Атыраулықтар “Табиғат” қорын құруды ұсынды

0
1705
ағаш

19 қаңтарда Экология, геология және табиғи ресурстар министрі Мағзұм Мырзағалиев азаматтарға жеке қабылдау өткізді.

Атырау облысының белсенді тұрғыны Жанат Есмағамбетова азаматтарды өз ауласында ағаш егуге көптеп тарту қажет екенін айтып, ұсыныс білдірді.

“Мен I топтағы мүгедек болсам да өткен жылы өз ауламда 57 ағаш ектім. Біздің тұрғын үйде 80 пәтер бар. Оларды да қолдауға шақырдым. Ерекше балаларды осы іске араластырдым, олар өз есімі ілінген көшеттерді екті. Әлеуметтік роликтер түсірдік. Ағартушылық бағыттағы видеоларды көбірек дайындау қажет. Әйтпесе аулаға егілген ағаштарға жұрт киімдерін жайып тастап, зиян тигізіп жатыр. Осындай шараларды қаланың басқа да тұрғындары өткізгенін қалаймыз. Осы ретте “Табиғат” деп аталатын қор құруды ұсынамыз”, – деді қала тұрғыны.

Министр Мағзұм Мырзағалиев бұл бағыттағы жұмыстарды қолдайтынын, ағаштарға зиян келтіруге қатысты Заң қатайып жатқанын жеткізді.

“Ағашты заңсыз кесуге, көшет егуге қатысты түсіндіру, ағарту жұмыстарын көбейтуіміз керек. Бірлесе жұмыс істеуіміз қажет. Өткен жылдың соңында заңсыз ағаш кесуге қатысты Заңға нормалар енгізіліп, жаза күшейді. Оның үстіне Президентіміз қыркүйектегі Жолдауында 5 жылда орман алқабында 2 миллиард, елді мекендерде 15 миллион ағаш егуге тапсырма берген. Әр облыс үшін жеке жоспар әзірледік. Атырауда әуелі Жайық өзені айналасын қамтимыз”, – деді Мағзұм Мырзағалиев.

Жеке қабылдауға жазылған Атырау облысының тұрғыны, дәрігер Гүлнар Талманова клиникалық экология орталығын ашуға ұсыныс берді. Министр елімізде экология мен денсаулықтың арасындағы байланысты терең зерттеу қажет екенін атап өтті.

Ал Маңғыстау облысының тұрғындары металл қалдықтарға, Қызылорда облысы тұрғыны Аралбай Құзбақов эмиссиялық төлемдерге қатысты мәселелер көтерді.

Министр әр сұрақ бойынша тиісті басшыларға тапсырма берілетінін жеткізді.

Comments are closed.