батарейкалар

“Адам жойылатын жағдай тумасын”. Алматы тұрғындары қауіпті қалдықты қайда тастайды?

"Сұрыпталған қалдықтарды қабылдайтын орындар туралы мәлімет білмейміз", – дейді Ecoinfo.kz сұхбаттасқан респонденттердің дені.
0
1253

Тұрмыс қалдықтарын сұрыптап жинауды жарамсыз боп қалған электр және электрон бұйым бөлшектері мен химиялық қоспасы бар өнімдерден бастаған дұрыс. Бұлар қоршаған орта мен адам денсаулығына қауіпті компоненттерден тұрады және сол себепті де басқа қалдықтармен бірге шығарылмауы керек. Алматы тұрғындары бұл туралы біле ме, үйдегі қоқысты сұрыптай ма? Ecoinfo.kz кездейсоқ респонденттерден жауап алды.

Әлқисса ретінде айта кетейік: тұрмыс пен кеңсеге қажет техника бөлшектерінің сынап, кадмий, қорғасын, қалайы, кобальт, литий, никель сияқты қауіпті заттары өзге қалдықтардан бөлек залалсыздандырылуы керек. Түрлі химикат пен қышқыл-ерітіндіден екібастан сақтанған жөн. Азаматтардан электр және электрон жабдықтарды, батареяларды, қыздыратын, газразрядты, ультракүлгін немесе инфрақызыл, доғатәрізді шамдарды, медицина термометрлерін, дәрі-дәрмек мен тұрмыстағы химиялық қосындысы бар кез келген өнімді қоқыс контейнеріне тастамай, қабылдау орындарына тапсыру талап етілетіні содан.

Біз сөйлескен азаматтардың дені мұндай қалдықтарды сұрыптау керек екенін білмейтін боп шықты, дегенмен қоқысты қайтара шикізат қылу не мүлдем жою туралы білетіндер мен соған қатысты қызық ұсыныс айтқандар қуантты.

Жұлдызай, 18 жаста:

– Тұрмыс қалдықтарын мүлдем сұрыптамайды екенмін. Бәрін бірге жинап, контейнерге апарып саламын. Батарейкаларды да қоқысқа тастаймын.

Эдмунд, 34 жаста:

– Батареяларды жиі қолданбаймын. Заряды таусылғандары үйде жатады. Тұрмыс техникасы бөлшектерін, химиялық қоспаларды, сілтілі-қышқылды заттарды, медицина бұйымдарын қабылдайтын орындар көп болғаны дұрыс. Келісіне 5-10 теңге беріп, адамдарды ынталандырса екен. Адамдарды тұрмыс қалдықтарын сұрыптауға қызықтыру керек.

Әлихан, 18 жаста:

– Тұрмыс қалдықтарын бірге жинап, үйдің жанындағы контейнерге саламын. Гүл сатумен айналысамын, оның қораптары болады, соларды ғана қайта өңдеуге жіберемін. Olx.kz-тен макулатураның келісін 80 теңгеден сатып алушыларды тауып, соларға беремін. Тұрмыс техникасы бұзылып қалса, жөндеп, сатып жіберемін. Кішкентай аккумуляторларды көп ауыстырмаймын, үйде оны қажет ететін заттарды сирек қолданамыз.

Бек, 74 жаста:

– Кейінгі кезде қоқысты мүмкіндігінше сұрыптауға тырысамыз. Бұрын бәрін бірге контейнерге тастайтынбыз. Қазір жолдасым көбіне пластик қалдықтарды арнайы орындарға апарып тапсырады. Электр шамдарын да арнайы дүкеннен сатып алып, істен шыққаннан кейін сонда қайтып апарып өткіземіз. Алматыда ондай дүкендер бар. Батареясы бар бұйымдарды қолданбайды екенбіз.

Нина, 32 жаста:

– Әр тұрғын үй кешенінде қоқысты сұрыптап салатын жәшіктер тұрса, адамдарға ыңғайлы болар еді. Ал қазіргідей қалдықты үйден сұрыптап, қаланың бір шетіне апарып тапсыру керек болса, тұрғындар мұны жаппай қолға алып, үйренісіп кетуі екіталай. Адамдар ондай жауапкершілікті сезіне қойған жоқ. Сонымен бірге халықты қалдықты сұрыптап жинауға ынталандыру керек, мысалы, екі пластик бөтелке тапсырған адамға бір шыны ыдыс сусын берілсе не басқалай жеңілдік жасалса, қоқыс сұрыптау ісі оңай жүреді. Әзірше еш мотивация жоқ. Өзім батарейка мен электроника бөлшектерін бір жерге жинап жүрмін, бір күні апарып тапсыруға болатын жер тапсам, сонда беріп құтыламын. Бұрын Мәскеуде тұрғанда утилизация пунктіне апаратынмын. Жұмысыма байланысты батарейканы өте көп қолдануыма тура келеді.

