“Жануарға жауапкершілікпен қарау туралы” заң жобасы мақұлданды

0
783
Заң жобасы жануарларға жауапкершілікпен қарауды құқықтық реттеуді және оларға ізгілік танытуды мақсат етеді. Бұл құжат жануарларды ұстауда азаматтардың адамгершілік тәрбиесін қалыптастыруға ықпал етеді. Парламент Мәжілісінің жалпы отырысында “Жануарларға жауапкершілікпен қарау туралы” заң жобасы бірінші оқылымда мақұлданды.
“Осы принциптерді іске асыру үшін талаптар мен қағидаларды белгілеу арқылы құқықтық қатынастардың мемлекеттік реттеу механизмдері де бекітілді. Оның ішінде жануарларды асырауға, тасымалдауға және ветеринария қызметін көрсетуге қойылатын жалпы талаптар мен жануарларға қатыгездікпен қарауды насихаттауға тыйым салу қарастырылған”, – деді Экология, геология және табиғи ресурстар министрі Серікқали Брекешев.
Сонымен бірге заң жобасында жеке санаттағы жануарларға қарау және асырау кезіндегі талаптар анықталған. Бұл құжатта үй жануарларын есепке алу өнімін (құралын) иелері есебінен ақылы негізде пайдалана отырып, үй жануарларын міндетті есепке алу қарастырылған.
Ведомства басшысының айтуынша, құжат жануарларды жазықсыз өлтіру, жануарларды әлсірету, оларға анестезиясыз операция жасау, иттерді төбелестіру сияқты жағымсыз көріністерге тосқауыл қояды.
“Бүгін біз жануарларды қорғау міндетін шешіп қана қоймай, болашақ ұрпақ үшін вектор орнатамыз”, – деді Серікқали Брекешев.

Comments are closed.