табиғат, орман

Ислам қоршаған ортаны таза ұстау жөнінде не дейді?

0
1164

Мұсылмандар үшін қасиетті Рамазан айында Исламдағы тазалық, табиғат және жануарды қорғау туралы айтылған амалдар мен парыздарды жинадық.

Ағаш егу

Ислам дінінде ағаш егу үлкен сауапты іс саналады. Мұхаммед пайғамбардың (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) көптеген хадистерінде бұл мәселе де қалыс қалмаған. Мысалы, мына хадисінде Пайғамбарымыз (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм):

“Кімде-кімнің қолында бір құрма ағашының көшеті (тал шыбығы) болса, соны қиямет қайым басталып кетсе де, дереу егіп үлгерсін”, – дейді.

Осы хадистен ағаш егудің өте маңызды іс екеніне көз жеткіземіз. Пайғамбар (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) бұны тек айтып қана қоймай, іс жүзінде де дәлелдей білген. Алла елшісі (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) Меккеден Мәдинаға көшіп келген кезінде Мәдинаның батпағын кетіру үшін айналдыра ағаш еккізгені белгілі.

Пайғамбардың (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) “Адамдардың ең жақсысы – басқаларға пайдасы тигені” дегенін де жадымыздан шығармаған жөн.

Тағы бір хадисте “Бір адам бір ағаш отырғызса, дәптеріне отырғызған ағашының жемісіндей сауап жазылады” дейді. Осы тұста мына бір ғибратты әңгімені мысалға келтірейік:

Аббаси халифаларынан Һарун Рашид бір қарт адамның кішкене жеміс ағашының көшетін (тал шыбығын) егіп жатқанын көріп, оған:

– Әке, сен ғой қартайдың. Егіп жатқан ағашыңның жемісін көре алмайсың. Онда неге бейнеттеніп жатырсың? – дейді.

Қарт былай деп жауап береді:

– Бізден бұрынғылар ағаш екті, жемісін біз жедік. Енді біз де ағаш егейік, ал жемісін бізден кейінгілер жесін, – дейді.

Бұл жауап Һарун Рашидке ұнап, қартқа бір уыс алтын береді. Қарт:

– Көрдің бе, балам?! Егіп жатқан көшеттің (тал шыбықтың) жемісін міне, мен де көрдім, –дейді.

Бұл сөзге Һарун Рашид одан сайын риза болып тағы да алтын береді.

– Басқа ағаштар жылына бір рет жеміс берсе, менің еккен ағашым жылына екі рет жеміс береді, – деген екен қарт.

Қазақтың “Атаңнан мал қалғанша, тал қалсын” деген сөзі де осыдан қалған.

Еккен ағашымызды адам ғана емес, жануар-жәндіктердің өзі пайдаланып жатса оларға біздің берген садақамыз болатынын Пайғамбарымыз (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) айтқан:

“Бір мұсылман бір ағаш отырғызса немесе бір нәрсе ексе және одан бір құс, бір адам немесе жануар жесе, ол адам үшін садақа болып есептеледі” деген.

Тазалық иманнан

Сонымен қатар табиғатты аялап, қоршаған ортаны таза ұстау да адам баласына жүктелген міндет. Өйткені ислам – адамзатты тазалыққа шақыратын дін. Құранда және Пайғамбарымыздың (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) көптеген хадистерінде тазалықтың маңызы жайында айтылған.

“Тазалық – иманның жартысы” деген хадис осының бір айғағы.

Пайғамбарымыз (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) адамдар жүретін жолдың үстіне, тынығатын көлеңкелерде, әсіресе жемісті ағаштардың түбінде дәрет сындыруға болмайтынын сахабаларға:

“Екі түрлі қарғыс арқалаудан сақ болыңдар!” дегенде, олар: “Екі қарғыс алушы дегеніңіз кім?” – деп сұрайды. Пайғамбар:

“Адамдар жүретін жолға немесе тынығатын көлеңкеге дәрет сындырушы” деген екен.