Сергей, 38 жаста:

– Қазір үйде сынапсыз, жарықдиодты шамдарды қолданамыз. Дегенмен олар да қауіпті емес деп айта алмаймын. Оларды тат басады, қышқылданады. Батарейкаларда да қышқыл болады. Мен олардың ұзаққа шыдайтын түрлерін аламын, аз қолдануға тырысамын, бірақ әзірше оларды басқа қалдықпен бірге қоқысқа тастап жүрмін. Себебі тұрғын үйімнің жанында оларды қабылдайтын орын жоқ. Бірақ мұндай қалдықтарды арнайы орынға тапсырған дұрыс дегенді қолдаймын. Ол үшін әуелі бұған халықты үйрету керек және электроника мен тұрмыс техникасы қалдықтарын жоюмен немесе оларды өнеркәсіпте қайта өңдеумен айналысатын ұйымдар өзін өзі көрсетіп, насихаттауы керек. Сол сияқты қоқыс сұрыптаумен айналысатын жұмысшылардың жалақысы көп болғаны дұрыс. Еуропада солай.

Рақымбек, 42 жаста:

– Үйде тұрмыс техникасы сынықтарын, мерзімі өткен дәрі-дәрмекті қоқысқа тастап жүрміз. Барлық қоқысты бірге шығарамыз. Пластигін, шынысын, металын, жуындысын бөлек жинауды ойламаппын. Қалада қағаз, темір заттарды бөлек алатын жер бар екенін естімеппін де. Қайсы қауіпті, қайсы қауіпсіз екенін де біліп жатқан жоқпыз. Билік “қоқыстың әрқайсын бөлектеп жинап, бір жерге тапсырыңдар” деп жатса, онда солай істеуге дайынмын. Әзірше ондай ештеңе істей қоймадым. Өзім көше сыпырушымын, адамдар күнде ластайды, солардың орнын тазалау ғой – біздің білетініміз.

Карина, 34 жаста:

– Тұрмыс қалдықтарын: бөтелкелерді, химия заттарын, полиэтилен пакеттерді, техника бөлшектерін сұрыптап жинау керек екенін жиі естимін. Бірақ өзім әлі оны қолға ала қойған жоқпын. Әзірше қоқыстың бәрін бірге шығарып жүрмін. Бізге Еуропадағыдай болуға әлі ерте деп ойлаймын. Біздің халық мұндайға дайын емес. Өзім де әзірше ешкім айыппұл салмаған соң қоқысты сұрыптамай жүрмін, жазалай бастаса, бәлкім, қолға алармын. Сұрыпталған тұрмыс қалдықтарын қабылдайтын және қайта өңдейтін орындар барлық жерде болуы керек, мысалы, мен оларды білмеймін.

Максим, 36 жаста

– Біз шығарып жатқан қоқыстың бәрін коммуналдық мекемелер сұрыптайды деп сенемін. Мен электроника мен тұрмыс техникасы бөлшектерін, батарейкалар мен шамдарды басқа қоқыспен бірге шығарамын. Жеке өзіме мұндай қалдықтарды бөлек жинап, бір жерге тапсыру тиімсіз. Айталық, сағаттың батарейкасы таусылды, оны алып, тапсыратын жер іздеп жүргім келмейді. Бір пакетке толтырып жинап жүруге тағы шыдамым жетпейді. Бірде үйде шыны банкалар көбейіп кетті, керегін алдым да, керек емесін тапсырмақ болдым. Сонда интернетте көрсетілген екі мекенжайдың біреуіне барсам, жабылып қалыпты. Екіншісіне барсам, ол басқа жерге көшіп кеткен. Содан кейін банкаларды ешқайда апармайтын болдым, қоқыспен бірге шығарамын, көшеде ары-бері тасып жүру оңай емес.

