Вермикомпостер

Не себепті әр үйде вермикомпостер болғаны жөн?

Жауынқұрт өсіру қоршаған ортаның бірнеше мәселесін шешуге септігін тигізеді. Оны табысты кәсіпке айналдырғандар бар.
0
1272

Бұл күнде әр үйде тұрмыс қалдықтарын материалына қарай ажыратып салуға болатын жәшіктер тұрғаны аз. Сонымен бірге вермикомпостер болғаны дұрыс. Жауынқұрт өсіретін экологистердің тәжірибесі бұл аса пайдалы дүние екенін көрсетіп отыр.

Вермикомпостер – жауынқұрт өсіруге арналған контейнер. Қазақ жауынқұртты шылаушын, шұбалшаң немесе қызылқұрт деп те атайды. Ол – органика қалдықтарын, яғни тағам, өсімдік немесе басқа да табиғи-биологиялық негізі бар қоқысты өте тиімді жоятын жәндік.

Жауынқұрт қалдықты бірнеше есе жылдам ыдыратып, оны гумустанған тыңайтқышқа айналдырады. Гумус – топырақтың қоректі, құнарлы негізі, қарашірік. Азқылтанды құрттардың өсімдік қалдығын қорытып шығарғанынан топырақта гумус қышқылдарының натрийлі, калийлі тұздары – гумат та өндіріледі. Оны бау-бақша өсіруге пайдалануға не сол мақсатқа сатуға болады. Демек, жауынқұрт немесе шылаушын табиғи санитарлар сияқты шешуші қызмет атқарады, бірақ адамзат оның осы тарихи ролін ескермей келеді. Елді мекен тұрғындары тағам мен бау-бақша қалдықтарын қоқысқа қатты тұрмыстық қалдықтармен бірге тастайды. Органикадан тұратын қалдықтар полигонға жиналған кезде метан сияқты тез жанатын газ түзеді. Қоқыс полигондарының жиі өртенетіні содан. Қалдықтардан бөлінетін газдың парник эффектісі көмірқышқыл газынікінен 24 есе күшті. Сол себепті тағам мен өсімдік қалдығын полигонға жеткізбей жойған дұрыс.

Үйде жауынқұртты қалай өсіреді?

Жауынқұрттың асүй қалдықтарын өте жақсы қорытып, құнарлы топыраққа, тыңайтқышқа тез айналдыратын түрі – көң шылаушыны немесе Калифорния қызылқұрты (Eisenia foetida). Қолайлы ортада ол бір жылда өздігінен 1500-ге дейін көбейеді. Бір құрт 16 жылға дейін тіршілік етеді. Құрттар иіс те, дыбыс та шығармайды.

Вермикомпостер

Вермикомпостер. Фото: Septik.guru

Вермикомпостер үсті-үстіне бірнеше қабаттап қоюға болатын жәшіктерден не пластик қораптардан тұрады. Оны қолдан құрастырып алуға болады. Жауынқұрт қараңғыда өседі, сондықтан сырлы, сыртынан іші көрінбейтін, яғни жарық түспейтін пластмасса ыдысты пайдаланған жөн. Мөлдір емес қорап табылмаса, оны үнемі сыртынан шүберекпен тұмшалап,  шкафқа не басқа да қараңғы түкпірге қоюға тура келеді. Ең астыңғысы бүтін, үстіңгілері су өтетіндей ғана тесік болуы керек. Үстіңгі қорапқа әуелі субстрат (қағаз қиындылары, жапырақ, шөп-шалам, ағаш жаңқасы, жұмыртқа қабығы, әктас үгіндісі) салынып, су себіледі. Одан кейін құрттарды және оларға азық ретінде көкөніс не жеміс-жидек қалдығын салу керек. Бұдан соң үстіңгі қораптың қақпағын жауып, құрттар 2-3 күн ішінде азығын қорытпайынша тағам қалдықтарын салмай қоя тұрған дұрыс. Құрттар қалдықтарды түгел қойыртпақ қарашірікке айналдырғаннан кейін ол қораптың үстіне субстрат пен қорек салынған тағы біреуін қою керек, құрттар тесік арқылы үстіне көшеді.

Субстрат ретінде саз топырақ пен құмды қолданбау керек, өйткені құрт оны қорыта алмайды. Шылаушындарға шай, нан, көкөніс пен жеміс-жидек қалдығын субстратты қазыңқырап салып тұрған жөн, себебі құрттар тереңдегіні ғана жейді. Вермикомпостерге ет өнімдерін тастамау керек, одан зиянкестер пайда болып, бөлме иістеніп кетеді. Тағам қалдығы тым көп салынса да, басқа жәндіктер көбеюі не жауынқұрттар қорап қабырғасына өрмелеп кетуі мүмкін.

