Саша мысықпен

“Котопёс” қоры: Жануарларға ойына келгенін істейтін адам көп

"Котопёс" әртүрлі кеселге шалдыққан немесе ауыр жарақат алған ит-мысыққа пана болып отыр.
0
717

Иесіз жануарларға арналған үйдің дәлізінде бізді тарғыл Булочка мен аппақ Настенька қарсы алды. Бір көзі ағып кеткен тарғыл мысықты иесі үйден қуып жіберіпті. Волонтёрлар клиникаға алып келгенде оның сүт безі ісінгені белгілі болды. Дәрігерлер сүт безін түгел сылып тастады, бірақ жануар бірден оңала қоймады, керісінше, арықтай берді. Кейін оның өтінен де ісік табылып, тағы бір операцияны бастан өткерді.

Настеньканың да көрмегені жоқ. Әлдекімдер кәрі мысықтың үстіне жағармай шашып, өртеп жібермек болған. Ветеринарлар оның денсаулығында терідегі күйіктен басқа да кінәрат көп екенін анықтады: перитонитке себеп болатын коронавирус (FIP) жұқтырған, тісі түгел түсіп қалған, құлағынан ісік табылды. Операциядан соң сол құлағынан айырылды, әлі емделіп жатыр.

“Котопёс” деп аталатын қор әртүрлі кеселге шалдыққан немесе ауыр жарақат алған осындай 60-тан астам мысық пен төрт итке пана болып отыр. Олардың біріне оқ атылған, бірінің құйрығы кесілген. Иесіз әрі ауру жануарларға көмектесетін қордың жұмысынан хабардар болу үшін біз оның әкімшісі Александра Вайдманмен сұхбаттастық.

— Күтімсіз жануарларға арналған үй мен оны басқаратын қордың қызметкерлері, сіздер, күн сайын қандай жұмыс істейсіздер?

— Бұл орталықтың жұмысы қиын, оны көпшілік біле бермейді. Біз күнде жануарлар тұратын бөлмені тазалаймыз, олардың денсаулығына қараймыз, тамақтандырамыз. Волонтёрлардың көбі мұндай жұмысқа шыдамай кетіп қалады. Себебі көп күш, мықты жігер керек. Қазір үш белсенді волонтёр ғана қалды. Бұл қыздар демалыс сайын келеді, ерінбейді, жиіркенбейді, шаршамайды. Бізге көбіне бөлмелерді тазалауға қосымша күш керек. Өзіміз үлгермей жатамыз. Жануарлардың дәрет науасын, ыдыстарын үздіксіз тазалап, жүнін тарауға да қолғабыс қажет болады.

Қордың жұмысына Instagram арқылы қаражат жиналады, ақша қайда жұмсалатынын жариялап отырамыз. Қаражат негізінен ауырған ит-мысықтың емі мен тамағына жұмсалады. Тұрақты демеушіміз жоқ. “Ветеринария медицинасы орталығы” клиникасы (“ЦВМ”) ғана көмек береді.

— Әлеуметтік желіде “Біз үй-күйсіз жануарлардың бәрін ала бермейміз” деп жиі хабарлайсыздар. Адамдар қор жұмысын дұрыс түсінбей жата ма?

— Иә. Адамдардан “Басқа жаққа көшіп бара жатыр едім, мысығымды алып кетіңіздер” немесе “Мысығым ауырып қалды, алып кетіңіздер, әйтпесе, көшеге шығарып жіберемін” деген хабарламалар жиі келеді. Біз тек ауру және ауыр жарақат алған, шұғыл көмекке зәру жануарларды емдеуге аламыз. Осыны қанша ескертсек те, адамдар бізді иесіз жануар атаулыны бір жерге жинайтын орталық көріп жатады.

Көшеден панасыз не ауру жануарды көргенде де бізге хабарласу міндетті емес, “Ветеринария медицинасы орталығы” клиникасына апарып, 50% жеңілдікпен емдетуге немесе көбеймес үшін ұрықсыздандыруға, піштіруге болады.

тордағы мысық

Фото: Ecoinfo.kz

— Үй жануарларында жиі кездесетін ауру түрлері қандай?

