Экокеңесші Сәния Әрінова: Әр үй тұрмыс қалдығын сұрыптап шығаруы керек

Спикер қазіргі заман адамы тауар сатып алуды ғана ойлап, оның қалдықтарын жоюды не кәдеге жаратуды ескермейтініне назар аударады.
0
852

Қоқысты көшеге тастамай, контейнерге салу – қоршаған ортаны қорғаудың басы ғана. Адамдар күнделікті тұрмыстағы көп іс-әрекеті экожүйеге едәуір зиян екенін әлі ұға қойған жоқ. Тіршілік ортасын сақтау үшін не нәрсені дағдыға айналдыруымыз керек? Ecoinfo.kz бұл жөнінде экобелсенді, экотренер, Helloeco компаниясының экокеңесшісі, PR және маркетинг менеджері Сәния Әріновамен сұхбаттасты.

Сәния, біз кофеханада кездесіп отырмыз, сіз мұнда өз ыдысыңызды алып келіпсіз. Мұны не себепті дағдыға айналдырдыңыз?

– Кофеханаларға өз ыдысымен бару – экологистердің №1 әдеті. Өйткені, мысалы, мен күніне бірнеше рет кофе ішуім мүмкін. Жұмыс арасында басқа да сусындар ішемін. Кофеханалар сусынды өздері қолданатын ыдыстарға құйып береді. Бірақ ол ыдыстар бастапқы целлюлозадан жасалады. Біз қағаз стақан деп жүрген ыдысымыз шынында қағаз емес. Оны көп адам қайта өңдеуге болады деп ойлайды. Ал оның ішін қарап көрсек, әуелі ағаштан жасалғанымен онда жұқа қабатты пластик бар. Ыстық сусын сыртына өтіп кетіп, төгіліп қалмауы үшін сондай қорғаныш материалын салады. Қазақстанда, Ресейде оны қайта өңдейтін технология жоқ, болса да, қымбат. Оны өңдеп отыру өнеркәсіпке тиімсіз. Кофе ішу адамға ары кетсе жарты сағат ләззат берер, сол үшін мұндай ыдыстарды қолданып, қаншама жыл шірімей жататын қоқысты босқа көбейтудің керегі жоқ. Бұл мәселенің шешімі қандай? Біріншісі – кофе, шай, сол сияқты басқа да сусынды сатып аларда оны керамика, фарфор, шыны ыдысқа құйып беруді өтіну, екіншісі – кофе, шай құйып ішуге болатын ыдысыңды әрдайым жаныңа алып жүру. Менің ыдысым жиналмалы, медицина силиконыннан жасалған. Мұндайдың тамблер, термосаптыаяқ сияқты түр-түрі бар. Жеңіл, кез келген сөмкеге сыйып кетеді, иісі жоқ.

Тамақтану орындарында бір рет пайдалануға болатын басқа да пластик ыдыстар беріледі ғой. Оның бәрінен қалай бас тарту керек?

– Иә, тамақтану орындарында бір-ақ рет пайдалануға болатын пластик түтікшелер, қасық-шанышқы, қант араластыратын ағаш таяқшалар береді. Мен барынша соларды қолданбауға тырысамын. Қазақстанда жұқа пластик түтікшелерді қайта өңдейтін орындар жоқ. Олар жағажайларда, табиғат аясында шашылып жатады. Жәндіктердің, аң-құстың өміріне қауіп төндіреді. Интернетте тұмсығына сондай түтікше кіріп кеткен тасбақаның, мойнына пластик оралған құстың суреттері бар. Бұл да сол – 5-10 минут сусын ішу үшін қоршаған ортаға зияны күшті пластик қалдықтарды көп шығару. Оған балама табуға болады. Мысалы, сусын ішу үшін үнемі бамбук не болат түтікше алып жүруге болады.

