Лаура Маликова

Лаура Маликова еліміздегі экопроблемаларды атап, шешім ұсынды

0
1445

Тәжірибешіл экологтар қауымдастығының төрайымы Лаура Маликова Қазақстандағы ең маңызды экологиялық проблемаларды атап өтті. Ecoinfo.kz сайты Лаура Маликова айтқан мәселелерді жазып алып, оқырманға ұсынады. Экологтың сөзінше, еліміздегі қоршаған ортаға қатысты проблемалардың ең маңыздысы – ауа ластануы.

– Мемлекет тарапынан экологияға, қоршаған ортаға деген көзқарас қандай?

– Мемлекет бізді естиді. 2017 жылы біз Елбасыға Экология министрлігін қайта құру керек екенін айттық. Екі жылдай уақыттан соң 2019 жылы Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігі құрылды. Тағы екі жылдай жаңа Экологиялық кодексті құрастырып, соны шығардық. Осындай нәтижелерге қарамастан Қазақстанда экологиялық проблема көп.

– Дәл қазір Қазақстанда қай мәселе экология жағынан өте өзекті болып тұр?

Ауа ластануы

– Біріншісі – ауаның ластануы. Елімізде ауаның ластануы қоршаған ортаны қорғауға бөлінген қаражат көлемімен анықталады. Біз бұрын ауаның қаншалық ластанып жатқанын мұндай жолмен өлшемеу керек екенін айтқан едік. Оның орнына мұндай мәселені басқа критерий бойынша анықтау қажет. Мысалы, қоршаған орта физикалық жағынан қаншалықты аз ластанғанын анықтау арқылы. Денсаулық сақтау министрлігінің ақпаратына сүйенсек, барлық аурудың 60%-тен астамы тыныс алу жолдарының қабынуына байланысты екен.

Атырау, Алматы, Ақтөбе қалаларында ауаның ластануы жиі байқалады. 2019 жылдың соңында Ақтөбеде ауадағы хром концентрациясы көбеюі салдарынан онкологиялық аурулар көбейді. Осы проблеманың бәрі еліміздегі адам капиталының құртылып бара жатқанын білдіреді. Сонымен қатар мұндай жағдайлар “Әуелі экономика, сосын ғана саясат” деген принциптің де жұмыс істемейтінін көрсетіп отыр. Сондықтан біз еліміздегі экологилық проблемаларды, тиімділікті өңірлерде кең таралып жатқан ауруларды зерттеу арқылы анықтап, тануымыз керек. “Бірінші экономиканы түзеп аламыз, сосын адамдарды емдейміз” деген сценарий жұмыс істемейді.

Ауаға қатысты тағы бір мәселе – жеке өндіріс орындары коршаған ортаны ластамау үшін арнайы аппарат орнатуы. Жаңа экологиялық кодексте жеке зауыт-фабрикаларға қойылатын талап бар. Бірақ мұның өзі проблеманы шешпейді, ауа сапасын жақсартпайды. Себебі өндіріс орны арнайы құрылғы орнатқанымен ауаға бөлінетін зиян заттар азаймауы мүмкін. Мысалы, қазірдің өзінде біраз жеке кәсіпкер осы аппаратты орнатып қойып, проблема шешілгендей жүруі мүмкін. Сондықтан біз әуелі зиян заттарды қанша көлемде азайтқымыз келетінін белгілеп, нақты мақсатпен жұмыс істеуіміз керек.

Екіншіден, атмосфераға бөлінетін зиян қалдықтар көлемін анықтағанда жаңа тәсілдерді қолданғанымыз дұрыс. Ауадағы зиян заттардың бәріміз білетінін ғана емес, әлі де анықталмаған, зерттелмеген түрлеріне де талдау жасай алу керек.

Сонымен қатар ауа сапасын бақылауда да мәселе жетеді. Ауа концентрациясын анықтайтын, бақылап отыратын посттарды көбейтуге тура келеді. Себебі мұндай тәсілді сонау 2016 жылы бастаса да, арнайы посттар әлі де аз. Пандемия кезінде ғалымдар зерттеу жасап, коронавирус ауадағы зиян қалдықтар арқылы да тарайтынын айтып жатты. Ал Алматы – коронавирус көп тарап жатқан қаланың бірі, оның үстіне көбіне қызыл аймаққа түсіп қалады. Бұл дегеніміз – ауа сапасының көңіл көншітерліктей болмауы түрлі ауру тарауына әсер етіп жатыр деген сөз.

Ауа сапасын бақылауда дамыған елдерде қолданатын AQI (ауа сапасының индексі) жүйесіне өткен де жөн. Бұл жүйе ауаға қатысты мәліметті қарапайым тұрғындарға қолжетімді етеді әрі халықаралық ұйымдар алдында жалпы стандартқа сай болуымызға көмектеседі.

Тағы оқыңыз: Алматының тұмшасын қалай кетіруге болады?

Табиғи ресурстардың сарқылуы

– Қазақстандағы экологиялық проблеманың бірі – табиғи ресурстардың таусылуы. Соның ішінде әсіресе трансшекаралық өзендердің сарқылуы алаңдатады. Мысалы, Орал өзенінің көлемі 2,5 есе азайып кеткен. Іле өзенінің де тартылуы байқалады. Осының бәрі аграрлық өнеркәсіпке жоспарланған мемлекеттік бағдарламалардың ешқайсы жарамай қалуы мүмкін екенін көрсетіп отыр. Себебі ресурс жетпей қалуы да мүмкін. Мұндай проблема болмауы үшін экономиканың әр саласына су ресурсын дұрыс қолдану туралы инвентаризация әзірлеу керек. Сонымен бірге табиғи ресурстар туралы ақпаратты ашық жариялап отыру қажет.

