ақбас үйрек

“Қызыл кітапқа” енген құстарға қауіп төніп тұр

0
1544

Астана тас жолының 90-шақырымында канал суының сүзілуі нәтижесінде пайда болған Савкино көлі бар. Көлдің маңын ақбас үйрек ұялай бастаған соң  құс бақылаушылары оны осылай атап кеткен. Ақбас үйрек (савка) “Қызыл кітапқа” енген. Ол – бүкіл дүниежүзінде жойылып бара жатқан құстың бірі. Cавкино көлін қамыс басқан. Онда жыртқыштардан тез жасырынуға болатын оңаша жерлер бар. Сондықтан да бұл жерде ақбас үйрек мекендейді. Осы көлдегі үйрек балапандары туралы алғаш рет 2012 жылы айтыла бастады. Содан бері осы маңға келіп, ақбас үйректі байқауға болатын еді.

2021 жылы 15 мамырда Сібір орнитологтары осы нысанда ұя салатын ақбас үйректердің санағын жүргізді: даралар, ұялар, жұмыртқаларды санау. Бұл кезде көл терең еді. Кейін 7 тамызда мамандар құстарды бақылау үшін барғанда көлдің бір бөлігі толығымен құрғағанын, екінші бөлігі өте таяз болып балғанын байқаған.

“Бұл көл құрғаса, “Қызыл кітапқа” енген ақбас үйректің бүкіл популяциясы жойылады. Ақбас үйректердің басқа ұя салатын орындары мыңдаған шақырым қашықтықта. Сонымен қатар мұнда шағала және сұқсыр үйрегі сияқты үйректің түр-түрі бар”, – дейді орнитологтар

Көлге қатысты осындай мәселе анықталғаннан кейін мамандар бірден Facebook пен Birds.kz сайтында осы проблеманы жаза бастады. Бірақ бұл жазбаларға жағдайды түзетуге қауқарлы мемлекеттік органдар емес, құс әуесқойлары ғана жауап берді.

Аisgzk.kz еркін қолжетімді Қалалық кадастрдың автоматтандырылған ақпараттық жүйесіндегі картаны зерттей келе, көл ауыл шаруашылығы жұмысын жүргізуге арналған 2 жер учаскесіне кіретіні анықталды.

Орнитологтар осы мәселені айтып, мына ұйымдарға хат жазды:

1. Алматы облысының әкімдігі

2. Алматы облысы бойынша экология департаменті

3. Су қорын пайдалануды және қорғауды реттеу жөніндегі Балқаш-Алакөл бассейн инспекциясы

4. Алматы облыстық орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі аумақтық инспекциясы

“Біз жазған хаттар шеңбер бойымен бір мекемеден екінші органға бағыттала берді. Савкино көліндегі жағдайды көруге Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі инспекторы Л.Сидоренко ғана барды. Бірақ ол көмектесе алмайтынын айтты. Себебі бұл орган жануарлардың өлексесі табылғанда ғана белгілі бір әрекет ете алады екен”, – дейді орнитологтар

Одан кейін Алматы облысының мамандандырылған табиғат қорғау прокуратурасына хат жолданды. Нәтижесінде комиссия құралып, көлдің кеуіп кеткен жер телімі иесінің қатысуымен бірнеше адам көл маңына барып қайтты. Алматы облысының мамандандырылған табиғат қорғау прокуратурасы бұл көлді құрғататынын хабарлады. Оның қолындағы жоспарда бұл көл көрсетілмеген, оның орнына егістіктер белгіленген. Сонда оған жоспар сызып бергендер жалпы көлдің бар екенін жасырған. Комиссия көлдің құрғауын Сорбұлақтағы су деңгейінің төмендеуіне байланысты деп қорытындылады.

Мамандар мәселені шешу үшін мына әрекеттер қажет деп есептейді:

  • Алматы облысы Жамбыл ауданының әкімдігі ауыл шаруашылығы мақсатында қолданатын көл жерін мемлекет меншігіне қайтаруы қажет;
  • “АлматыСу” өнеркәсібі Сорбұлақты ағынды сумен бұрынғы деңгейіне дейін толтыруы керек;

Жамбыл облысы әкімдігі өздерінде ондай өкілеттік жоқ екенін және Алматы облысының әкімдігіне хабарласу керек екенін айтып, жауап берген.

Ал “АлматыСу” мекемесіне қарасты Алматы қаласының Энергия тиімділігін арттыру және инфрақұрылымды дамыту басқармасының жолданған жауабында мекеменің өтініште көрсетілген мәселеге ешқандай қатысы жоқ екені жазылған.

Алайда  Алматының Энергия тиімділігін арттыру және инфрақұрылымды дамыту басқармасы жіберген хатта Алматыға төніп тұрған экологиялық қауіп көрсетілген. Бұл мәселенің шешімі де – су деңгейінің көтерілуін талап ету. Сорбұлақ ағынды су қоймасының су шекарасы жағалаудан 100 метр алыстап, түбі көрініп тұр. Сол жерде, көлде Кеңес дәуірінен бері жиналған, құрамында ауыр металдар мен басқа да химиялық элементтер бар шөгінділер шаң түрінде кеуіп қалды. Егер Алматыда қатты дауыл болса, жел химиялық шаңды көтеріп кетеді. Демек Алматыда үлкен экологиялық апат орын алу қаупі бар.

Үйрек – қоныс аударатын құс. Көлді 2022 жылдың наурыз айына дейін қалпына келтіру керек. Себебі ақбас үйрек қыстаудан оралады, келіп ұялайды. Қазақстанда сирек кездесетін құстың құқығы туралы жазылған заңдар бар. Өкініштісі сол заңдар тек құжат күйінде қалып отыр.

Comments are closed.