Кіші Талдыкөлді сақтап қалу неліктен маңызды?

0
1251

Кіші Талдыкөлді сақтап қалу – бүгінде еліміздегі ең маңызды проблемалардың бірі. Нұр-Сұлтан қаласындағы осынау көлге қатысты дау билік тиісті шараларды қабылдамайынша, өрши бермек. Себебі Кіші Талдыкөл – өзінің қалыптасқан экожүйесі бар, сақтап қаларлық мекен. Көлді неліктен сақтап қалу керек? Экологтар мен табиғат жанашырлары биліктен нені талап етіп отыр? Ecoinfo.kz тарқатып айтып береді.

Кіші Талдыкөлдің 13 мың жылдық тарихы бар

Кіші Талдыкөл дегеніміз – астанамыз Нұр-Сұлтандағы көл. Есіл өзенінің сол жағына жақын орналасқан. Кіші Талдыкөл Қазақстан картасында 1913 жылдан бері бар. Тұрғындардың айтуынша, адамдар Кіші Талдыкөлге келіп балық аулайтын болған. Ал ашаршылық жылдары осы маңдағы тұрғындар көлдегі құстардың жұмыртқасын жеп, жан сақтаған деседі.

Көлге шамамен 13 мың жыл. Көлдің пайда болуының себебі – соңғы мұз дәуірі мен голоценнің тоғысында территорияның климаттық ылғалдылығының жоғарылауы.

“Бұл табиғи және тарихи су қоймалары – Сарыарқаның далалық ландшафтының ажырамас бөлігі және Ақмола облысындағы тіршілік бесігі. Тарихи материалдарға сәйкес, көлдердің жағалауы арғын тайпасы үшін қыстау, тіпті балық аулау орны болған. Дәлірек Тұртауыл, Қуандық, Алтай, Қарпық, Бүрші рулары мекендеген. Башан ауылының зиратындағы қабірлер дөңгелек пішінді және номиналды құлпытастарға ие”, – деп жазды Sos Taldykol ұйымы Instagram парақшасына.

Арада 100 жыл өткен соң Нұр-Сұлтан әкімдігі “Биосфера” ЖШС-ға көлді зерттеуге тапсырыс береді. Нұр-Сұлтан әкімдігінің мәліметінше, 2013 жылы “Биосфера” ғылыми-өндірістік кәсіпорны жүргізген зерттеу нәтижесінде су қоймасы ағынды сулардың жиналатын орны болып есептеледі. Әкімдік оның орнына жасанды су қоймасы бар рекреациялық аймақты құру керек деп есептейді.

2013 жылы Кіші Талдыкөл аумағын табиғи саябаққа айналдыру жоспарда болған. Ал 2020 жылы жоба басшылары өзгеріп, аталған жерге қызығушы азаматтар кенеттен пайда болды. Сол уақыттан бері тұрғындар мен белсенділер Кіші Талдыкөл маңына құрылыс салу ісіне қатысты тиісті органдарға жүгінумен келеді.

Ал 2020 жылы Нұр-Сұлтандағы Қала құрылысы кеңесінің шешімі негізінде құрылыс жасаушы компаниялар көлді белсенді түрде құрғата бастады.

“Табиғатты тек оқулықтар мен Google үйретпейді, адам оны өзі зерттеп, тамашалауы керек”

2020 жылдың шамамен ортасында Тәжірибешіл экологтар қауымдастығы мен Қазақстан биоалуантүрлілікті сақтау ассоциациясы, сонымен қатар экобелсенділер құрылыс, биоәртүрлілік және су ресурсы саласындағы мамандармен пікірталастар өткізді. Нәтижесінде ғалымдар көлді құрғатуға бірауыздан қарсы болды. Экологтардың айтуынша, Кіші Талдыкөлдің табиғи шығу тегі мен қалыптасқан экожүйесі бар. Оны құрғатып, қайта толтырса, ғимараттарды су басуы мүмкін.

Әлі күнге дейін тұрғындар мен экологтар, ғалымдар, азматтық белсенділер Кіші Талдыкөлге тиіспеуді, оны құрғатпауды, айналасына құрылыс салмауды сұрап келеді. Тіпті бірнеше талқылау мен тұрғындардың мемлекеттік органдарға жүгінуінен кейін Нұр-Сұлтан әкімі Алтай Көлгінов көлді сақтауға уәде берген.

“Ешкім көлге тиіспейді. Талдыкөл – cу қоймасы, көл емес. Оны халық көл деп атап кеткен. Көлдің өзі рекреация зонасына (демалыс орнына) айналады. Біз көлдің айналасына жасыл-желек егіп, адамдар серуендейтіндей жағдай жасаймыз”, – деген еді қала әкімі 2020 жылы 9 желтоқсанда өткен брифингте.

Ал биыл 17 қыркүйекте Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігі Кіші Талдыкөлді су объектісі ретінде қалдыру керек екенін жариялады.

