Recycle birge

Recycle birge: Айналамызды жақсы жақа өзгертуге деген құлшыныс бізді біріктірді

0
1890

Recycle birge Қазақстандағы алғашқы экологиялық қозғалыстардың бірі. Мұндай ерікті ұйымды 2018 жылы Әлия Сәлменова, Пәкизат Сайлаубекова, Бану-Ақкүміс Құспанова және Зәуре Алдабергенова құрған. Бүгінде Recycle birge Алматы мен Нұр-Cұлтандағы экологтар мен табиғат жанашырлары арасында танымал.

Бұл ұйымның ең алғаш ұйымдастырған экосенбілігі 2018 жылы 23 маусымда болды. Аз адам қатысса да, ұйымдастырушылар жиналған қоқысты сұрыптап, оны қайта өңдеуге өткізген. Содан бері атқарылған жұмыстың санында есеп жоқ. Сенбілік, эконауқан, тренинг, дәрістер, тұрғындарды ақпараттандыру, экологиялық таза өмір сүруді насихаттау және ең бастысы қалдықтарды қайта өңдеуге талпыну – осы қозғалыстың негізгі жұмысы.

Ecoinfo.kz сайты Recycle birge экологиялық қозғалысының өкілдерімен әңгімелесіп, ұйым жұмысы туралы толығырақ білді.

– Қателеспесем, Recycle birge – ешкімнің қаржылай қолдауынсыз жүзеге асып келе жатқан экологиялық қозғалыс. Мұндай ұйымды кімдермен құрдыңыздар және осы қадамға не түрткі болды?

Әлия Сәлменова: Иә, айтып отырғаныңыз рас. Біздің Greenup.kz қорымыз және Recycle Birge жобамыз қаржы жағынан тәуелсіз. Демеушіміз немесе инвесторымыз жоқ. Мемлекеттен немесе қандай да бір компаниядан ақша алмаймыз. Біз коммерциялық клиенттерге ақылы қызмет ұсынып, тапқан табысымызды қоғамдық экосенбіліктерді және басқа іс-шараларды өткізуге жұмсаймыз. Қордың бүкіл жұмыс кезеңінде тек екі грантқа ие болдық. Екеуі де нақты жобаларға арналған және жалпы жұмыс шығынын өтемеген.

Бастапқыда Зәуре, Пәкизат, Бану-Ақкүміс және мен – төртеуіміз Recycle Birge қозғалысын құрған кезде ешқандай коммерциялық қызығушылық болмады, ақша табуды көздемедік. Біздің негізгі мақсатымыз қаламыздың экологиялық қоғамдастығының дамуына үлес қосу болды. Осы мақсат жолында тұрмыс қалдығын бөлек жинауды және кез келген затты дұрыс тұтынуды, қайта өңдеуді насихаттаймыз. Экосенбіліктер, лекциялар, семинарлар, мастер-кластар өткізіп, қоғамға экологиялық әдеттерді барынша енгізуге тырысамыз.

Мұндай қозғалысты бастауға, жүзеге асыруға ең әуелі өзімнің балаларым түрткі болды. Біздің кішкентай бүлдіршіндеріміз қауіпсіз, жасыл, таза, қалдығы өңделетін, зиянсыз қоршаған ортада өмір сүргенін қалаймын. Балаларым да экобелсенділерге қосылып, сенбілікке қатысады, қалдықты жинау, өңдеу туралы біледі.

Пәкизат Сайлаубекова: Біз осы экологиялық қозғалысымызды ойымызды, жақсы ниетімізді іске асыру үшін бастадық. Төртеуімізді қоршаған ортамызды және өзімізді жақсы жақа өзгертуге деген құлшыныс біріктірді. Күнделікті жасайтын әр қадамымызбен айналаны қалай жақсы жақа өзгертуге болатынын дәлелдеп, көрсетіп жүрміз. Қозғалысымызға міне, 3 жыл толып отыр. Мен осы уақыт бойы еркін түрде әрекет жасап, түрлі жобаны ұйымдастырып жүргенімізге өте қуаныштымын.

Recycle birge

– Алғашқыда неден бастадыңыздар?

Әлия Сәлменова: Recycle Birge жұмысын 2018 жылы сенбілік өткізуден бастады. Сенбілік өткізудегі мақсатымыз қайта өңделетін қалдықтарды жинап, нақты аумақты қоқыстан тазарту болды. Бірақ сол сенбілікті ұйымдастырып жүріп біздің қоғам әлі қоршаған ортаны қалай жақсартуға болатынынан хабарсыз екенін байқадық. Оның үстіне сол кезде біразы Қазақстанда қалдықты өңдейтін орындар бар екеніне және ол мүмкін нәрсе екеніне күмәнданды. Сондықтан біз адамдарға әуелі экологиялық әдеттерді, қалдықты бөліп сұрыптауды, бір рет пайдаланылатын заттардан бас тартуды үйретуіміз қажет деп шештік.

– Сіздерді қолдаушылар табылды ма? Мұндай идеяны адамдар түсінді ме?

