Қоқысты ажыратып жинау

Тұрмыс қалдықтарын ажыратып жинауға қажет жер телімін қалай алуға болады?

Учаскені беру туралы шешім жер комиссиясының оң қорытындысы мен жер ұйымдастыру жобасын негізге алып шығарылады.
0
1612

Тұрмыс қалдықтарын ажыратып жинайтын кәсіп ашқыңыз келеді делік. Оған елді мекеннің аумағынан арнайы орын мен инфрақұрылым керек. Бұл жерді қалай алуға болады, кімнен рұқсат сұрау керек — бұл сауалдарға Қазақстанның KazWaste қалдықтарды басқару қауымдастығы мамандары жауап береді.

Қауымдастықтың мәліметінше, әдеттегідей бұл жағдайда да жер учаскесін меншікке немесе белгілі бір мерзімге пайдалануға алуға рұқсатты бизнесіңіз орналасатын елді мекендегі жергілікті атқарушы орган береді. Үлкен қаланың бір ауданы болса — аудан әкімдігі, шағын қала болса — тікелей қала әкімдігі.

Қатты тұрмыстық қалдықтарды бөліп жинауға арналған инфрақұрылымға жер телімдері Жер кодексінің 43-бабына сай беріледі. Ал оған Ауыл шаруашылығы министрінің 2020 жылғы 1 қазандағы бұйрығымен бекітілген “Сауда-саттықты (конкурстарды, аукциондарды) өткізуді талап етпейтін мемлекет меншігіндегі жер учаскелеріне құқық алу” мемлекеттік қызметін көрсету қағидалары бойынша өтініш беру керек.

Өтініш беру екі кезеңнен тұрады. Әуелі Egov.kz порталына жер учаскесіне құқық алуға ЭЦҚ арқылы толтырылған электрон формадағы арызды және сұралып отырған учаскенің сызбанұсқасын (жоспарын) жіберу керек. Бұл екеуі мақұлданғаннан кейін бекітілген жер ұйымдастыру жобасы талап етіледі. Учаскені беру туралы шешім жер комиссиясының оң қорытындысы мен жер ұйымдастыру жобасын негізге алып шығарылады.

Тұрмыс қалдықтары саласындағы кәсіпкерлікке қатысты осы және басқа да мәселелер бойынша KazWaste қауымдастығынан кеңес алуға болады.

Ұйым қызметінің негізгі бағыттары мынадай:

  • қалдық жинау мен өңдеу индустриясын дамыту үшін реттеуші органдармен өзара қарым-қатынас жасау;
  • осы саладағы бизнесті қолдау инструменттерін іздеу;
  • өзіне мүше болған кәсіпкерлердің мүддесін қорғау;
  • қалдықтарды қайта өңдейтін салаларды дамытуға жағдай жасау;
  • осы саладағы бизнес процестерді жетілдіретін және оңтайландыратын жаңа жобаларды енгізу;
  • қалдықтарды бөліп жинау жүйесін дамыту;
  • қалдықтарды қайта өңдеу мен оларды экология жағынан қауіпсіз әдіспен көмудің тиімді технологияларын іздеу мен талдау;
  • қалдықтарға қатысты нормативтік-құқықтық актілерді жетілдіру жөнінде әріптестік жасау;
  • қалдықтар саласындағы кәсіпорындар қызметін өзара үйлестіру;
  • тәжірибе алмасатын ақпарат алаңын жасау.

Қалдықтарды ажыратып жинауға қойылатын талаптарды мына жерден оқуға болады.

Бұл мақала Орталық Азияның Еуразия Қоры Chevron компаниясымен серіктестікте жасаған Qolda жедел көмек жобасы аясында әзірленді. Мақала авторының пікірі Chevron компаниясының және Орталық Азияның Еуразия қорының көзқарасымен сәйкес келмеуі мүмкін.

Comments are closed.