Қазір – тұтыну дәуірі. Адамдардың көбі қоқыс қалай жиналып, сұрыпталатынынан, өңделетінінен, залалсыздандырылатынынан хабарсыз, бірақ шексіз тауар тұтынудан басқаға көңіл бөле алмай жатыр. Пластик бөтелке ұсақ бөлшекке ыдырауы үшін ғасырдан астам уақыт керек. Шыны бөтелке қайта өңделмесе, мың жыл бойы жатады.

– Қоғамдық тамақтану, әсіресе жылдам тамақтану саласында франчайзинг жүйесімен жұмыс істеп, дүниежүзі нарығын жаулап алған ірі корпорациялар неге осы мәселеге көңіл бөлмейді, неге олар пластик бұйымдардан бас тартпай отыр?

– Қызмет көрсету, қоғамдық тамақтану орындары, азық-түлік пен кең қолданылатын тауар өндірушілер қаржылай тиімді болғандықтан бір рет пайдаланылатын пластиктен бас тартпайды. Қазақстанда ол жағынан қандай да бір шектеу жоқ. Бірақ Еуропада 2021 жылдан бастап бір рет кәдеге жарайтын пластикті өндіру мен тұтынуға тыйым салынған. Бізде де жағдай солай өзгереді деп ойлаймын, өйткені қазірдің өзінде Magnum сауда желісінде полиэтилен пакет тегін берілмейді. Алдағы 5 жылда ол мүлдем сатылмайтын болуы да мүмкін. Ол үшін адамдарға экология бойынша сана-сезім, білім мен тиісті мәдениет те керек. Өзім 5 жылдай болды, дүкенге экоқапшық алып барамын. Қазір оның да түр-түрі бар, ұн, ет өнімдерін, көкөністі, жеміс-жидекті, ылғал не сұйық тамақ салуға болатыны, тағы басқасы. Ірі сауда орындарындағы сатушылар полиэтилен пакет қолданбайтын тұтынушыларға да үйреніп қалды. Майлық пен дәретхана қағазының да қайта өңделіп жасалғанын пайдалануға болады.

Қоршаған ортаға зиянсыз өнімді тұтыну-тұтынбау – әр адамның жеке жауапкершілігі. Экология жағынан маңызы зор әдет-дағдыны әр адам өзі қалыптастыра алады және “мәселені әуелі ірі корпорациялар қолға алсын, сосын барып мен өзгерем” деп отыруға болмайды.

– Сәния қалай экобелсендіге айналды?

– Экоактивизммен айналысуым пандемиядан сәл бұрын басталды. Жолдасым табиғат аясында демалғанды ұнатады. Отбасымызбен пикникке жиі шығатынбыз. Қай жерге барсақ та, қоқыс шашылып жататын. Амал жоқ, отырған жерімізді жинаймыз. Бірте-бірте табиғат аясына сенбілік жасау үшін баратын болдық. Маңайымызда демалып жүрген басқа адамдар да аумақты қоқыстан тазалауға қосыла бастады. Кей жерде қоқыс күрекпен тазаламасаң кетпейтіндей болып үйіліп жатады. Сол кезде таныс журналистер хабарласып, мен туралы жазды. Телеарналар көрсетті. Кейін Тәуелсіздік күні қарсаңында президент волонтёр ретінде марапаттады. Осылай-осылай ниеттестерімді таба бастадым. Бірде сенбілікке құрбымның өзі емес, оның әкесі қатысты. Алатау ауданында тұрдым, тұратын аумағымызда қоқыс шашылып жататын. Ол жерден қайта өңдеуге болатын шикізатты 60-70 қапшық, яғни тонналап жинадық. Ұйымдастырған экосенбіліктерім туралы медиада жиі жазылғаны достар табуға көмектесті, мотивация берді.