Пәкизат Сайлаубекова: Әрине, басында қиындықтар болды. Ойымызды қабылдамаған, ісімізді түсінбеген адамдар да кездесті. Бірақ үш жыл өткен соң жағымды тенденцияға куә болып отырмыз. Экобелсенділер, табиғат жанашырлары көбейіп жатыр. Адамдар экологиялық проблемалар туралы көбірек айтып, шешімін де ұсына бастады. Қазір біз көбіне тұрғындардан моральдық әрі физикалық қолдауын сезінеміз. Адамдар сенбілікке шығып, қаланың тазалығына жиі атсалысатын болды, жобаларымызға көмектесетін еріктілер де біраз жиналды. Әлеуметтік желідегі парақшаларымызды да оқитындар көбейді.

Меніңше, қазір мұндай экологиялық қозғалысты кез келген адам қолдайды. Біреу сенбілікке шығады, екіншісі үйінде қоқысты сұрыптайды, тағы біреуі қаражат бөлуі мүмкін. Тіпті ештеңе істей алмағанның өзінде әлеуметтік желіде айтып, репост жасап отырады. Экобелсенділердің арасында жастар көп. Бұл ойымды біздің еріктілерге қарап айтып отырмын. Сонымен қатар қазір бұл тенденцияға оқушылар да қосылып жатыр.

Әлия Сәлменова: Бізді қолдайтын және ісімізге көмектесетін еріктілер, белсенділер қауымдастығымыз бар. Сол белсенді азаматтарға өте ризамыз. Оларсыз біздің ісіміз дәл қазіргідей нәтижеге жетпес пе еді. Сондықтан қоршаған ортаға жанашыр, экологиялық проблемаларға алаңдайтын адамдардың қолдауы өте маңызды, әжептеуір күш-қуат береді. Экоқауымдастықтар да күн санап көбейіп жатыр. Ең алғаш белсенділікті бастаған кезде 2-3 адам ғана едік. Ал қазір ізімізді басып келе жатқан адам саны 6 мыңға таяп қалды.

Recycle birge

– Қазір Recycle birge қандай істермен айналысып жатыр? Қалдықты жинау, өңдеу, сенбіліктер, лекциялар және тағы не бар?

Әлия Сәлменова: Бір жылдан асты пандемияға байланысты бұқаралық акциялар, экологиялық сенбіліктер сияқты ірі шараларды өткізу қиындады. Карантин кезінде 3-5 адамдық сенбіліктер өткіздік. Қазір ақырындап қатысушылардың санын бірте-бірте көбейтіп жатырмыз. Шынын айтқанда «Қашан бұрынғыдай 100-200 адамды сенбілікке жинайды екенбіз?» деп армандап жүрміз.

Карантин кезінде бірталай онлайн жұмыс істелінді. Дәрістер, вебинарлар мен тренингтер өткіздік. Олардың барлығы қоршаған ортаға жауапты болып өмір сүруді насихаттауға бағытталған. Бірнеше фасилитация бағдарламаларында тәлімгер болдық. Бұл – біз үшін үлкен құрмет. Біз үнемі жаңа білімге құмармыз және оны басқаларға бөлісуге дайынбыз. Сонымен қатар біз қазір қоқысты өртеуге қарсы петицияны насихаттау бойынша үлкен бір жұмысқа кірістік.

– Қандай адамдарға лекция оқып, ақпараттандырасыздар? Мысалы, бір коллектив сіздерді шақырып, экология туралы әңгімелеріңізді тыңдай ала ма?

Әлия Сәлменова: Біз бәріне көмектесуге дайынбыз, кез келген ұсынысқа қуанамыз. Жалғыз шартымыз – біздің шарамыз команданың немесе коллективтің қалауы бойынша ғана жүзеге асуға тиіс. Экобелсенділікте зорлық немесе прессинг болмауы керек. Адам өз қалауымен өзгеріске ұмтылмаса, оған «Сен қоршаған ортаға жанашыр бол, экологиялық әдеттерді біл» деп күшпен үйретсек, тек теріс нәтиже аламыз.

Біз дәрістерімізді мектептерде, университеттерде және коммерциялық компанияларда, қоғамдық ұйымдарда өткіземіз. Коммерциялық компаниялар үшін біздің қызметтеріміз ақылы, оқу орындары үшін ақысыз. Біз тегін дәрісті экологиялық қауымдастықтың дамуына қосқан үлесіміз деп санаймыз.

Бану-Ақкүміс Құспанова: Қазақстанда экобелсенді болып, қалдықсыз өмір сүруге болады. Бұл – әбден мүмкін нәрсе. Мен бұған сенімдімін. Мысал ретінде менің біраз танысымды айта аламын. Мүмкін біз айтарлықтай көп емес шығармыз, бірақ қазір 2-3 жыл бұрынғыдан көппіз. Оның үстіне қазір экологиялық шараларды ұйымдастырып, оған қатысу да бұрынғымен салыстырғанда жеңілірек. Себебі мұндай шараға мүмкіндік көп. Қазір экодүкен де көп. Тіпті Zero waste қадиғасымен құрылған “Пакетамнет” дүкені де бар.