Құрттардың күнбе-күнгі тіршілігінен биогумус өндіріле бастайды. Оның сұйығы астыңғы қорапқа жинала береді. Бұл сұйықты биошырын немесе вермишай деп атайды. Ол да – бау-бақшаға таптырмас тыңайтқыш.

Дайын вермикомпостерлерді интернеттегі дүкендерден сатып алуға болады. TopyraQ экоөнімдер дүкенінде ағаш вермикомпостерлер бар.

Титтей экодағды үлкен кәсіп те бола алады

Жеке үй тұрғындары вермикомпосттаумен бұдан да ауқымды айналыса алады. Аулаға бір метр жер қазып, түбіне шөп-шалам, көң-тезек, ағаш қалдығын төсеп қоюға болады. Одан кейін Калифорния құрттары жіберіледі де, үстіне тағам қалдықтары, жуынды, басқа да органикалық қоқыс төгіліп тұрады. Шұңқырдың бетіне жұқалап топырақ сеуіп тұруға болады. Арнайы кестеге сай ылғалдап, топырақты қопсытып тұру керек. Шұңқырдың бетін жоғары температураны өткізбейтін материалмен жауып, жаңбырлы күндері ашып қойған жөн. Дайын вермиферма!

Жауынқұрт, шылаушын

Фото: Jainsusa.com

Жауынқұрттар жасайтын биомасса ыстық әрі ластанған ауаны жұтып, салқын, таза ауа бөледі. Азқылтандылар күн салқындағанда, қыстыгүні ұйқыға кетеді де, көктемде оянады. Оттегі, ылғал, қорек пен қолайлы температура болса, құрттар органикалық қалдықтарды құнарлы затқа айналдыратын үлкен шаруаға қайта кіріседі.

Жауынқұртты вермифермалардан, саяжайлардан, вермокомпостері бар экологистерден алуға болады. Кейде жаңбырлы күндері Алматы көшелерінен де азқылтандылар тұқымдас құрттарды көріп қаламыз, бірақ олар Калифорния шылаушыны сияқты тамақсау болмауы мүмкін. Вермикомпостерге қажет шылаушын балықшыларға арналған дүкендерде сатылады. Оны сатушылар интернеттен де табылады.

Қазақстанда көң шылаушынын өсіретін ірі кәсіпорындар бар. Айталық, Қостанай облысындағы “ИЛИН” серіктестігі мен Алматы облысындағы EcoFermer. Сонымен бірге еліміздің бірнеше өңірінде жеке кәсіпкерлер шылаушын шаруашылығын ашқан.

EcoFermer компаниясы жауынқұрт өсіріп, одан биогумус пен басқа да қойыртпақ алады. Оны биогаз реакторында ферменттеп, пайдалы қосындылармен байытады, зарарсыздандырады және бау-бақша мен егістікке қажет өнімдер шығарады. Кәсіпорын тауар ретінде тыңайтқыштың үш түрін өндіріп отыр: қоюлатылған биогумус, Energy + биошырыны және көшет тамырын нығайта жерсіндіретін вермигель. Бұл тыңайтқыштар топырақтың құнарын арттырады, астық пен бау-бақша өнімдерінің түсімін молайтады, өсімдікті жылдам жерсіндіреді, қолайсыз ауа райынан, микробтардан қорғайды, жақсы гүлдетеді.

“Қазақстан Республикасының тұрақты дамуына жәрдемдесу” орталығы мамандарының мәліметінше, жауынқұрт өсіру “жасыл экономикаға” көшудің елеулі қадамы ғана емес, қалдық жою мәселесінің де керемет шешімі әрі келешегі зор бағыты бола алады. Табиғи әрі шығыны аз процесс.

Сонымен жауынқұрт өсіргеннің пайдасы қандай? Тізбелейік:

  • Органикадан тұратын қалдықтардан арылып қана қоймай, оны кәдеге жаратудың амалын табасыз;
  • Құрттар өндірген биогумус пен вермишайды тыңайтқыш ретінде пайдаланасыз немесе сатасыз;
  • Тез көбейетін құрттардың өзін балықшыларға не басқаларға түйірлеп сатып, ақша қыласыз;
  • Қоршаған ортаны бір зияннан құтқарасыз;
  • Асырау оңай: ит пен мысық сияқты қымбат тамақ пен дәрі-дәрмекті, айрықша назар аударғаныңызды қажет етпейтін, көнбіс тіршілік иесі жанға жайлы ермек те болады.

Бұл мақала Орталық Азияның Еуразия Қоры Chevron компаниясымен серіктестікте жасаған Qolda жедел көмек жобасы аясында әзірленді. Мақала авторының пікірі Chevron компаниясының және Орталық Азияның Еуразия қорының көзқарасымен сәйкес келмеуі мүмкін.

Comments are closed.