Камикацу ауылының тұрғындары қалдықсыз өмір сүріп келеді

0
807

Бәлкім ең таза адамдар Жапониядағы Камикацу ауылында өмір сүретін шығар. Расында, бұл ауылдың тұрғындары  қоқыс қалдырмай өмір сүріп жатыр. Ал қажет емес заттарды бөлек жинау және жоюдың қатаң бағдарламасының арқасында болашақта қалдықтар мүлдем болмайды дейді олар.

Жергілікті билік қалдықтарды өртеудің қоршаған ортаға зиян әсерін сараптай келе, 2003 жылы қалдықтарды кәдеге жаратудың қатаң бағдарламасын бекітті.

Содан бері Камикацу ауылының 1700 тұрғыны бір затты тастамас бұрын оны жуып, тазалауға міндетті. “Бөліп жинау” қағидасы бойынша сұрыпталатын материалдар мұнда 3-4 емес, 34 түрге бөлінеді. Нәтижесі анық: ауылдан шыққан қалдықтар мен қажетсіз болып қалған заттардың 80%-і қайта өңдеуге жіберіледі немесе жаңа иесін табады. 20%-і ғана қоқыс полигонында қалады.

Ауыл басшылығы мұнымен тоқтап қалмақ емес. Болашақта олар полигондардан мүлдем бас тартуды көздеп отыр. Ауылда қоқыс салатын контейнер, қоқыс таситын көлік, қоқыс жинағыш жоқ. Жергілікті тұрғындар өз үйінде қоқыстан компост өндіреді. Мұндай өңдеуге жатпайтындарды арнайы орталыққа апарады. Орталық қызметкерлері қабылданатын қалдықтардың сапасын қатаң қадағалайды.

Қайта өңдеу орталығында өңделетін материалдың қалай пайдаланылатынын немесе қайта өңделетінін және ауылдың осыдан қанша ақша үнемдейтінін түсіндіретін плакаттар бар. Ауылда “куру-куру” деп аталатын дүкен де бар. Кейбір тұрғындар бұл жерге жақсы, бірақ қажетсіз заттарды қалдырса, басқалары тегін алып кетеді. Сонымен бірге ескі кимонолар мен басқа да киімдерді сөмкелерге, ойыншықтарға және басқа да пайдалы заттарға айналдыратын фабрика бар.

Тұрғындар бұлай өмір сүру оңай емес екенін мойындағанымен уақыт өте “таза” өмірдің қаншама артықшылығы бар екенін түсінді. Жаңа ереже бойынша өмірге бейімделу кезеңі, әрине, оңай болмады. Олар алғашында наразылық білдіріпті. Ал қазір олар өмірді басқаша елестете алмайды.

Comments are closed.