әуе шары

Жай ғана шар емес

0
1167

Күнделікті өміріміз әр түрлі мерекелерден, іс-шаралардан және той-томалақтардан тұрады. Осындайда әуе шарлары әрбір үй мен той-жиынның көркі. Тіпті шарларсыз салтанатты кештерді елестету қиын. Соңғы жылдары кез-келген сауық-думанның ең негізгі декоры да әуе шарлары болып жүр. Ал әуе шары қалай дайындалады? Оның қоршаған ортаға тигізер әсері қандай?, – деген сұрақтар көпшілік қауымды аса қатты алаңдата қоймайды. Тіпті мән бермейді десек те болады.

 
Таңшолпан хабары, 2017 жыл


Таңшолпан бағдарламасының сюжетінде  көрсетілгендей әуе шарлары латекс сұйықтығымен арнайы бояулардың қосындысы арқылы жасалады. 15/16 сағатта латекс пен бояу бір-біріне сіңіседі солай әуе шарларының алғашқы базасы қалыптасады.  Латекстің табиғи және жасанды түрлері бар. Ашық ақпарат көздерінде “табиғи латекстің құрамы ағаштың жасына, климаттық жағдайға, ауа райына, жыл мезгілдеріне, байланысты әр түрлі болады. Жасанды латекстерге сфералық полимер бөлшектерінен тұратын коллоидтық жүйелер жатады”,-дейді.

Әуе шарларының түрлері  өте көп. Ал қазіргі кезде ең сұранысқа ие әуе шарлары: латексті шарлар, конфетти шарлары, мәрмәр шарлар, дизайнерлік түстермен  үрленген шарлар, жүрек тәрізді шарлар, фольга шарлары және “Bubbles”.

Экология жанашыры әрі экоблогер  Кира Камалова әуе шарларының табиғатқа тигізетін зияны туралы “ИНДЕ” журналына берген сұхбатында былай дейді: “Әуе шарларының қалдықтарын жою өте қиын. Әуе шарының металдан және фольгадан жасалған түрлері мүлде ыдырамайды. Ал латекс шарлары топырақта ыдырайды, – дейтін деректер бар. Бірақ қазіргі заманғы шарлар таза табиғи латекстен жасалмайтынын ескеру керек. Сондай-ақ әуе шарлары әр түрлі түс беретін және беріктігін арттыратын химиялық қоспалардан тұрады. Сондықтан мұндай шарларды экологиялық таза зат дей алмаймыз. Сонымен қатар, қазір  миниатюралық батареялармен жұмыс істейтін  жарық шарлар жиі кездеседі. Мұның бәрі асқан сақтықпен жоюды талап  ететін қауіпті қалдықтар. Олар су мен топыраққа түсіп, олар қоршаған ортаны уландырады.

Менің ойымша, біздің ең үлкен қателігіміз гелийді әуе шарларымен бірге  пайдалану. Гелий – қайта өңделмейтін газ. Ол медицинада және ғылымда жиі қолданылады. Мұндай ресурстарды әуе шарларына  жұмсау экологиялық талаптарға мүлде сай емес. Мичиган университетінің мәліметі бойынша, әуеге ұшырылған  шарлар мыңдаған шақырымға дейін ұшып кете алады. Ал әуе шарының  қонған тұсы экожүйені әбден ластауы мүмкін. Шарлар бірінші кезекте  құстар мен теңіз өміріне, балық пен тасбақаларға зиянды. Теңізді мекен ететіндер әуе шарларын азық ретінде жатқандықтан өліп жатады. Ал әуе шарының металл түрі орман өртін тудырады.

Әуе шарларының қауіпін адамнан бұрын табиғат сезеді. Эко-белсенді Ольга Бойко Сочиде жарықдиодты шарларды сатуға ішінара тыйым салуға қол жеткізді. Әуе шарларын жаппай ұшыруға АҚШ-тың бірнеше штатында да тыйым салынған. Қазіргі күні Қазақстанда кез-келген мерекенің соңынан әуе шарын көкке ұшыру атадан қалған салт іспетті. Мектеп түлектерінің бітіру кешінде шар ұшыруы жеке рәсімдей болып кеткен. Ruh.KZ сайтының ұсынған деректері бойынша биыл елімізде мектепті 170 мыңнан астам түлек бітірді. Яғни кемі 150 мыңға жуық әуе шарын көкке ұшырды. Ал бұл әуе шарларының кейіннен қаншама жан-жануарлардың, өсімдіктердің өмірін қиғаны бізге беймәлім. Бұл есепке жыл сайын өтетін өзге де іс-шаралардан соң әуеге ұшырылатын шарларды қосыңыз. Есеп жоқ. Сұраушы да, табиғатты ластамайық деген жанашыр да жоқ. Осы жағдай бойынша биыл елімізде елеулі жаңалық болды. Оралдағы №12 мектептің бітіруші түлектері соңғы қоңырау салтанатты рәсімінде ұшырылатын әуе шарларына деген ақшаны ауру балалардың еміне беруге келісті. Бұл көпке үлгі боларлықтай елеулі жағдай.

Бұл мақала Орталық Азияның Еуразия Қоры Chevron компаниясымен серіктестікте жасаған Qolda жедел көмек жобасы аясында әзірленді. Мақала авторының пікірі Chevron компаниясының және Орталық Азияның Еуразия қорының көзқарасымен сәйкес келмеуі мүмкін.

 

Comments are closed.