Кейін Қазақстандағы экологистер қоғамдастығының белсенді өкілдері бірігіп, қалдықсыз тұрмыс тұжырымдамасы бойынша Helloeco дүкенін ашты. Өзім қызығып барып, жұмысқа тұрдым. SMM маманы, бизнес ассистент болып жұмыс істедім. Сол жылы Ресей онлайн мектебінен экокеңесші ретінде білім алдым. Экокеңесші бизнесті, кез келген өндірісті, әлеуметтік, басқа да мекемелерді экологияландырумен айналысады. Қазір сол білімнің арқасында Helloeco-де экокеңесші болып қызмет етіп жүрмін. Сауда орнының PR-ымен, маркетингімен де айналысамын. Helloeco компаниясының өндірісті экологияландыру жөнінде кеңес беретін қызметі де бар.

Сәния Әрінова. Фото оның жеке архивінен

– Әлеуметтік желілерден мектептерде мастер-кластар өткізгеніңізді көрдік. Бұл қандай жоба?

– Иә, мен мектептермен “Жасыл мектеп” жобасы бойынша жұмыс істедім. Бұл жобаны Болат Өтемұратов қоры іске асырады. Ұйым Алматыдағы 16 мектепте оқушылар өз қолымен бау-бақша өнімін егетін жылыжай ашты. Осы қор өкілдерімен бірге 30-ға жуық мектепте мастер-класс өткіздік, 16 мектепте макулатура жинау байқауын ұйымдастырдық, сол кезде балалар 14 тонна қағаз өнімін жинады. Ойлаңызшы, 14 тонна! Балалар қатты қызығып, көшеден, дүкендерден алып, байқау ережесіне сай жинап, сұрыптады. Осындай жұмыс пен ниеті бір орта маған шабыт береді.

Экобелсенділер болып мектептерде экоәдеттер, қалдықсыз өмір, қалдықтарды сұрыптап жинау туралы мастер-кластар өткіземіз. Қалдықтарды сұрыптап жинайтын бактарды дұрыс қолдануды үйретеміз. Көпшілік оны әлі дұрыс қолданбайды. Мысалы, мен сондай жәшіктердің ішін әдейі қараймын. Олар көп жерде ешқандай нұсқаулықсыз қойылады. Дұрыс қолдану туралы мәлімет ілініп тұрмаған соң ішінде темекі, бір рет пайдаланылатын стақандар жатады, адамдар фракцияларды шатастырып салып қояды. Оны қолдануды міндетті түрде үйрету керек және жауапты адам бақылап тұруы керек, сонымен бірге түсініктеме беретін инфографика ілінуі керек.

– Қоқысты сұрыптап жинау түгілі, қолындағы қажетсіз нәрсесін кез келген жерге лақтыра салмау керек екенін де ескермейтін азаматтар бар. Мұндай жағдайлар налыта ма?

– Бірде өзіміз тұратын кешенде сенбілік жасайтынымызды көршілер чатында хабарладық. Тұрғын үй кешеніндегі көпқабатты үйлерде 20-30 мың адам тұрады. Сол кезде күйеуім екеуімізге бір кісі ғана екі баласымен келіп қосылды, бізге көмекке басқа жақта тұратын волонтёрлар келді. Сонда тұрғындар өздері тұратын жерді басқа біреулер тазалап жатқанын көрді. Басында мұндайға көңіл-күйім түсетін, қазір оған мән бермеймін.

Менің теориям мынадай: экологиялық дүниетанымның әртүрлі деңгейі бар. Біреу бүгінімен ғана өмір сүреді, енді біреу пайда мен табыстан басқаға бас қатырғысы келмейді. Ал кейбір адам жүйелі ойлай алатын, бизнес ашып, адамдарды басқара алады. Сондықтан қоршаған ортаны қорғау туралы ой кімнің басына келсе, сол жауапты деп есептеймін. Ал оны ойлай қоймаған адамды айыптай алмаймын, оған жауапкершілік жүктей алмаймын, ол әуелі басқа мұқтаждықтарын реттеуге көңіл бөлген шығар. Ол да бір күні қоқысты көшеге емес, урнаға апарып тастау керек екенін түсінер. Мұндай сана-сезім біреуге ерте, біреуге кеш келеді.

