ақбөкен

Шолу: ақбөкен саны, оны атуға рұқсат беру және тағы басқа

0
1493

Қазақстанда ақбөкен саны қанша?

Қазақстан биоалуантүрлілікті сақтау ассоциациясы еліміздегі ақбөкен саны бойынша деректі жариялады. Санақ қорытындысы бойынша бөкеннің қазақстандық үш популяциясының саны 1 318 000 бас болды. Оның ішінде:

  • бетпақдала популяциясында — 489 000 бас;
  • орал популяциясында — 801 000 бас;
  • үстірт популяциясында — 28 000 бас.

Барлық популяцияда тұрақты өсім байқалып келеді. Бұған браконьерлікпен күрес және түрді заңнамалық тұрғыда қорғаудың күшеюі себеп болды. Жайлы климат жағдайы және орнықты қорғау қамы жасалғанда бөкен санының 35-40% жылдық өсуі – қалыпты жағдай. Бұл оның жоғары табиғи өнімділігінен, яғни ұрғашы бөкендер 8 айлығынан бастап 1-2 лақтан төлдейді, – деп хабарлады ассоциация өкілдері.

1 318 000 бас бөкеннің мүмкін боларлық ең аз және ең көп көрсеткішінің белгілі бір ортасы болып саналады. Санақ экстраполяция әдісі незігінде жүргізілді: бөкендер галсты тікұшақпен алдын-ала жоспарланған бағдармен шамамен 100-120 м. биіктікте саналды. Содан соң 1 шаршы километрге бас санын есептеп, шыққан цифр бүкіл есептелетін аймақ көлеміне көбейтілді. Әрине, болуы ықтимал олқылық есепке алынды. Айта кетейік, бұл популяцияның таралу аймағы орасан зор кезде қолданылатын ресми бекітілген әдіс.

Шамамен 200 сағатқа созылған әуе санағы 2022 жылдың сәуір айында Батыс Қазақстан, Ақтөбе, Маңғыстау, Қостанай, Қарағанды және Ақмола облыстарында жүргізілді. Санақты ҚР ЭГТРМ Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитетінің «Охотзоопром» ӨБ ұйымдастырды, жұмыстың ғылыми құрамын АСБК қызметкерлері атқарды.

Сонымен қатар мамыр айында ҚБСА қызметкерлері Ақтөбе, Батыс Қазақстан және Қостанай облыстарында, еліміздегі үш популяция мекенін қамти келе, ақбөкеннің жаппай төлдеуіне бақылау жүргізді. Нәтижесінде бетпақдала популяциясында шоғырланған ақбөкен топтары 35 000 бастан асты, Жайықта — 100 000 астам, Үстіртте шамамен 3000 бас саналды.

Үш популяцияны бақылау барысында есепші топтың әрқайсысымен 75-80  километрден астам қашықтық жаяу жүріліп қаралды. Жолшыбай олар 1200 аса жаңа туылған лақтарды кезіктіріп, әрбірінің жынысын, дене тұрқын, салмағын анықтады. Сонымен бірге, әрбір кездескен құралайдың ұяласын қарап, яғни жалғыз лақ, әлде егіз немесе үшеуден туылғанын айқындауға тырысты.

ҚБСА мамандарының байқауынша, төлдеу шыңы 11-14 мамыр аралығында әркелкі уақытта байқалды. Жайық және үстірт популяцияларында төлдеу жерлері былтырғымен сай келсе, бетпақдала популяциясында негізгі шоғырлар оңтүстік бөлігінде “Алтын-Дала” резерватында байқалды. Мамандардың айтуынша, 2022 жылы Қазақстанда бөкеннің жаппай төлдеуі ойдағыдай өтті.

Ақбөкенді атуға рұқсат берді ме?

