Қазақстандағы алғашқы экодүкенге саяхат

0
1173

Hello eco – Қазақстандағы алғашқы zero waste, яғни қалдықсыз өмірді қолдайтын экологиялық дүкен. Мұндай сауда орны 2020 жылдың наурызында ашылды. Экодүкеннің негізін қалаушылар – Paketamnet атымен танымал эколог, экобелсенді Михаил Беляков, экокеңесші Дина Огай және Kazakhstan waste recycling компаниясының өкілі Дана Солтанова.

Ecoinfo.kz сайты экологиялық дүкенге барып, ерекшелігін біліп қайтты.

Экодүкеннің ерекшелігі қандай?

Тауарды өз ыдысыңызға саласыз

Hello eco дүкенінің “Тауар сатып ал, бірақ қоқысқа төлеме!” деген ұраны бар. Бұл дүкенге келген клиент тауарды алғанда оны өз сөмкесіне, қорабына немесе үйден алып келген ыдысына құйып алуына болады. Осылайша жаңа қоқыстың пайда болуын алдын аласыз. Себебі экологиялық өмір салтының бір қағидасы – қоқысты азайту, заттарды ұзақ пайдалану.

Дүкеннен мына тауарларды өз ыдысыңызға құйып, сатып ала аласыз:

  • Тұрмыстық химия
  • Гигиеналық заттар
  • Косметика
  • Азық-түлік

Тауардың құтысын қайта өткізуге болады

Кейбір тауарды дүкен өз ыдысымен береді. Мысалы, хош иісті балауыз шамдарын өз ыдысымен сатып аласыз. Бірақ кейін сол ыдысты дүкенге қайта алып келуіңізге болады. Компания оған тағы да шам құйып, тауар дайындайды.

Тауарлар салыстырмалы түрде арзанырақ 

Hello eco дүкенінің әкімшілігінің айтуынша, мұндай дүкендегі тауар салыстырмалы түрде арзан болады. Себебі келушілер бұйымның қорабына, сыртына ақша төлемейді.

Тауарды өзіңе қажет мөлшерде алуға мүмкіндік бар

Кейде сатып алған затымыз өзімізге ұнамай немесе жарамай қалады. Бірақ ашылып қойған тауар болған соң оны қайта өткізе алмаймыз. Ал Hello eco дүкенінде өзіңізге ұнаған тұрмыстық химияны немесе азық-түлікті тек қажет мөлшерде сатып алуға мүмкіндік бар. Грамдап қана алуға болады. Кейін тауар ұнап жатса, қайта келе аласыз.

Бірреттік заттар орнына көп қолданылатын бұйымдар сатылады

Бүгінде адам қолданатын біраз зат тек бір рет пайдалануға жарайды. Мысалы, полиэтилен пакет, маска, медицина қолғабы, бөтелке, бахила, кофе құйылған стақан, салфетка және пластик ыдысқа салынған басқа да заттар. Ал бұлардың орнына ұзаққа жететін бұйымдарды қолдануға болады. Hello eco дүкенінде күнделікті тұрмысқа қажет шоперлер, көп қолдануға болатын бөтелкелер, термостар, мата пакеттер және жеке гигиена заттары сатылады. Мысалы, термос немесе бөтелке сатып алып, сусынды соған құйдырып ішсеңіз, бір рет қана қолданылып, қоқысқа кететін стақанды азайтуға ықпал етесіз.

Экодүкен электрон чек береді

Нағыз экологиялық дүкен ретінде Hello eco өз клиенттеріне төлем туралы түбіртекті электрон түрде береді. Дүкенге барып, сауда жасасаңыз, чегіңіз WhatsApp мессенджеріне келеді.

Кітап қалдырып немесе алып кетуге болады

Экодүкеннің бір бұрышында кітаптар жиналған. Келушілер өзіне қажет емес кітаптарды қалдырып жатады. Ал кейбірі өзіне ұнаған кітапты тегін алып кетеді.

Hello eco дүкенінен тауарды онлайн алуға болады

Экологиялық дүкеннің сайты бар. Сол жерде бүкіл тауарды көріп, керегін таңдап, сауданы онлайн рәсімдей аласыз. Үйге дейін жеткізеді.

Hello eco дүкенінің сайты: Helloeco.kz

Hello eco дүкенінің мекенжайы: Алматы. Самал 2, 56 а

Дүкен күнде сағат 10.00-ден 20.00-ге дейін жұмыс істейді.

Hello eco дүкенінің Instagram-дағы парақшасы: @helloecokz

Comments are closed.