Кез келген жерге қоқыс тастамайтын қоғам неге қалыптаспай жатыр?
Коммуналдық шаруашылық жұмысшылары тұрғын үй аулалары мен көше бойын күн сайын тазалап қояды. Бірақ ертесіне дейін таза аумақтарға қайтадан қоқыс шашылады. Үнемі жүргізіліп келе жатқан экологиялық үгіт-насихатқа қарамастан көшеге қоқыс тастауды ар санайтын қоғам қалыптаспай жатыр. Бұған не себеп және мәселені қалай шешу керек?
Экоблогер Базарбек Қамысбаевтың пікірінше, үгіт-насихатты одан сайын арттыру керек және экология мәдениетін адам санасына балабақшадан, мектептен бастап енгізген жөн.
“Қазір қоғамда мұндай мәдениет толық қалыптаспай жатқанының бір себебі біздің менталитетте деп ойлаймын. Біздің адамдар қоршаған ортаны күтуді бірінші кезектегі мәселе деп есептемейді. Өйткені ол көзге көрінбейді, сезілмейді. Сондықтан оған адамдар әлі күнге дейін немқұрайлы қарап келеді. Бұрын мен көшеге қоқыс тастай салатын адамдарды жазаламау керек, оларды, керісінше, қалдықтарды жинауға ынталандыру керек деп ойлайтынмын. Қазір ойым өзгеріп жатыр. Меніңше, қоршаған ортаға қоқыс тастағандарға салынатын айыппұл көлемін көбейтіп, ол үшін жазалауды да бастау керек сияқты. Тағы бір мәселе – көп жерде қалдық жинауға лайық инфрақұрылым жоқ. Мысалы, астанада, үлкен қалаларда, облыс орталықтарында бар да, ауылдарда қалдықтарды ажыратып жинайтын урналар тиісті жерлерде орналаспаған. Туризм нысандарында да осы жағдай үлкен проблема болып тұр. Бурабай демалыс аймағының өзінде қоқыс тастайтын урналар жоқ, бірақ әкімшілік пен сол жердегі ұлттық парктің ұжымы туристер қалдықтарын өзімен бірге алып кетуі керек деген талап қойған. Дегенмен адамдар оған дайын болмай жатыр. Қоқысын машинасына салып әкететіндер аз. Сондықтан қоқыс жәшіктерін көбейтіп, аумақты қоқыстан тазалап тұру керек”, — дейді белсенді.
Эковолонтёр азаматтарға кез келген қажетсіз затты қоқыс жәшіктерінен басқа жерге тастамауды үйрету үшін мемлекеттік бағдарлама сияқты жобаны іске асыру керек деп есептейді. Өйткені халықтың қоршаған ортаға қатысты қазіргі көзқарасы елді мекендердің, демалыс орындарының, ерекше қорғауға алынатын нысандардың жағдайына қауіп төндіріп тұр.
“Қазіргі балалар, жастар қалдықтарды жинау мәселесіне жақсы қарайды, оның мәнін жақсы түсінеді. Мысалы, мен ЮНИСЕФ-тің Plastic Free деген жобасына ерікті ретінде қатыстым. Сол кезде қалалар мен ауылдардағы балаларға пластик қалдықтарды азайту мен оларды аз тұтыну туралы онлайн мастер-кластар өткіздік. Сонда бұл мәселеге бастауыш мектеп балалалары ерекше қызығатынын көрдік. Осы себепті қоқыс сұрыптау мәселесін кішкентай балалардан бастап үйрету керек, олар кейін экологиялық мәдениеті жоғары, саналы, мұндай өмір салтына дайын адам болып шығады”, — дейді блогер.
Базарбек Қамысбаевтың пікірінше, азаматтардың экология мәдениеті дамымай жатқанына еліміздегі экономикалық ахуалдың, қарапайым тұрмыс деңгейінің мәз еместігі де себеп:
“Кей адамға қоқысты ажыратып жинау, сұрыптау туралы айтсаңыз, олар “Қойшы, одан басқа да проблема бар ғой” дейді. Кей адамға ол туралы тіпті айта алмайсыз, себебі ол шынымен де басымен қайғы болып жүреді, онсыз да мәселесі шаш етектен боп жатады. Сондықтан экологиялық мәдениет болуы үшін халықтың әл-ауқаты, тұрмысы да жақсаруы керек. Қоршаған ортаны қорғау мәдениетін адам өзінің бастапқы қажеттіліктерін қанағаттандырғаннан кейін ғана қолға алады. Бізде, өкінішке қарай, халықтың басым бөлігі әрең күн көріп жүр десем, артық айтпаймын. Бұл жайт та зор ықпал етеді. Жақында өзім тұратын тұрғын үй кешенінің чатында “Қоқысты сұрыптайсыз ба?” деген сауалнама жүргіздім. Сол кезде жауап бергендердің 27%-ы ғана қоқысты сұрыптайтынын айтты. 42%-ы “Сұрыптағым келеді, бірақ қалай сұрыптайтынын білмеймін” деп жауап берді. Қалғандары сұрыптағысы келмейтінін көрсетті, яғни оларға бәрібір. Бір ғана тұрғын үй кешенінен шығарылған статистика елдегі жалпы ахуалды да көрсетеді деп ойлаймын”.
Экобелсенді өзі тұратын көпқабатты үй ауласы мен подъездерінде видеокамера қойылғаннан кейін адамдар көрінген жерге қоқыс тастамайтын болғанын айтты. Оның пікірінше, өкінішке қарай, әзірше мәселені шешудің ең тиімді жолы жауапкершілікке тарту ғана болып тұр: азаматтар видеоға түсіп қалудан, айыппұл төлеуден қорқады.
Gate Construction компаниясының супервайзері, химик-эколог Гүлсанат Жұмағалиева ел тұрғындарын кез келген жерге қоқыс тастайтын әдеттен арылтудың ұтымды амалы жазалау емес, жүйелі сауаттандыру деген пікірде.
“Тұрмыс қалдықтарын сұрыптап, арнайы контейнерлерге бөліп салатын және оны кез келген жерге тастай бермейтін қоғам қалыптастыру үшін, біріншіден, қалдықтар қоршаған ортаға зиян келтіретінін, су, жер ресурстарын шығынға ұшырататынын, флора мен фаунаға кесірін тигізетінін бала кезден үйретіп, көрсету керек. Екіншіден, мектеп бағдарламасына тұрмыс қалдықтарын сұрыптау мәдениетін енгізу керек, яғни Швеция, Швейцария, Германия, Франция, Жапония сияқты дамыған елдерден үлгі алу керек. Үшіншіден, ересектерге тұрмыс қалдықтары қайта кәдеге жарайтын шикізат ретінде қолданылатынын және материал ретіндегі құндылығы болатынын, яғни оларды пластик бөтелкелер мен макулатура қабылдайтын орындарға тапсыруға болатынын көрсетіп, түсіндіру керек, — дейді ол.
Бұл мақала Орталық Азияның Еуразия Қоры Chevron компаниясымен серіктестікте жасаған Qolda жедел көмек жобасы аясында әзірленді. Мақала авторының пікірі Chevron компаниясының және Орталық Азияның Еуразия қорының көзқарасымен сәйкес келмеуі мүмкін.