Айта кетейік, бірер күн бұрын елімізде киікті атуға рұқсат берілуі мүмкін екені хабарланды. Оған себеп дала жануарлары  шаруалардың егінін таптап, кедергі келтіріп жатқанға ұқсайды. Мамандар әзірше киіктердің популяциясын реттеудің басқа жолын таба алмай отыр. Экология министрлігінің Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитеті жануарлар дүниесін пайдалануға рұқсат беру қағидаларына өзгерістер мен толықтырулар енгізілген бұйрық жобасын дайындады.

Елімізде киіктерді атуға рұқсат беруге арналған бұйрық жобасын шығарған кезде ақбөкен тіршілігіне алаңдайтын белсенділер наразылығын білдірді. Солардың бірі тәуелсіз экологиялық шолушы Сәкен Ділдахмет те киіктердің саны әлі тұрақтала қоймағанын айтып, бұйрықты қолдамайтынын жеткізді.

“Сәкен Сейфуллин жырлаған киіктердің жыры әлі шешілмеді”

Қазақтың ми даласына бишара киіктерді сыйдырмадық. Жерді оңды-солды берді. Не киік жайылатын жер, не қорадағы малдың жайылатын жері қалмады. Сондағы ауыл шаруашылығы осы ма? Жегені орыстікі. Талай ғасыр ғұмыр кешіп келген ақбөкендерді енді атпақ. Үкіметтің дәрменсіздігі, әкімдердің парақорлығы, министрлердің біліксіздігі мына қазақтың даласындағы бар жануардың түбіне жетіп тыңды. Сәкен Сейфуллин жырлаған киіктердің жыры әлі шешілмеді! – деп жазды Сәкен Ділдахмет.

Кейіннен ЭГТРМ Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитетінің нормативтік құқықтық актілерінің ашық деректер порталынан киік дериватын жинауға бұйрық жобасын пысықтау үшін қайтарып алды. Экология министрлігінің мәліметінше, жануарлар дүниесін мемлекеттік қорғауды ұйымдастыру, нақтылап айтсақ, киіктерді пайдалануды 2023 жылға дейін тыйым салудың нәтижесінде олардың жыл сайынғы орта саны 40% артып отырды.

2017 жылғы есеп бойынша киік басы 152 мың болса, 2022 жылы олардың саны 1,3 миллионға жетті. Дегенмен бұл жануарлардың республика бойынша оңтайлы саны 560-770 мың болуы керек екен. Әсіресе Батыс Қазақстан облысына ерекше назар аудару қажет. Онда киіктердің саны 801 мың басты құрайды. Бұл өңірде жайылымдар мен суаттар үшін ауыл шаруашылығы жануарлары мен киіктердің бәсекелестігі арта түскен. Сонымен қатар киіктер Бастыс Қазақстан, Ақмола және Қарағанды облыстарында егістіктерге де зиян келтіріп жатыр, – делінген комитет хабарламасында.

Ақбөкен мәселесі қашан шешіледі?

Қазір Зоология институтының мамандары биологиялық негіздеме дайындап жатыр. Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігі осы құжаттың қорытындысына қарай шешім қабылдайды.

Сырттан басқа адамдардың мүддесі болмайды деп сенемін. Ал институттың шешімінде мүдделерді лоббилеу болмайды. Институт мамандары қазір киіктерді ату мүмкін емес екенін жақсы біледі. Өйткені 1,3 миллион жеке тұлғалардың саны бізге оларды реттеуге құқық бермейді. Ең болмағанда оларды 3 миллионға жеткізу керек, – деп жазды Сәкен Ділдахмет.

Айта кетейік, киіктерді атуға тыйым салатын мораторий 2023 жылы аяқталады.

Бұл мақала Орталық Азияның Еуразия Қоры Chevron компаниясымен серіктестікте жасаған Qolda жедел көмек жобасы аясында әзірленді. Мақала авторының пікірі Chevron компаниясының және Орталық Азияның Еуразия қорының көзқарасымен сәйкес келмеуі мүмкін.

Comments are closed.