сенбілік

Қазақстанда студенттер Ecostudentkz челленджін бастады

0
670

Елімізде студенттер EcoStudentKZ экологиялық акциясын қолға алды. Челленджді ең әуелі Шымкент қаласындағы 8 жоғары оқу орнының студенттері бастап берді. Олар Қошқар ата өзенінің арнасын қалдықтар мен қобырсып жатқан қоқыстан тазартты. Бұл туралы Ғылым және жоғары білім министрлігі хабарлады.

Студенттер сенбілік жасап болған соң, эстафетаны павлодарлық құрдастарына жолдады.

“Біз қазақстандықтарды қоқыс тастамауға әрі ауыл мен қалада тазалықты сақтауға шақырамыз! Челлендж арқылы еліміздің әр тұрғынына қоршаған ортаға қамқорлық жасау және өскелең ұрпақтың бойында экологиялық мәдениетті қалыптастыру қаншалықты маңызды екенін жеткізгіміз келеді. Қоршаған ортаға әрқайсымыздың үлесі бар. Енді эстафетаны павлодарлық құрдастарымызға тапсырамыз”, – деді шымкенттік студенттер.

Министрлік бұл акцияға кез келген азамат қатыса алатынын айтты.

“Құрметті қазақстандықтар, сіз де экочелленджге белсенді қатыса аласыз, сонымен қатар экоплогингке, сенбілікке дейінгі және кейінгі фото/видеоларды #EcoStudentKZ хэштегімен жариялай аласыз”, – деп жазды министрлік.

EcoStudentKZ экологиялық акциясы туралы президент Қасым-Жомарт Тоқаев та естігенін айтты. Мемлекет басшысы қоршаған ортаға қамқорлық пен туған жерге сүйіспеншілікті арттыратын мұндай іс-шаралар көбірек болуы керек деп есептейді.

“Павлодар мен Екібастұз жастары EcoStudentKZ республикалық экологиялық челленджін қолдап, студенттердің саябақтар мен гүлзарларды тазартқанынан хабардармын. Қоршаған ортаға қамқорлық туған жерге деген сүйіспеншілікті арттыратындықтан, мұндай іс-шаралар көбірек болуға тиіс деп есептеймін. Сондықтан менің ұсынысыммен Астана мен Алматы қалаларында “Қоқыссыз таза табиғат” атты жалпыұлттық акция басталды. Бұл игі іс табиғатқа немқұрайлы қарамайтын азаматтарды біріктіруге арналған. Бұл бастамаға қоғамдық ұйымдар, азаматтық белсенділер, студенттер мен еріктілер қосылатынына сенімдімін”, – деді президент.

Тағы оқыңыз: Алматылық жастар тауда сенбілік ұйымдастырды

Ұқсас мақала: Экосенбілікті қалай ұйымдастырамыз?

Бұл мақала Орталық Азияның Еуразия Қоры Chevron компаниясымен серіктестікте жасаған Qolda жедел көмек жобасы аясында әзірленді. Мақала авторының пікірі Chevron компаниясының және Орталық Азияның Еуразия қорының көзқарасымен сәйкес келмеуі мүмкін.

Comments are closed.