— Мысықтардың жұқпалы перитониті — FIP жиі кездеседі. Бұл коронавирустан болады. Оның құрғақ түрімен мысық өмір бойы ауыруы мүмкін. Дымқыл түрі ауыр болады, емдемеген жағдайда мысық өліп қалады. Бұл өзі — ұзақ емді қажет ететін ауру әрі емі қымбат. Коронавирустың дымқыл формасын жұқтырған мысықтың қарны не өкпесі сұйыққа толады. Жүрегі, басқа да органдары істен шығуы мүмкін. Ауырған мысық қатты қиналады. Көп жағдайда дәрігерлер олардың өмірін тоқтатуға мәжбүр болады.

— Адамдар ит-мысыққа қандай қатыгездік жасайды?

— Бірде орталығымызға адамдар аузынан атқан мысық түсті, оқ мысықтың жағын быт-шыт қылған. Тағы бірде адамдар қарнын жарып жіберген мысықты ветеринарларға апардық. Қатыгез тұрғындар бір мысықтың құйрығын, бір мысықтың аяғын шауып тастады. Жануарды теуіп, қатты затпен ұрып, майып қылғандар болды. Адамдар көзін ойып алған мысыққа да көмек бердік. Оқ тиіп аман қалған мысық және болды. Айта берсем, қатыгездіктің шегі жоқ. Озбырлар жануарларға ойына келгенін істейді. Машинаның астына түсіп қалған мысық қаншама?!

Мертіккен жануарларды клиникаға апарамыз, дәрігерлер тексереді, омыртқасы сынған не басқа да жазылмайтын жарақат алған болса, мәңгі ұйықтатады. Тәуір боп кететін түрі бар ит-мысық болса, жұрттан қаражат жинап, емдетеміз. Операциядан соң біздің орталықта болады немесе асырап аламын деушілерге береміз.

Адамдар қатты қорқытқан, ұрып-соққан Гринч атты мысығымыз бар. Психикасы бұзылған, қасына адам жолатпай, айбат шегеді. Қазір көпшілік ортасына біртіндеп бейімдеу үшін торға қамап отырмыз. Әрекетімізден нәтиже шықпаса, босатып жібереміз.

Операциядан шыққан Булочка мен Настенька. Фото: Ecoinfo.kz

— Үй жануарын асырап көргісі келетін адамдар нені білуі керек?

— Адам әуелі жануар асырауға шынымен дайын ба, соған көз жеткізуі керек. Бізден ит не мысық асырап алып, кейін қайтып әкеліп бергендер көп. Сондықтан көп мәлімет, арнайы кітап оқыған дұрыс. Айталық, әр мысықтың мінез-құлқы әртүрлі болады. Ол ойыншық емес, тіршілік иесі. Оның да мінез-құлқы, психикасы, көңіл-күйі, жаны бар. Мысық психологиясын зерттеп, көп оқу керек. Жануарлар ауырып қалатынына да дайын болу керек. Ол ойнатып, еркелетіп қоя салатын нәрсе емес. Азық, дәрет топырағы, қосымша тағам, құртайдағыш дәрі, вакцина, рюкзак, тырнама, ойыншық дегендерді де сатып алу керек болады.

Үйіне көшеден бірнеше мысық әкеліп баққанымен оларды ветеринарға апарып тұрмайтын адамдар бар. Бұл дұрыс емес. Күтім жасамай, көп жануарға пана болғаннан бір ғана сау жануар асыраған артық.

— “Үйге барар жол” акциясы туралы айтсаңыз.

— Адамдар “Котопёс” үйінен жануар асырап алса, оларға Ветеринария медицинасы орталығынан бір жылға сақтандыру құжаты беріледі. Оған жануарды вакциналау, чиптеу, ультрадыбыспен зерттеу, анализін тексеру, терапевке екі рет көрсету ақысы кіреді. Сонымен бірге клиника мен үй арасына зоотаксимен бес рет тегін қатынауға болады. Purina өндірген азық сыйлыққа беріледі. Асырап алған итіңіз тым қорқақ не тым қызуқанды болса, онымен кинолог бір ай тегін жұмыс істемек. Бұл — өте жақсы акция. Бізден жануар асырап алғандар одан бас тартпайды. Бір-ақ шарты бар — Instagram-да 2 айда бір рет асырап алған жануардың жағдайы туралы фотомәлімет жариялап, қор мен акцияның хештегтерін көрсету керек.

Бұл мақала Орталық Азияның Еуразия Қоры Chevron компаниясымен серіктестікте жасаған Qolda жедел көмек жобасы аясында әзірленді. Мақала авторының пікірі Chevron компаниясының және Орталық Азияның Еуразия қорының көзқарасымен сәйкес келмеуі мүмкін.

Comments are closed.