Менің үйім бір бөлме емес, бір пәтер емес, қала да емес. Менің үйім – бүкіл әлем, жер шары. Мен үйімнің бір жерінде жағымсыз оқиға болып жатса, ол мені алаңдатады. Сондықтан мен үйім таза болуы үшін, мұнда жақсы атмосфера қалыптасуы үшін, ауасы таза болуы үшін барымды саламын. Табиғат қанша катастрофаны көрген. Содан кейін де қайта тірілген. Келешек ұрпақ та Жер ананы дәл қазіргідей жағдайға жеткізбейді деп үміттенемін. Мәселе – бүгінде, қазір болып жатқан оқиғаларда. Біз пайдаланатын заттардың қалдығы қоқыс полигонында өртеніп, басқа адамға зиянын тигізгенін қаламаймын.

Recycle birge

– Қазақстанда табиғатқа жанашыр адамдар көп пе? Сіздерді көбіне қандай адамдар біледі және қолдайды?

Зәуре Алдабергенова: Түрлі жобаны ұйымдастыру кезде көп адаммен жолықтық, таныстық. Бір байқағаным, біздің айтып жүрген дүниемізді, ұсынысымызды көбіне жастар түсінеді әрі дұрыс қабылдайды. 35 жастан асқан азаматтарға экологиялық проблемалар бәрімізге қатысты екенін айтып, түсіндіру қиын. Бірақ біздің айтқандарымыз ойымызды қабылдай алмаған адамдардың өзіне пайдалы болды деп сенемін. Себебі бізді қолдамаған адам ақпаратты басқа да жерден естиді, көреді. Бірнеше рет кезіккен соң түбінде қоршаған орта туралы ойлана бастайды. Әрине, елімізде экобелсенді азамат көп. Тіпті Бұқаралық ақпарат құралдары да экология тақырыбын жиі қозғайтын болды, осы бағытта ақпарат беретін блогерлер де біраз жиналды. Қазір кез келген грант бөлетін конкурстарда экология тақырыбына орын табылады. Жоғары оқу орындарында да экологиялық жобалар пайда болды.

Адамдар бізге күнде тұрмыс қалдығын қайда өткізуге болатыны туралы сұрап, жазады, хабарласады. Қазір бұрынғымен салыстырғанда бұл туралы ақпарат көп. Бірақ мегаполистен басқа аймақтарда қоқысты сұрыптауға қатысты шешілмеген нәрселер бар. Сондықтан бір қалада бар нәрсе, басқа бір аймақта жоқ. Осы себепті бұрыннан әр азамат кіріп, өзіне қажет ақпаратты ала алтындай сайт жасау ойымызда бар. Қазір осыны жүзеге асыру үшін еңбектеніп жатырмыз. Бұйырса, нәтижесін де көрерсіз.

Recycle birge

Әлия Сәлменова: Экобелсенді адамдардың саны күннен күнге өсіп келе жатыр. 2018 жылмен салыстырсақ, қазір экологиялық проблемалардың алдын алғысы келетін адамдар әлдеқайда көп. Мұны сенімді түрде айта аламыз. Біз бастаған кезде айналамыздағылар «Уақытты босқа өткізіп жатсыңдар» деп, проблемалардың маңызына сенбесе, қазір ересектер де, балалар да экологиялық қозғалыстарға қызығып, белгілі бір әрекеттер жасап жүр. Соның ішінде белсенділердің көбі – қыздар мен жас әйелдер.

Көп адам балалы болған кезде қауіпсіз орта мен экологиялық сана туралы ойлана бастайды. Балаларының болашақта қандай ортада өсетінін уайымдаған кезде олар қоқыстың көбеюі, ауа мен табиғат ластануы, бір рет қолданатын заттардың қаптап кетуі және тағы басқа проблемаларды көре бастайды. Сонымен қатар ересектердің экологиялық әдеттерге қызығуына пандемия өз үлесін қосты. Адам баласы табиғат, өз денсаулығы, қоршаған орта қаншалық нәзік, сезімтал екенін көрді. Адамзат өмір салтына, құндылықтарына басқаша қарап, көзқарасын өзгертті. Шынымен ойы өзгерген адамдар табиғатқа, жан-жануарға жанашыр бола бастады, қоқысты сұрыптап, затты да ойланып алатын болды.

Пәкизат Сайлаубекова: Біздің жұмыста маған қатты ұнайтыны – адамдар бізге түрлі ұсыныс пен тілек айтып келеді. Жобамыздағы барлық бағыт, бүкіл идея тұрғындар мен жеке компаниялардың ұсынысының арқасында жасалды. Жай жасап қоймай, креатив қосып, халықтың сұранысын қанағаттандыру үшін сапалы жұмыс істеуге тырысамыз. Әрдайым жаңа нәрсе үйренуге талпынып тұрамыз. Өзіміз ғана емес, біздің артымыздан ерген адамдармен бірге дамығымыз келеді.

– Сіздер үшін өте қуаныштымыз. Әңгімелеріңізге рақмет. Табыс тілейміз!

Recycle birge қозғалысының Instagram-дағы парақшасына мына жерден кіре аласыз. Кез келген сұрақ пен ұсыныс бойынша сонда жазуға болады.

Comments are closed.