Пәкизат Сайлаубекова мен Михаил Беляков “Экология без паники” подкастын бастады
Подкаст аты айтып тұрғандай экология, табиғат, қоршаған ортаны қорғау туралы.
2017 жылдан бастап біз – Михаил және Пәкизат қоғамда белсенді өмір сүріп келеміз. Экоблог жүргіземіз, экожәрмеңкелер, экологиялық сенбіліктер ұйымдастырамыз, лекциялар оқимыз, экомектептер ашамыз, волонтер да боламыз. Осы уақыт ішінде көп тәжірибе жинадық, көптеген процеске терең бойладық. Енді осы туралы көбірек айтамыз, – деп жазды подкаст авторлары өзінің Instagram-дағы парақшасында.
Пәкизат пен Михаилдың айтуынша, ашық алаңда өтетін лекциялар, сұхбаттар әдетте аз уақыт береді, бәрін айтып үлгеру мүмкін емес. Көбіне жетпей қалады, адамдар ақпаратқа тоймай кетеді. Ал зерттеулер қазір пайдалы ақпарат іздеген адамдар үшін видео мен аудио форматы өтімді екенін көрсетіп отыр.
Біз ұзақ уақыт пісіп-жетілдік. Соңында тұжырымдама әзірлеп, дайындалдық. Ақыры подкаст жасадық. Енді біз сөйлейміз, әңгімелесеміз, пайдалы білім береміз. Мұнда әркім өз сұрағына жауап ала алады, – деді экобелсенділер.
Экоподкастерлердің сөзінше, кейінгі кезде жылыну, климаттың өзгеруі, мұздықтардың еруі, апаттар санының көбеюі туралы белсенді жазылып жатыр. Бұл экологиялық алаңдаушылық әрі әлсіздік сезімін тудырады. Көптеген адам үшін экологиялық түрде өмір сүру – өзіне зиян келтірумен немесе шығынды азайтуға тең.
Біз подкастта барлығына қолжетімді қарапайым қадамдар туралы айтқымыз келеді. Біз барлық зауыт жұмысын дереу тоқтатып, шығарындыны азайта алмаймыз, қоқыс полигондарын жойып жібере алмаймыз. Бірақ біз әр адамға өзінің ықпал ету шеңберінде қарапайым әрекеттерді істеуге үйрете аламыз. Кішкентай қадамдардан бастап, қазірге дейін біраз адамға ықпал етіп жүрген адамдарды, мамандарды шақырып, оларды сөйлетіп, жеке тәжірибесін бөлісуіне көмектесеміз, – деді “Экология без паники” подкастының авторлары.
Подкастың ең алғашқы эпизоды қоқыс пен қалдықтарды сұрыптау мәселесі туралы. “Қалдықты сұрыптау біздің ойымызды өзгертіп, саналы тұтынуға көшуге көмектесті” дейді авторлар.
Осы уақытқа дейін ел тұрғындарының көбі біздің елде өңдеудің барын, ал өңдеушілерімізде шикізат жетіспейтінін біле бермейді. Полигондар көбейіп, адам көбейіп, қоқыс көбейіп барады. Бұл мәселе бізді алаңдатады, – деп жазды олар