“Министрліктің ұстанымы – Кіші Талдыкөл су объектісі ретінде қалдырылсын. Бұл ретте қала құрылысының салдарынан көлге түсетін жаңбыр және еріген сулардың ағыны азайғанын назарға ала отырып, оны қосымша толтыру мен айналымға енгізу бойынша шаралар қабылдау қажет”, – делінген хабарламада.

2020 жылы көл айналасына құрылыс салу басталған уақытта Кіші Талдыкөлді сақтап қалғысы келетін белсенділер жиналып, SOS Taldykol деген атпен қоғамдық бастаманы қолға алды. Содан бері қозғалыс өкілдері бірігіп, Кіші Талдыкөлді сақтап қалу үшін көптеген шараны ұйымдастырып келеді. Олар әлеуметтік желіде #sostaldykol хештегін белгілеп, қоғамды көлді сақтап қалуға ат салысуға шақырып жүр. SOS Taldykol қоғамдық бастамасын табиғатқа жанашыр жергілікті тұрғындар, түрлі саланың мамандары, қоғамдық ұйымдардың мүшелері және кәсіби экологтар құрап отыр.

“Біз әкімдіктің астанамыздағы Кіші Талдыкөлді – мыңдаған құстарға арналған үйді, табиғи орынды құрғату жөніндегі жоспарына қатты алаңдаймыз. Ірі қалаларда мұндай табиғи орын өте сирек кездеседі. Біз көл орнына жансыз бетон қораптар мен сауда орталықтарының салынғанын қаламаймыз. Одан да бұл жер табиғи саябақ болып қалсын. Мұнда тұрғындар қаланың қарбаласынан демалады, ал балалар жергілікті флора мен фаунаны зерттеп, табиғатымызды қорғауды үйренеді. Табиғатты тек оқулықтар мен Google үйретпейді, адам оны өзі зерттеп, тамашалауы керек”, – дейді SOS Taldykol қоғамдық бастамасының өкілдері

 Табиғат жанашырларының айтуынша, Кіші Талдыкөл туралы қазақстандықтардың көбі білмейді. Сондықтан олар айналамызды барынша ақпараттандыру керек деп есептейді.

Талдыкөлді қандай құстар мекендейді?

Қазақстан Биоалуантүрлілікті сақтау ұйымының мәліметінше, кіші Талдыкөлде 5 мыңға жуық құс мекендейді. Оның ішінде қанаттылардың 168 түрі нақты тіркелген. Мамандардың айтуынша, кіші Талдыкөл құстардың мекендеуіне таптырмайтын орын. Көлдің саяздығы тамақ табуға қолайлы, ал қамысты жағалау балапан басуға ыңғайлы екен. Cонымен қатар мұнда өсімдіктің 98 түрі өседі екен.

“Аққу қазақ халқы үшін киелі құс саналады. “Өлеңге енсе, сөз сұлу, Аққу жүзсе, көл сұлу” дейді халқымыз. Талдыкөлді сыбырлақ аққу, “Қазақстанның қызыл кітабына” енген сұңқылдақ аққу түрлері паналайды. Оған қастандық көрсету қасірет екені көптеген аңыздарда, күй, жырларда айтылған”, – дейді ұйым өкілдері.

Нұр-Сұлтан тұрғыны 2019 жылы Кіші Талдыкөлден бірқазанды көргенін айтқан. Ал 2020 жылы көлдің бір шеті айтарлықтай таяздаған. Сол жылы бірқазан келмеді дейді тұрғын.

Кіші Талдыкөл сонымен қатар климат өзгерісін реттеуге көмектесе алады. Көміртек қоймасы ретінде сулы-батпақты алқаптар – өлкеміздің климатын реттеуге таптырмас ресурс. Олардың көлеміне жер бетінің тек 6% келгенімен бүкіл ормандарға қарағанда 2 есе көп көміртегін сақтайды. Осындай сулы алқаптар жазда ауаны ылғалдандырып, ыстықтан сақтайды. Қыста ызғардың бетін қайтарады.

2020 жылдан бастап Кіші Талдыкөлді сақтап қалу мақсатында бірнеше рет петиция толтырылып, арнайы органдарға жіберілді. Табиғатқа бей-жай қарамайтын азаматтар петицияға қазір де қол қойып жатыр. Тіпті Нұр-Сұлтан қаласының тұрғындары Президент Қасым-Жомарт Тоқаевқа да үндеу жасады.

“2013 жылы “Биосфера” ғылыми-өндірістік кәсіпорны жүргізген зерттеу қазір өзекті емес. Себебі зерттеушілер гидрогеология үш жылдан соң өзінің актуалдығын жоғалтады деп есептейді. Ал Кіші Талдыкөлді зерттегелі бері үш жылдың бірнешеуі өтіп кетті. Ал әкімдік 2013 жылғы зерттеуге сүйеніп құрылысты салып жатыр. Бұл туралы құрылыс саласы мен Су ресурсы мамандары да айтып жүр”, – дейді Тәжірибешіл экологтар қауымдастығының төрайымы Лаура Маликова

Кіші Талдыкөлді неліктен сақтап қалуымыз керек?

