегі аппаратқа салып, өткізуге болады. Аппарат адамға ақшаның белгілі бір бөлігі қайтарылатыны туралы чек шығарып береді. Мысалы, екі пакет бөтелкені қайта өткізсеңіз, шамамен 8 еуро (4000 теңге) аласыз.
Финндер өзі кимейтін киімін қоқысқа лақтырмай, арнайы орындарға өткізеді. Сәйкесінше секонд-хенд те көп. Олар жарайтын киімдерді үнемі қабылдайды және халық та осындай дүкендерден керегін табады. Секонд-хендтен киіну финндер үшін ұят емес.
Финляндия тіпті желінбей қалған тамақты лақтырмаудың амалын қарастырады. Мысалы, ResQ және Fiksu жергілікті компаниялары дүкен мен кафелерге жетпеген тағамдарды жеткізумен айналысады. Осылайша тапсырыс берушілер тағамды 50% жеңілдікпен алады.
Финндер оқып болған кітабын арнайы дүкендерге апарып өткізеді. Сәйкесінше бұл дүкеннен келесі адам сол кітапты арзандау бағаға сатып ала алады. Бір жағынан тұрғындар қалдырған кітапты басқалар да оқиды. Екінші жағынан, кітаптар қоқыста шашылып жатпайды.