Smog Free Tower мұнарасы

Алматының тұмшасын қалай кетіруге болады?

0
897

Нархоз университетінің профессоры Жанар Молдағазиева Алматыны тұмшадан тазарту үшін 8 метрлік Smog Free Tower мұнарасын орнатуды ұсынады деп хабарлайды Zakon.kz. Жанар Молдағазиеваның айтуынша, қазір мұндай құрылғылар Қытайда белсенді түрде сынақтан өтіп жатыр.

Smog Free Tower – сағатына 30 мың текше метрдегі ауаны фильтрлейтін 8 метрлік мұнара. 1700 ватт электр энергиясын тұтынады. Шамамен 133 мың доллар тұрады.

“Меніңше, мұндай мұнараны Алматыдағы ауа ең көп ластанатын жерге, мысалы, Мұратбаев және Шевченко көшесінің қиылысындағы Жылу электр станциясының жанына орнатса, жақсы болар еді. Әуелі тек біреуін орнатып, қалай жұмыс істейтінін, қандай нәтиже беретінін көруіміз керек. Әйтпесе бізде бір затты қымбатқа сатып алады да, сосын оны музей экспонаты сияқты сақтап, қолданбайды. Белгілі бір бөлшектері жоқ деп сылтауратады”, – деп атап өтті Жанар Молдағазиева.

Сонымен қатар Narxoz профессоры экологиялық жағдайды жақсарту мақсатында қала әкімдігі мен тұрғындарын павловния ағашын өсіруге шақырады. Оның айтуынша, павловния ағашы ауадағы ауыр металдарды, қауіпті элементтерді жұтады. Жылына 5 метрге дейін өседі.

Сонымен қатар павловния ағашының сүрегі (ағаштың қабық астындағы қатты бөлігі) өте сапалы, әлемдік нарықта жоғары сұраныста. Павловния омарташылар мен бағбандар арасында танымал. Себебі ол – топырақты тозаңдандыратын жәндіктерді тартатын балды өсімдік. Зиянкес жәндіктерден құртылмайды, мұндайға төзімді. Биоотын ретінде де сапасы жақсы, жану тиімділігі – 96%.

Павловния салқын жерде де, өте ыстық климатта да өсе алады. Тұқымның жалғыз кемшілігі – алғашқы екі-үш жылда ол мол суаруды қажет етеді.

“Бірнеше жыл бұрын Қызылордада павловния отырғызылды. Бірақ бағбандар дұрыс күтім жасай алмай, ағаш босқа қурады. Жас ағаш онсыз да алғашқы екі жылда көп суды қажет етеді. Бірақ қызылордалықтар мұны ескерген жоқ. Нәтижесінде ақша күлге айналды. Экономика қазіргідей құлдырап тұрған кезде мұндай ағашты сату, егу жақсы юизнес болар еді”, – деп түсіндірді Жанар Молдагазиева.

Comments are closed.