Sos Taldykol қозғалысының өкілдері көлді сақтап қалуға мына бес себепті ұсынады:

  1. Кіші Талдыкөл құстар мен жануарларға мекен. Олар көлде емін-еркін мекендейді, балапан басады. Кіші Талдыкөлде әр уақытта құстардың 130 түрі келеді екен. Мұнда балықтар мен жануарлар да бар. Тұрғындар көлдің айналасынан құндыз бен ондатр көрген. Егер Кіші Талдыкөлді сақтап қалсақ, онымен бірге миллиондаған құс пен жан-жануарды сақтай аламыз.
  2. Кіші Талдыкөл демалуға таптырмас орын. Көл қала тіршілігінен бір сәт босап, айналасында тыныстауға мүмкіндік береді. Қала маңында мұндай көл табиғатқа жақын бола түсуімізге, оған қамқор болу керек екенін еске салады. Сонымен қатар кішкентай бүлдіршіндерді құстармен, табиғатпен, сумен таныстыруға, оны аялауға үйрете аламыз.
  3. Кіші Талдыкөл басқа да көлдердің таязданып кетуін алдын алады. Экологтар мен гидрогеологтардың айтуынша, бұл көл басқа жерасты суымен байланысты. Бұл дегеніміз егер бір көл құрғайтын болса, онда ол басқасының да таяздануына себеп болады. Егер Кіші Талдыкөлді сақтап қалмасақ, онда негізгі Талдыкөлден де айырылуымыз мүмкін.
  4. Кіші Талдыкөл арқылы климат өзгерісін реттей аламыз. Сулы-батпақты жер көміртектің қайнар көзі болып саналады. Жылдан жылға ауа температурасының жоғарылауын, яғни климат өте тез өзгеріп жатқанын байқап жүрміз. Мұндайда Талдыкөл сияқты сулар ауаны салқындату қызметін атқарады. Егер табиғи көл мен өзендерді жойып алсақ, аптап ыстыққа тап боламыз. Климат та жылдам темппен өзгере береді. Сондықтан табиғи орындарды барынша сақтап қалып, жасыл-желекті көбейтуіміз керек.
  5. Кіші Талдыкөл аймағы – ескерткішке толы. Көлдің жағалауында Арғын тайпасының үш түрлі жерлеу рәсімінің ескерткіштері бар. Тарихқа сүйенсек, қазақ ешқашан марқұмды батпақты жерге, өзен-көлдің жағалауына жерлемеген. Археологтардың сөзіне сүйенсек, көл маңынан түрлі қорған мен зиратты табуға болады. Осыдан кейін Талдыкөл көшпенділер үшін киелі жер болғаны түсінікті. Сонда Кіші Талдыкөл экология жағынан ғана емес, тарихи-мәдени орын ретінде құнды.

SOS Taldykol қоғамдық бастамасы биліктегілерден нені талап етіп отыр?

  1. Кіші Талдыкөл маңындағы құрылыс көлді қайтадан толықтай зерттеп болмайынша тоқтатылсын;
  2. Кіші Талдыкөл аумағын туристік аймаққа айналдырмас бұрын халықтың пікірін тыңдап, қоғаммен ақылдассын;
  3. Талдыкөл, Кіші Талдыкөл, Өлмес, Тассуат көлдеріне экологиялық, гидрогеологиялық және орхеологиялық зерттеу жүргізілсін;
  4. Талдыкөл және жағалауы қоқыс пен қалдықтардан толық тазартылсын. Бұл аймаққа келіп түсетін қоқыс пен қалдықтардың қайдан келетіні анықталып, кінәлілер жазалансын;
  5. Талдыкөл су қоры жері санатына жатқызылсын;
  6. Талдыкөлдегі экожүйені сақтап қалу үшін оның аумағында табиғи қалалық парк ұйымдастырылсын.

SOS Taldykol қоғамдық бастамасының өкілдері мен белсенділер 1 сәуір – Халықаралық құстар күнінде қазақстандықтарға үндеу жасады. Бастама өкілдері Нұр-Сұлтанда влешмоб ұйымдастырып, Instagram парақшасында кіші Талдыкөлдегі құстардың жағдайы туралы айтты.

Толығырақ мына мақаламызда: #SOSTaldykol: 5 мыңға жуық құс енді қайда мекендейді?

Сонымен қатар Қазақстанның белсенді азаматтары, сарапшылар, табиғат жанашырлары Кіші Талдыкөл проблемасына қоғам назарын аудару үшін жүздеген шара өткізді. Мұндай маңызды мәселеге түрлі саланың танымал өкілдері, музыканттар, өнер иелері, тіпті кішкентай бүлдіршіндер де атсалысып жүр. Олар әлеуметтік желі арқылы бүкіл қазақстандықтарды табиғи аумақты сақтап қалуға үндеп отыр.

Comments are closed.