Хамит, 28 жаста:

– Қоқысты сұрыптамаймын. Бәрін бір пакетке салып шығарамын. Тәжікстаннан Алматыға көшіп келгеніме төрт жыл болды. Батарейка, дәрі сияқты заттарды қоқысқа тастамау керек екенін естідім, бірақ оларды қайда жіберу керек екенін білмеймін. Білуімше, біз қоқысқа тастайтын заттың бәрін полигонда жұмысшылар материалына қарай ажыратып жинайды. Түбінде бәрібір жойылады деп білемін, көшеде жатпаса болғаны. Өз басым қолымдағы сусынды ішіп болған соң ыдысын урна тапқанша алып жүремін, лақтырмаймын. Ал үйдегі қоқысты сұрыптап, арнайы орындарға бөліп тапсырған дұрыс екенін халыққа көбірек айту керек.

Ғалия, 65 жаста:

– Қауіпті әрі қайта өңдеуге келмейтін қалдықтарды жоятын зауыт салу керек. Ал одан да бұрын Жер шарына, адам ағзасына зиян келтіретін заттарды әу бастан өндірмеген дұрыс. Тұрмыс техникаларының, телефондардың құрамында ондай бөлшектер болмауы керек. Улы бөлшектері бар смартфонды шығаруға миы жеткен компаниялардың оларды кейін түгел жинап алып жоюға да миы жетуі керек. Біз болмасақ, Америка бар, Қытай бар, дүниежүзіндегі жарамсыз электроника құрылғыларының зиянын азайтатын немесе оларды жылдам жоятын технология ойлап тапсын. Оның бәрін өндіріп, әбден таратып алып, бір күні электрон қалдықтардың кесірінен адам жойылатын жағдай тумасын. Үйде батарейкаларды қоқысқа тастаймыз, қазір заман мынадай: сіңбіруге уақыт жоқ. Аяқты аспанға көтеріп, кітап оқып жататын кезімізде әлі күнге дейін жұмыс істеп жүрміз, зейнетақы жетпейді. Немере бағамыз, балалар жұмыс істесін деп, соларға көмектесеміз. Сондай кезде қоқысты сұрыптап отыруға шама жоқ, бірақ тұрғын үй кешенінің ауласына қағаз, пластик дегендерді бөлек қабылдайтын контейнерлер қойып қойса, керемет болар еді. Өйткені адам шошқа емес қой, кей кезде наны да, боғы да бір контейнерге кетіп жатыр. Сосын адамдарды соған тәрбиелеу керек, тәрбие деген нәрсе тек жас адамға арналмаған, адам өле-өлгенше тәрбиеленеді. Сондықтан тұрғындарды нанды нанға, ласты ласқа бөліп салуды үйреткен жөн, оған көнбей жатса, Совет Одағында “бить рублём” деген бар еді, солай айыппұл салу керек, кейбір адам айыппұл төлегеннен кейін барып тәртіпке бағынады.

Татьяна, 59 жаста:

– Ресейге қызыма қонаққа бардым, оларда тұрмыс қалдықтары сұрыпталмай қабылданбайды екен. Батареяларды сатылған дүкеніне апарып тапсырады, картонды, пластикті бөлек жинап тапсыруың керек. Мен бізде де солай болғанына мүдделімін. Үйімде ескі қызуөлшегіштер көп, олар – тұнған сынап! Қайда жіберерімді білмей жүргенмін, мәлімет бергеніңізге рақмет!

Алматыда тұрмыс қалдықтарының сұрыпталған түрлерін қабылдайтын орындарды “Зелёное спасение” қоғамы жасаған картадан табуға болады. Мұндай ақпарат EcoCity мобайл қосымшасында да бар.

Үйдегі қалдықтарды сұрыптап, қайта өңдеуге болатынын шикізат қылу мен қауіпті қоқысты зиянсыз жағдайда жою – тіршілік ететін ортамызды жақсартатын маңызды қадам. Сұрыпталған қалдық қоқыс емес, басқа тауар жасауға болатын шикізат деп есептеледі. Көрінген нәрсені қоқысқа тастай бергенше, оның кәдеге асатынын іріктеген дұрыс. Экология үшін мәні зор осындай өмір салты Қазақстан азаматтарының жаппай қолдауына зәру.

Бұл мақала Орталық Азияның Еуразия Қоры Chevron компаниясымен серіктестікте жасаған Qolda жедел көмек жобасы аясында әзірленді. Мақала авторының пікірі Chevron компаниясының және Орталық Азияның Еуразия қорының көзқарасымен сәйкес келмеуі мүмкін.

Comments are closed.