Индонезия экологтары пластиктен жасалған музей ашты
Индонезия экологтары ашық аспан астында толығымен пластиктен жасалған музей ашты деп хабарлайды Reuters агенттігі. Музейді жасауға үш ай уақыт кеткен. Толығымен пластиктен жасап шығу үшін 10 мыңнан астам пластик қалдықтар, жағажайларда жиналған бөтелкелер, сөмкелер мен сабандар пайдаланылған.
Музей Гресике қаласында орналасқан. Мұндай музей ашудағы мақсат – адамдарды өз әдеттеріне қайта қарауға итермелеу және бірреттік сөмкелер мен бөтелкелерден бас тартуға шақыру.
“Біз адамдарға бір рет қолданылатын пластмассадан бас тарту туралы айтқымыз келеді. Себебі бұл пластмассаларды қайта өңдеу өте қиын. Бүгіннен бастап бірреттік пластмассаны тұтынуды тоқтатуымыз керек. Себебі ол біздің мұхитты ластап жатыр. Ал мұхит біздің негізгі азық-түлік көзі емес пе?” – деді музейдің негізін қалаушы Приги Арисанди.
Тұрғындарды музей орталығындағы “Деви Шри” деп аталатын Гүлдену құдайының мүсіні таңғалдырды. Оның ұзын юбкасы бір рет қолданылатын тұрмыстық заттардан жасалған.
Пластмасса мәселесі әсіресе Индонезияда өзекті. Бұл мемлекет пластмасса көлемі бойынша Қытайдан кейін екінші орын алады. Филиппин мен Вьетнаммен бірге бұл төрт елдің үлесіне әлемдегі пластиктің жартысынан көбі тиесілі.
Бұған дейін Индонезия соты президент Джоко Видодоға астананың ауа сапасына немқұрайлы қарағаны үшін кінәлі деп тауып, тұрғындарға қауіпсіз өмір сүру жағдайын жасауды бұйырды.