Фламинго, қоқиқаз

Кіші Талдыкөлді құстардың қанша түрі мекендейді?

0
1558

Қазақстан Биоалуантүрлілікті сақтау ұйымының мәліметінше, кіші Талдыкөлде қанаттылардың 168 түрі нақты тіркелген. Мамандардың айтуынша, кіші Талдыкөл құстардың мекендеуіне таптырмайтын орын. Көлдің саяздығы тамақ табуға қолайлы, ал қамысты жағалау балапан басуға ыңғайлы екен.

Кіші Талдыкөлді мына құстар мекендейді:

Құстардың өте сирек кездесетін және жойылып бара жатқан түрінен бұйра бірқазан, сұңқылдақ аққу, мекиен, аққұйрық субүркіт, дала қыраны, дала құладыны, ақбас тырна, үлкен шалшықшы, қарабас күлегеш сияқты құстар Кіші Талдыкөлді мыңдаған жылдар бойы мекендеп келеді.

Суда жүзетін құстардың арасынан сыбырлақ аққу, қоңыр қаз, сарыалақаз, отүйрек, барылдауық, қызылбас сүңгуір, үлкен сұқсыр сияқты құстар Кіші Талдыкөлде өмір сүреді.

Су маңында мекендейтін құстардан үлкен аққұтан, көкқұтан, саз құладыны, тырна, үлкен дүпілдек, шөп құсы, қызылсирақты шалшықшы, үлкен қарқылдақ шағала, аққанатты қарқылдақ сияқты түрлері Кіші Талдыкөлде кездеседі.

Ашық ландшафтты мекендейтін құстардан шалғын құладын, көксары, сұр шіл, дала қарақасы, қызғыш, саз жапалағы, түз бозторғайы, егістік жадырақ, сары наурызек Кіші Талдыкөлде бар.

Дендрофилия, яғни ағаштар маңында мекендейтін құстардан қырғи, жентек, күйкентай, бөктергі, көкек, үлкен шұбар тоқылдақ, құлақты жапалақ, сұр шымшық, бозшымшық сияқты түрлері Кіші Талдыкөл маңында кездеседі.

Кіші Талдыкөлде осындай құстар кездесетінін орнитолог Руслан Оразалиев Талдыкөл проблемасына қатысты кезекті дискуссияда айтты.

Кіші Талдыкөлде құстардың 98 түрі кездессе, Үлкен Талдыкөлде мамандар қанаттылардың 91 түрін байқаған. Көлде құстардың осынша түрі кездессе, демек онда балық та көп деген сөз. Себебі бірқазан сияқты құстар балықпен қоректенеді. Ал суда балық болса, демек оның да қорегі бар.

“Көл 13 мың жыл бұрын пайда болды десе, демек құстар да мұнда 13 мың жылдан бері тіршілік етеді деген сөз. Көлді зерттеп жүргеніме бірнеше жыл болды. Жақында осы маңдағы құстардың жалпы тізімін жасадым. Былтыр көлде құстың 164 түрі болған. Биыл 168-ге жетті. Бұл – құстарды көлге бір келгенде көрді деген сөз емес. Қыс, көктем, жаз, күз уақытында жасаған есебім. Осынша құс түрін жылдың төрт мезгілінде көрдім. Айталық, қыста солтүстіктен бізде қыстайтын құстар ұшып келеді. Көл мұз құрсауында қалса да, олар жағадағы қамыс арасын паналайды. Одан кейін, көктемде жыл құстары Қазақстанның, әсіресе, Орталық Қазақстан мен астана үстінен көп өтеді. Өйткені бұл маң географиялық және территориялық тұрғыда құстардың екі ірі миграция жолының қиылысқан жері. Біздің жер арқылы көптеген жыл құсы ұшып өтуінің себебі сол. Олар Қазақстанда ұзақ жол алдында уақытша тоқтап, қоректенеді, демалып, күш жинайды. Ары қарай қыстайтын аймағына аттанады”, – деді орнитолог Руслан Оразалиев Азаттыққа берген сұхбатында.

Маманның айтуынша, Кіші Талдыкөлді қазақстандық “Қызыл кітапқа” енген 11 және халықаралық табиғатты қорғау одағының қызыл тізіміндегі 12 құс түрі мекендейді.

“Халықаралық табиғатты қорғау одағының “қызыл тізімін” кейде қателесіп, “Қызыл кітап” деп жатады. Олай емес. Бұл тізімге жаһандық ауқымда жоғалып бара жатқан аң-құстар кіреді. Осы аумақтан құстар миграция жасаған кезде Қазақстанның қызыл кітабына енген бұйра бірқазан, қарапайым қоқиқаз, аққу, дала қыраны, тырнаның бірнеше түрі және тағы басқа құстар ұшып өтеді”, – деді маман.

Еске сала кетейік, бұған дейін Талдыкөлге қоқиқаздар келіп, қонақтаған еді. Қоқиқаз – дене бітімі ерекше, тұмсығы имек тәрізді “Қызыл кітапқа” енген ірі құс. Бұл құс қызғылт түсті де бола алады. Талдыкөлде қонақтаған ақ балапан қоқиқаздар. Бір жылдан кейін олар да қызғылт реңкке өзгереді екен.

Қоқиқазға Талдыкөл ең ыңғайлы көл болғандықтан келген дейді мамандар. Қоқиқаздар Қазақстанға наурыз-сәуір айларында ұшып келіп, қазан-қарашада Иран, Ауғанстан, Пәкістан аумағына қоныс аударады екен.

“Қоқиқаздарды біреу әкелді деген – бос сөз. Арнайы барып қараған адам олардың арлы-берлі ұшып жүргенін көреді. Олардың қанаты бар, ұша алады. Бұлар қанаты қырқылған, саябақтарда жүретін құс емес. Ұша алатын құс әркезде әр жерде болуы мүмкін. Қоқиқаздардың осы аумаққа келуіне қарап-ақ, көлде тіршілік барын түсінеміз. Қоқиқаздың мекені – Қазақстан. Атап айтқанда, қарапайым қоқиқаздың негізгі мекені Қазақстандағы Қорғалжың мемлекеттік қорығындағы үлкен Теңіз көлі. Ол жерде құс жұмыртқалап, балапан басатын шағын аралдар бар. Талдыкөлде жүрген балапан қоқиқаздар, шамасы, сол жақтан келген. Негізі кез-келген аң-құстың миграциясына оның мекендеген жеріндегі қоректің таусылуы себеп болады”, – деді Қазақстан биоалуантүрлілікті сақтау қауымдастығының ғылыми қызметкері Руслан Оразалиев.

Қыстыгүні өзен-көлде жәндік пен құрт болмайды. Сондықтан құстар қорек іздеп, қысы аязды емес, жылы жаққа қарай кетеді. Құстардың миграциясы – қорек іздеуі.

Тағы оқыңыз: Кіші Талдыкөлді сақтап қалу неліктен маңызды?

Comments are closed.