Бұл орайда мен адамдарға экология бойынша білім жеткіліксіз беріліп жатыр деп ойлаймын. Мысалы, шетелде білім алып келген, ірі корпорацияларда жұмыс істейтін таныстарымның арасында да пластикті аз тұтыну туралы, кофеханада берілетін стақан қайта өңделетін қағаз материалдан жасалмағанын білмейтіндер бар. Мектептерде, университеттерде экологизм бойынша білім берілмейді. Ондай білімді адамдар өзі іздеп тауып жүр. Дегенмен мектепте оқып жатқан балалар интернет арқылы, ағылшын тіліндегі ақпарат арқылы көп нәрседен хабардар, олар экологистің өмір салтына қызығады. Бұл тақырып – тренд. Қазір TikTok-та “Үйде қағазды қалай қайта өңдеуге болады?” деген сияқты қызық видеоролик көп.

– Азаматтардың көбі тұрмыс қалдықтарын көпқабатты үйлердің маңында тұратын жалпы қоқыс контейнерлеріне апарып салумен бар мәселе бітеді деп түсінеді. Негізінде үйде қалдық атаулыны мүлдем азайту, оларды сұрыптап жинау және материалына қарай қабылдайтын орындарға тапсыру мәселесі ескерілмей жатады. Үйде тұрмыс қалдықтарын қалай сұрыптаған жөн, жеке тәжірибе-дағдыңызды да айтсаңыз?

– Қазір Алматыдағы тұрғын үй аулаларында “АҚ Тәртіп” коммуналдық кәсіпорнының жалпы қоқыс контейнерлерімен бірге Green Recycle компаниясының торлы жасыл жәшіктері тұрады. Тұрғындар әкеп салған бар қалдық қоқыс сұрыптайтын кешенге барады. Мен ол жерде болдым. 15-20 адам әр пәтерден шыққан пакеттердің әрқайсын ашып тұрып қолмен сұрыптайды. Адам айтқысыз ауыр еңбек. Бұл жұмысшылардың жалақысы да аз болуы мүмкін. Қаланың бар коммуналдық қалдығын сұрыптауға олардың күші жете бермейді деп ойлаймын. Қайта өңдеуге таза қалдықтар алынады. Олар қоймаға жіберіледі, қайталама шикізат сатып алушылар болса, сатылады. Ал сұрыптауға келмейтін фракциялар текшелеп жиналып, көмуге жіберіледі. Бұл жұмыс жақсы реттелген, бірақ сұрыптаумен ол адамдар айналыспауы керек. Тұрмыс қалдығы әр үйден қайталама шикізат болатындай сұрыпталып шығуы керек. Нарыққа жарамды қалдықты басқа да қоқыспен араластырып, қайта өңдеуге келмейтіндей қылып тастау сұрыптаушылардың жұмысын көбейтіп қана қоймайды, олар қоқысты қайта өңдеуге де жібере алмай, көмуге мәжбүр болады. Сондықтан тұрғындар тұрмыс қалдықтарын қайталама шикізатты жинаумен және сұрыптаумен айналысатын Kazakhstan Waste Recycling (KWR) компаниясына апарып тапсырғаны дұрыс. Оның Алматыда қалдық қабылдайтын 30-дан астам пункті бар. Мен үйде тазаланып, сұрыпталған қалдықтарды үнемі сонда апарамын, ол жерде қалдықтың кәдеге жарайтыны қайта өңдеуге кетеді, жарамағаны жойылады. Қалдықты қайта өңдеуге мүдделі компаниялар оның әр түйіріне дейін кәдеге асырады. Бірақ экологизмде зорлық, мәжбүрлеу жоқ. Мен KWR-ге қағаз, пластиктің 1, 2, 4 деген түрлерін, түссіз, мөлдір шыныны, алюминий және қаңылтыр ыдыстарды тапсырамын. Жиһаз шығаратын Zeta деген компания бар, олар пластиктің басқа түрлерін, өндірісте пайдаға асатын басқа да бұйымдарды қайта өңдейді.

