әулие ағаш

Киелі өлке: Әулиеағаш

0
1377

Қазақстан киелі жерлерге бай. Соның бірі Алматы облысы Панфилов ауданында орналасқан – Әулиағаш. Халық арасында Әулиағаш киелі саналады. Үлкен ағаш аталып кеткен ағаштың негізгі тұқымы қарағаш. Жеті адамның құшағы әрең жететін ағаштың шыққан суы адам ағзасына пайдалы және жараларға ем.

Әулиеағаштың қалай өскені туралы аңыз да көп. Солардың бірі Тәңірдің сүйікті деген 7 құлы осы өлкеден Меккеге қарай өткен екен, сол жеті кісінің ішіндегі Жаратқанның ықыласына бөленген біреуі жатар уақытта аса таяғын жерге қадап қояды. Таң ата әлгі асасы тамыр жайып, көктеп кетіпті. Бұл кереметке таң-тамаша болып, Аллаға шүкіршілік етіп тұрғанда, «асаға тимесін, өссін» деген аян беріледі. Осыдан кейін ағаш терең тамырлап, бүгінге дейін жетіп, 700 жылды артқа тастап жайқалып тұр. Тағы бір әңгімеде Бейбасы атты көпес Ұлы Жібек жолы жанданып тұрған уақыттары, Меккеге арнайы саудамен бара жатқан жолда осында тынығып алмаққа бекініп, қолындағы таяғын шаншып қояды. Ертеңгісін оның орнында жайқалған ағашты көріп, тимей өз жолымен кеткен деседі. Қарағаштың ары кетсе 60-70 жыл ғана өседі. Ал бұл киелі ағаштың әлі күнге дейін өмір сүріп келе жатқанына ғалымдардың өзі таңданып отыр. Жеті ғасырдан бері жайқалып тұрған ағаштың тілекті қабыл ететіні, киелілігі өткен ғасырлардан бастап халық аузында.

әулие ағаш
сурет: blogs.atazholy.kz

Қоқан, Хиуа хандығына қарсы күрескен белгілі Шойнақ батыр жорыққа аттанарда үйіндегі бәйбішесі осы киелі ағаштың басына келіп түнеп, Құдайдан бала сұрайды. Көзі ілініп кетіп, түс көреді. Түсінде сақалы кеудесін жапқан қария келіп: — Сенің тілегің қабыл болды. Үш ұлың болады. Аттарын: Жантас, Бектас, Ертас қойыңдар,- деп айтады да ғайып болады. Арада біраз уақыт өткен соң ақсақалдың айтқаны келіп, Жантас, соңынан Бектас дүниеге келеді. Үшінші ұлы дүниеге келгенде, оған қойылуға тиіс есімді бәйбіше ұмытып қалады. Ауыл адамдары әрі ойланып, бері ойланып, баланың өңі аппақ, мұрны пұшық болғандықтан Ақпұшық деп атайды. Сол түні батырдың бәйбішесі тағы да түс көреді. Түсінде кеудесін ақ сақал жапқан әуелгі қария: «Осы балаларды мені себепкер қылып, Құдайдан сұрап алып едің. Бірақ, сен нәрестенің ныспысын өзгертіп жібердің. Ендеше, бала саған керек болмаса, өзіміз алып кетеміз» дейді. Бәйбіше түсінен шошып, атып тұрып қараса, кішкентай Ақпұшық шетінеп кеткен екен делінген ақпаратты el.kz сайтынан алдық.

1941 жылы Ұлы Отан соғысы басталғанда, Үлкен-ағаш ауылына қырық шақты шешен отбасы келіп, қоныстанады. Олар ауыл адамдарының: «Киелі ағашқа тимеңдер, қаһарына ұшырайсыңдар» деген ескертпесін тыңдамайды. Бір шешен жігіті ағаштың бұтақтарын кесіп, үйіне әкеледі. Ағашты әкелген түні оның отбасындағы сегіз адам түгел белгісіз аурудан көз жұмады. 1962 жылы шекара асып көшіп келген адамдардың біреуі тағы да киелі ағаштың бұтағын кесіп әкеліп, отқа жақпақшы болады. Босағадан аттай бергенде, әйелінің қатты қиналған дауысын естиді. Жүгіріп келіп қараса, әйелінің мойыны теріс қайырылып қалғанын көреді. Не болғанын түсінбеген отағасы ауыл адамдарынан көмек сұрайды. Мән-жайды жақсы білетін көнекөз адамдар кесіп әкелген ағашты дереу орнына апарып таста деп айтады. Адамдардың айтуымен, алған бұтақты орнына апарып тастап, мал сойып, Құран оқытыпты дейді. 2010 жылы кейбір адамдар осы ағашты өртемек болған, сондағы айыптары сендер қайдағы бір ағашқа табынып, Аллаға серік қосып жатырсыңдар, – дейді. Абыройға орай, киелілігі сол ағаш өртенбей аман қалды, бірақ зардап шекті. Осындай ел ішіне тараған аңыздардан кейін Әулиеағаштың киелілігіне сенбеске шара жоқ. Бүгінгі таңда тек елімізден ғана емес, алыс-жақын шет елдерден Әулиеағашқа арнайылап келетін жандар жетерлік. Кейбіреулері бала сүю сияқты іштеріндегі тілекпен келсе, енді біреулері табиғаттың ерекше сыйын тамашалауға келеді. Мемлекет қарауына алынған Әулиеағаш дүние жүзінде 3 жерде ғана кездеседі: Меккеде, Қытайда және осы Жазиралы Жаркент жерінде. Әулиеағаштының жанында бір тамырдан тараған 7 ағаш өсіп тұр. Халық оны жеті баласы деп те атайды.

Бұл мақала Орталық Азияның Еуразия Қоры Chevron компаниясымен серіктестікте жасаған Qolda жедел көмек жобасы аясында әзірленді. Мақала авторының пікірі Chevron компаниясының және Орталық Азияның Еуразия қорының көзқарасымен сәйкес келмеуі мүмкін.

Comments are closed.