Аңшылыққа мораторий жариялануы керек

0
729
жануар, аңшылық

Экология мәселесі әлемдік қауымдастықтың негізгі проблемаларының біріне айналып келеді. Кейінгі жылдары Қазақстанның да ресми мекемелері экологиялық бағыттағы жобаларға берілетін басымдықты күшейтіп жатыр. Солардың бірі – Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі, Азаматтық бастамаларды қолдау орталығының тапсырысы бойынша жүзеге асып жатқан “Қазақстандағы экожобаларды танымал ету және дамыту” жобасы.

Бұл жобаны жүзеге асырып жатқан “Отбасы хрестоматиясы” қоғамдық қоры елдегі ең маңызды деген экологиялық жобаларды жинап, оларға талдау жасады. Қазақстанда қазір түрлі деңгейде жұмыс істеп жатқан 200-ге жуық экологиялық ұйым бар екен. Оның көбі айналаны таза ұстау, қоқысты шашпау мәдениетін насихаттауға қатысты. Елдегі экологиялық жобалармен байланыс орнатылғаннан кейін олардың мемлекеттік органдарға, үкіметтік емес секторға және қарапайым қоғам өкілдеріне беретін ұсыныстары мен ескертпелері жинақталды. Соның негізінде “Отбасы хрестоматиясы” қоры 12 мекемеге түрлі ұсыныс айтып, хат жазды.

Мәселен, экологтардың пайымдауынша, бұл салада ілгерілеу болуы үшін мемлекеттік органдар тарапынан экологияға қатысты тапсырыстар, гранттар, жобалардың үлесі арта беруі керек. Тек министрліктер мен комитеттер ғана емес, жергілікті билік өкілдері де белсене араласуы керек. “Отбасы хрестоматиясы” қорының атынан Нұр-Сұлтан, Ақтөбе, Алматы сияқты бірнеше қала әкімдіктеріне экологиялық белсенділікті арттыру жөнінде ұсыныс тасталды. Сонымен қатар мемлекеттік мекемелер ғана емес, жалпы қоғам өкілдеріне айтылған бір ескертпе бар.

Бұл бойынша Қазақстанның экологиялық ұйымдарының ассоциациясына мына мәселе бойынша хат жазылды. Қазақстандағы экологиялық жобалардың бәрі орыс тілінде жасалады. Экологиялық семинарлар, лекциялар, мастер-класстардың көбінде орыс тілінде өтеді. Мұндай тіл шектеуімен экология мәселесінде прогресске жету қиын. Сондықтан экология саласындағы қазақша сөйлейтін ортамен жұмыс істеу, қазақ тілінде ақпарат тарату, интернетті қазақша контентпен толтыру мәселесіне күш жұмсалу керек.

Аталған жоба аясында жасалған ұсыныстардың келесі бір негізгісі – аңшылық туралы. Қазақстан – флорасы мен фаунасы жедел қарқынмен жұтаңданып келе жатқан елдердің бірі. Осындай жағдайда аңшылыққа біржола тыйым салынып, кемінде 10 жылға мораторий жариялануы қажет. Мұндай тәжірибе дүниежүзінде бар. Аңшылыққа мүлдем тыйым салынған ел саны жылдан жылға артып келеді. Экологтар жабайы тіршілік иелерін біржола жойып алмай тұрғанда қамдану қажет екенін айтады.

Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігіне қатысты ұсыныстардың тағы бірі – браконьерлер тарапынан жиі қолданылатын синтетикалық аудың жыры. Жыл сайын өзен-көлдерде, Каспий теңізінде мыңдаған балық, итбалық осы ауға түсіп қырылады.

Сонымен қатар экология мәселесі қозғалғанда ең әуелі сөз болатын пластик қалдығы да шет қалмады. Орман-таулар, көл жағалаулары осындай қоқыстан көз ашпай тұр. Мұны шешу үшін экологтар таудағы адамдар көп демалатын орындарға бейнекамералар орнатып, айыппұл тағайындауды ұсынады. Ал көлдерге, әсіресе Каспий теңізінде су бетіне жиналған қалдықты тазалап отыратын бригадалар құрылу қажет.

Осы және тағы біраз мәселені қамтыған ұсыныстар тиісті мекемелерге хатпен жіберілді. Оның біразы – уақыт күттірмейтін проблемалар. “Отбасы хрестоматиясы” қоры осы үрдісті жалғастырып, жыл сайын экологтар мен экобелсенділердің ұсынысын жинап, тиісті мекемелерге жеткізіп отыруды дәстүрге айналдырмақ.

Сәдуақас Кебекбай

Comments are closed.