Сәния Әрінова. Фото оның жеке архивінен

Негізі қалдықтарды сұрыптауды электроника бөлшектерінен, медицина мен фармацевтика өнімдерінен бастаған дұрыс. Өйткені бұлардың зардабы зор. Батарейкалардағы улы зат жерге, суға сіңіп, түбі өзімізге қайтып келеді. Олар қайта өңделмейді, тек жойылуы керек. Бетон сияқты құрылыс материалдарын жасауға немесе ғимараттардың іргетасын қалаған кезде цементпен бірге құйып жіберуге пайдаланылады. Мен мұндай қауіпті қалдықтарды Util.kz немесе “ПромТехноРесурс” компаниясына тапсырамын. Біз Helloeco дүкенінде жарамсыз батарейкаларды қабылдаймыз. Util.kz электроника бұйымдарын да қабылдайды, керегін алып, қажетсізін жояды. Дәрі-дәрмек пен медицина бұйымдары да солай. Антибиотиктерді унитазға, асүй шұңғылшасына ағызып жіберуге болмайды, ол адамзаттың инфекция, паразит, у сияқты сыртқы факторларға табиғи төзімділігін жоюы немесе ағзаға қауіпті жаңа бактерияларды туғызуы мүмкін. Мерзімі өткен дәрі-дәрмекті Алматыда Әуезов Шевченко көшелерінің қиылысындағы дәріхана қабылдайды. Тұрғын үйлерден шыққан медицина препараттарын сондай арнайы орынға тапсырғанда ғана олардың дұрыс жойылатынына, яғни жабық пештерде өртеліп, күлі де залалсыздандырылатынына кепілдік бар. Міне, сонда қоқыс атаулы көшеде шашылып жатқанынан полигонға барғаны дұрыс деп ойлау аз, полигонға жіберілмеуі керек қалдықтар бар екенін де ұғуымыз керек.

Органикалық қалдықтар да – үлкен мәселе. Олар полигонда шіріп жатып, метан бөледі. Метан – озон қабатын бүлдіріп жатқан газдардың бірі. Осы мәселені шешу үшін органикалық қалдықтарды компосттауға болады. Жер үйде тұратын адамдар компост шұңқырын қазып, тағам, өсімдік қалдықтарын сонда көме алады. Бір досым көпқабатты үйде тұрса да, күнде органикалық қалдықтарды далаға көміп жүреді. Бірақ бұл да оңай емес, өзім оны әлі әдетке айналдыра қойған жоқпын, кез келген адамға солай істеңдер деп айта алмаймын. Мен ондай қалдықтардың бір бөлігін жазда мұздатамын, қыста кептіремін. Содан кейін алатын фермаларға беремін.

– Helloeco Қазақстан азаматтарына қандай тауар ұсынады?

– Helloeco – Қазақстанда Zero Waste тұжырымдамасы бойынша тауар сатуды алғаш қолға алған экодүкен. Сауда орнында тауар құрамы әр бөлшегіне дейін толық тексеріледі. Бұл жерде тұрмысқа қажет өнімдер қаптамасыз сатылады, яғни оны әркім өзіне керегінше өлшеп не құйып ала алады. Мысалы, асүйде ыдыс жуатын сұйық таусылса, оның ыдысын алып, бізге келсеңіз, қоршаған ортаға, ағзаға зияны жоқ заттардан жасалған ыдысжуғыш сұйық құйдырып ала аласыз. Экологист үшін кәдімгі сауда орындарынан пластик құтысы бар өнім алған тиімсіз. Біріншіден, ол өнім таусылған сайын жаңасын сатып алып, тұтыну көлемі мен қалдықты арттырасыз, екіншіден, оны сатып алған сайын қаптамасына немесе таросына да ақшаңыз кетеді, оның құны тауар бағасына қосылған. Дәл сондай косметика, гигиена бұйымдары, тұрмыс пен шаруашылыққа қажет заттар, азық-түлік те бар. Экокосметика пен тазалағыш экосұйықтарға арналған талап болады, біз сол талапқа сай келетін тауар түрлерін сатамыз. Қазір кең қолданылатын ыдыстазалағыш сұйықтар жақсы көпіреді, көп адам соған қарап оны ыдысты жақсы тазалайды деп ойлайды, бірақ ол қалдықтарды дұрыс кетірмейді, химия қосындылары қалдықпен бірге, тамақпен бірге ішімізге кіреді, жылдар бойы көп көлемде жиналады.