Тағы айта кететін жайт – ел ішінде суды ретсіз қолданып кетпеудің алдын алуымыз керек. Мұны көршілес елдермен келіссөз жүргізу арқылы жүзеге асыруға тура келеді.

Утилизациялық шығын

– 2016 жылы елімізде түрлі өндіріс орындарына байланысты ереже бекітілген. Ол бойынша қай ұйым қоршаған ортаны қаншалық ластайды, сонша қаражат төлейді. Былайша айтқанда өнеркәсіп иесі өзі шығарған қалдықты қайта өңдеуге ақша бөледі. Осы ережеге қатысты шикілік бар. Мысалы, біреу көлігімен екінші автомобильді соқса, утилизациялық алымға 2 миллиондай төлеуі мүмкін. Себебі утилизациялық шығын Айлық есептік көрсеткішпен есептеледі әрі ол жыл сайын көтеріліп отырады. Негізі осы ереже экологиялық мәселелердің алдын алу үшін бекітілген еді. Бірақ нәтижесінде қарапайым халық шығындалып, өзі қалаған автомобильді сатып ала алмайтындай жағдайға жетіп отыр. Осы ретте утилизациялық алым көлемін қайта қарастырған абзал.

Қалдықты қайта өңдеу

– Еліміздегі тағы бір экологиялық проблема – тұрмыс қалдығын жинау, қайта өңдеу. Қайта қазір әр тауардың қорабын, қағазын бөліп жинап, өңдейтіндей жағдай туды . Бірақ жалпы қалдықты қайта өңдеу саласында өсу жоқ. Кейінгі деректерге сүйенсек, жалпы қалдықтың қазір 12%-ке жуығы ғана жиналады екен. Бұл ретте жеке өнеркәсіптерге өз жүйесін құруға мұрша беру керек. Әрқайсы өз өнімінің қалдығын жинап, қайта өңдесін. Осындай шара арқылы тұрмыс қалдығын сұрыптауды, қайта өңдеуді жиілете аламыз деп ойлаймын.

Еуропа елдерінің тәжірибесіне сүйенсек, ол жақта қалдықты жинағаны үшін әр тұрғынға бонус қарастырылған. Қарапайым халық пластикті, бөтелкені арнайы фандоматтарға салып, сусынды сатып алған қаражаттың белгілі бір бөлігін қайтара алады. Осындай жүйені бізге де енгізу керек, әсіресе ірі мегаполистерге.

Тағы оқыңыз: Алматыда алғаш рет пластик бөтелке өткізетін фандомат ашылды

Электр сымы

– Биыл қабылданған Экологиялық кодексте электр сымына (кабель) қатысты ереже енгізіпті. Кодексті шығарғандар электр сымының экологиялық түрі бар екенін алға тартады және сол үшін кабельге де утилизациялық алым енгізгісі келеді. Бірақ біз – экологтар кабельдің эко түрі болмайтынын білеміз. Егер мұндай ережемен кете берсек, құрылысқа жұмсалатын қаражат көлемі ұлғая береді. Себебі электр сымын көбіне салынып жатқан мемлекеттік ғимараттарға пайдаланады. Сондықтан мұндай ережені жою керек деп есептеймін.

Қоқысты өртейтін зауыт

– Билік еліміздегі алты қалада қоқыс полигонын азайту үшін қалдықтарды өртейтін зауыт салмақ. Осы орайда Шымкент, Тараз, Ақтөбе және Атырау қалаларына мұндай жүйе қажет емес екенін айтқым келеді. Себебі осы өңірлерде әлі де қалдықтар сұрыпталмайды. Оның үстіне қоқыс өртейтін зауыттан ауаға зиян заттар бөлінетін болса, экологиялық проблеманы бұлай шеше алмаймыз. Себебі қазір атмосфераға тікелей өртегеннен бөлінетін диоксин туралы көп айтылып жүр. Биліктегілер қоқыс өртеу зауытын салуға қатысты шешімді қайта қарауы керек деп есептеймін. Егер диоксинге қатысты нақты деректер, шешу жолдары болса, оны ашық айтсын, халыққа түсіндірсін.

Тағы оқыңыз: Қоқысты өртеу жақсы ма, жаман ба?

Көктемгі аңшылық

– 2016 жылы көктемде аңшылыққа шығуға тыйым салды. Ал биыл осы норманың күші жойылып, енді адамдар көктемде аң аулауға шыға береді. Ал көктем жан-жануардың, аң-құстың төлдеп, көбейетін шағы екенін білеміз. Осы себепті көктемде аңшылыққа шығуға қатаң тыйым салу керек деп есептеймін.

Жануарлардың еркін көбеюіне мұрша беруіміз керек. Сонымен бірге қазір аңның өзін түр-түсіне, мүйізіне қарай таңдап, атып алатын трофей аңшылығы деген бар. Біз, Тәжірибешіл экологтар қауымдастығы мұндай аңшылыққа қарсымыз, тыйым салу керек деп санаймыз.

Экотуризм

– Қазір Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігі экотуризмді дамытқысы келеді. Бірақ экотуризмнің не екенін министрліктегілер әлі де түсінбей жатқанын байқаймыз. Экотуризмді дамыту үшін жалпыға ортақ ереже мен нормалар, стандарттар міндетті түрде керек. Туризмнің бұл түрін дамытудан бұрын оны нақты анықтап, қалай болуы керек екенін белгілеп алған жөн.

– Әңгімеңізге рақмет!

Comments are closed.