Негізінде мұсылман – бүлдіруші емес, бүтіндеуші, қиратушы емес, дұрыстаушы, зиян келтіруші емес, пайда әкелуші.

Табиғатты аялау

Алла тағала адамзатқа көптеген нығметтерді аманат қылып берген. Сол амантқа қиянат жасамау да мұсылманның бір сипаты болып саналады. Бұл нығметтердің бірі – табиғат. Табиғатты исі мұсылман баласы жанындай қорғаштай білу керек. Бір хадисте:

“Әңгімелессе, өтірік айтады. Уәделессе, уәдесінде тұрмайды және аманатқа қиянат жасайды” деп мұнафиқ, яғни екіжүзді адамның үш сипатының қатарына аманатқа қиянат жасайтынын да айтып өткен.

Сонымен қатар Алла тағала Құранда осы берілген шексіз нығметтердің о дүниеде сұрауы бар екенін ескертеді. Онда:

“Ырыс-дәулеттеріңнен (берілген нығметтерден) әлбетте сұраққа тартыласыңдар” деген.

Ал даналарымыздың “Судың да сұрауы бар” деуі осыған саяды.

Жан-жануар

Исламда аңшылық тақырыбы да қалыс қалмаған. Шариғатымызда еті желінетін жабайы аңдарға немесе еті желінбесе де терісі, жүні, мүйізі іске пайдаланылатын аңдарға аңшылық қылудың үкімі мубах деп аталады. Қасиетті Құранда Алла Тағала:

“Олар сенен не нәрсенің халал етілгенін сұрайды. “Сендерге таза нәрселер халал қылынды”, – де. Үйретіп, тәрбиелеген жыртқыштарды Алланың атын айтып аңға салсаңдар, сендер үшін ұстағандарын жеңдер” дейді.

Аңшылықты дінімізге сай атқаруды қалаған адам келесідей әдептерді білуге тиіс:

  • Аңға оқ атарда, үйретілген итті жіберерде “Бисмилләһ” деп айту шарт.
  • Аңшылықты сылтауратып жануарларды шектен тыс өлтіруге болмайды. Бұлай істеу табиғатқа зиян тигізіп қана қоймай, адам жүрегіндегі мейірімділіктің кетуіне алып келеді.
  • Ұсталған аң етінің желінуі адал болуы үшін аңшының мұсылман не кітап иелерінен болуы керек.
  • Аңға салатын ит үйретілген болуы тиіс. Үйретілген деп – аңды ұстағаннан кейін өзі жемей иесін күтіп тұратын, иесі шақырған уақытта қайтып келетін итке қатысты айтылады.
  • Аң жарақаттанғаннан кейін аңшы барғанынша өліп кетсе, бауыздамаса да, оның етін жеуге болады. Ал тірідей қолға түскен жағдайда, оны “Бисмилләһ” сөзін айтып бауыздау шарт.
  • Аңшылықта қолға түскен аң жарақаттан өлуі тиіс. Ал үйретілген ит немесе құс аңды ешбір жарақаттамастан ұрып, тұншықтырып, қорқытып өлтірсе, ол аңның еті желінбейді. Себебі аңшылықта жарақат – бауыздаудың үкіміне жүреді. Аң ешбір жарақатсыз, қан ақпастан өлсе, бауыздаусыз арам өлген болады.

Ысырап

Исламда өз ортасында оқ бойы озып, жоғарыдан көріну үшін асыра сілтеп, қарызданып, материалдық жағдайы көтермесе де, қымбат ас ішіп, бағалы да жағалы киімдерге, қымбат көліктерге әуестену – тәкаппарлыққа және ысырапшылдыққа жол ашады. Құран аятында:

“Жеңдер, ішіңдер және ысырап етпеңдер, Алла ысырап етушілерді жақсы көрмейді” деп ескертеді.

Мақала Muftyat.kz сайтының ресми ақпараты негізінде жазылды. 

Comments are closed.