– Instagram-да көп рет пайдалануға болатын гигиена төсемелерін тігіп шыққаныңызды хабарладыңыз, сол туралы да айтсаңыз.

– Кофе стақаны, пластик бөтелке, полиэтилен пакет орнына балама нәрсе қолдануға болатыны сияқты әйелдердің гигиена төсемелерінің де экология талабына сай түрлері бар. Бұл – менің жеке жобам, өзім тіктім, соны пайдаланып, сынап көрдім, қазір де қолданып жүрмін, осындай төсемелерді сатамын да. Олар бірнеше қабат табиғи экоматадан, мақтадан жасалады. Құрылымында кәдімгі төсемеден айырмашылық жоқ, айырмашылығы – қолданғаннан кейін жуып, қайтадан қолдануға болады, яғни қоқысты азайтады. Төсеме, жөргек, мүшеқап дегендер қайта өңделмейді. Олар қолданылғаннан кейін қан, зәр сияқты биологиялық қалдықтармен бірге көшеде, табиғат аясында шашылып жатады. Сол себепті қайта өңделмейтін төсемеге балама болғаны көп мәселені шешеді. Бір-ақ рет жарамды болатын жүздеген төсеменің орнына бір экотөсемені қолдануға болады. Қазір көп рет пайдалануға болатын бахилалар мен балалар жөргегі де бар.

Фото Сәния Әрінованың жеке архивінен

– Экологизм бойынша біз сұрамай қалған, сіз айтпай кеткен ойыңыз болса, сонымен сұхбатты түйіндей аламыз.

Экологизм кез келген адамға, әсіресе балалары бар адамдарға маңызды, өйткені бәрі келер ұрпақ үшін ғой. Әркімнің көзқарасы, ой-санасы әртүрлі, дегенмен қоршаған ортаның маңызын ұққан кезде адамдар бәрібір осы мәселеге көңіл бөледі деп ойлаймын.

Балаларымыз келешекте мұнай үшін емес, топырақ, ауа, су сияқты бізге елеусіз жатқан қарапайым ресурс үшін күреседі. Олардың заманында ақша, машина, байлық емес, осы нәрселер қат болуы мүмкін. Жердің мүмкіндігі де шексіз емес.

“Экологизмге ден қоятын сана қалыптасуы үшін тұрмыс жақсаруы керек” деген пікірге келіспеймін. Ауқатты отбасылардың арасында да қоршаған ортаны қорғау мен қалдықты азайту туралы ештеңе білмейтіндері, оған селқос қарайтындары толып жатыр. Сондықтан да экология бойынша білім балабақшадан бастап берілуі керек. Әр кәсіпорын, әр мекеме өз аумағында қалдықты сұрыптап жинауды, бір рет пайдаланылатын пластик сияқты қайта өңделмейтін заттарды азайтуды қызметкерлеріне үйретуі керек.

 

Бұл мақала Орталық Азияның Еуразия Қоры Chevron компаниясымен серіктестікте жасаған Qolda жедел көмек жобасы аясында әзірленді. Мақала авторының пікірі Chevron компаниясының және Орталық Азияның Еуразия қорының көзқарасымен сәйкес келмеуі мүмкін.

Comments are closed.