Дала қырандары Аман, Айна және Сарыгүл Қазақстанға қайтып келді

0
1037
қыран құс

Қазақстан биоалуантүрлілікті сақтау ассоциациясы Қазақстандағы таңбаланған дала қырандары туралы ақпарат берді. Бүгінде таңбаланған Аман, Айна және Сарыгүл есімді үш қыран Сауд Арабия елінде қыстап шығып, Қазақстанға оралды.

Ассоциация 2021 жылдың аяғында олардың қыстау орнына жеткенін хабарлаған еді.

Биыл көктемде үш қыран Қазақстанға сәтті оралды. Құстарымыз ақпан айының 20-сында қоныс аудара бастады. Аман Иран, Түркменстан және Өзбекстанды ұшып өтіп, 3 наурызда Қазақстан  шекарасын Қызылорда облысы арқылы кесіп өтсе, Айна 20 наурызда келіп жетті. Сарыгүлдің таратқыш таңбасы 17 ақпаннан уақытша дерек беруді тоқтатқанымен қайта іске қосылды. Қазір құстардың Қарағанды облысында қалықтауын байқадық. Олар тап сол өңірде ұяларынан ұшып, 2018 жылы таратқыш таңбамен белгіленген еді. Таратқыш берген деректерге сүйенсек, құстар бұл маусымда ұяламаған, – деп хабарлады Қазақстан биоалуантүрлілікті сақтау ассоциациясы.

Дала қырандары алғаш рет 3-5 жаста ұя салады. Оған дейін ұялайтын жер, серіктес қарастырып жүреді. Кейде басқа жұп балапандарын азықтандыруға көмек береді. Мамандардың айтуынша, дала қырандары ұя салу аймағында да, қоныс аудару және қыстау кезінде де біраз қатерге кезігіп тұрады. Олар Қазақстанда жиі электр жеткізу желілеріне тоққа түсіп, мерт болады екен. Сонымен қатар жұмыртқасы мен салған ұясы далалық өрт қаупіне ұшырауы да ықтимал.

Қырандар ұшып өтетін елдерде де оларға қауіп бар. Мысалы, олар егістікті тыңайтатын және кеміргіштермен күресуде қолданылатын химиялық заттардан уланып қалады. Кейде браконьерлердің қолына түсіп жатады. Сол себепті қоныс аудару барысында дала қырандарының тіршілікке қабілеттілігінің аса төмендегені байқалады, – деді Қазақстан биоалуантүрлілікті сақтау ассоциациясы мамандары.

Comments are closed.