Алматыда 41 экоавтобус шықты

0
768

Алматы әкімдігінің баспасөз қызметі мегаполисте көгілдір отынмен жүретін жаңа автобустар шыққанын хабарлады. Әкім Бақытжан Сағынтаев Instagram-дағы парақшасында коммуналдық және қоғамдық көліктерді жүйелі жаңарту және экологиялық таза отынға көшіру қаланың экологиясын жақсарту және жолаушылар тасымалы сапасын арттыру мақсатында жүзеге асырылатынын айтты.

“Жолаушылар тасымалы саласы айтарлықтай жаңғырды. Бүгін экологиялық таза отынмен жүретін 41 жаңа автобус жолға шықты. №45, 70 сияқты бағыт бойынша қатынайтын автобус паркін жаңартамыз”, – деп жазды Б.Сағынтаев.

Сыйымдылығы 90 адамға арналған үш есікті 12 метрлік жаңа автобустарда мүмкіндігі шектеулі азаматтарға арналған жылжымалы платформа бар. Автобустар бейнебақылау, жолаушы ағынын есептейтін автомат жүйе және жүргізушінің жағдайын бақылайтын датчикпен жабдықталған.

“Алматыэлектротранс” коммуналдық автопаркі барлығы 150 автобусты жеткізуге келісімшарт жасады. Қалған 109-ы жақын арада келеді. Сонымен қатар жеке тасымалдаушылар 83 автобус, соның ішінде 38 электробус сатып алуды жоспарлап отыр. Осылайша, биыл жолаушылар тасымалы паркі 233 экологиялық таза көлікпен жаңартылады. Жалпы қалада 20 автобус паркі жұмыс істейді. Онда 147 бағыт бойынша қатынайтын 1940 бірлік автобус бар. Соның ішінде 393-і газбен, 14 электр автобус, 160 троллейбус,  мыңнан астамы дизель отынымен жүреді”.

Comments are closed.