экология, ақпарат, кітап

Экология туралы қазақша ақпаратты қайдан аламыз?

0
900

Келесі оқу жылында 6-кластан бастап “Экология” пән ретінде оқытылады. Бұл туралы Ы. Алтынсарин атындағы Ұлттық білім академиясы ұйымдастырған ҚР педагог қызметкерлерінің “Білімді ұлт- тұрақты даму кепілі” атты Республикалық тамыз конференциясының “Экологиялық білім беру” секциясында хабарланды. Ал Ecounion тәжірибешіл экологтар қауымдастығы экологиялық кітаптарды оқып, қоршаған орта туралы білімді арттыруға болады деп есептейді.

Экология туралы кітап пен мақалаларды оқитын адам елімізде болып жатқан экологиялық апаттың себебін, қоршаған ортаның сапасын біле алады. Сонымен қатар табиғатқа, өзі тұратын жердің тазалығына қалай үлес қосуға болатынын түсінеді. Ecoinfo.kz сайты экология бағытындағы қазақша ақпаратты қайдан алуға болатынын айтып береді. 

Экологиялық қазақша кітап

“Экософия немесе киелі табиғат” кітабы

“Отбасы хрестоматиясы” қорының өкілдері бұл кітабын табиғат, жан-жануар және экология тақырыбына арнады. Олар “Экософия немесе киелі табиғат” кітабына көне түркі және қазақ фольклорындағы өсімдік пен жануар әлеміне қатысты аңыз-дастандарды жинастырған. Әсіресе балаларға арналған экологиялық кітапты авторлар 2019 жылы акбөкендерді қорғаймын деп оққа ұшқан қорықшылар Ерлан Нұрғалиев пен Қаныш Нұртазиновтың рухына арнады.

“Экософия немесе киелі табиғат” кітабынан қазақ фольклорындағы табиғат, өсімдік пен жануар әлемі туралы аңыз-дастандарды оқуға болады.

Кітапты “Отбасы хрестоматиясы” қоғамдық қорына барып алуға болады. Мекенжайы: Абай даңғылы, 143-үй, 327-бөлме. Байланыс нөмірі: 8 707 327 56 65.

Экология туралы жазатын онлайн журналдар

Ecoinfo.kz

Ecoinfo.kz – экология бағытында ақпарат тарататын алғашқы қазақша ақпараттық-сараптамалық портал. Сайт Қазақстандағы және дүниежүзіндегі экология мәселелерін қозғап, ол туралы ақпарат, жаңалық, ғылыми зерттеу қорытындысын бөлісіп отырады. Сонымен қатар мұнда экологтар, экобелсенділермен сұхбаттар, елдегі және дүниежүзі деңгейіндегі экология жаңалықтары бар.

Ecoinfo.kz сайтынан экология тақырыбындағы мәселелер туралы қазақша ақпарат алуға мүмкіндік бар. Сайт тек қазақ тілінде. Қарапайым қолданушы экология туралы кез келген сүрағына жауап таба алады.

Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігінің ресми сайты

Бұл сайтта Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігінің атқарып жатқан жұмысы, Қазақстандағы негізгі экологиялық жаңалықтар жарияланады. Қазақша жаңалықтар мен атаулы күндер туралы оқып, жалпы елдегі экологилық ахуал туралы біле аласыз. Сонымен қатар Қазақстан дүниежүзілік экология проблемаларына қаншалық қосылғаны туралы және халықаралық конференциялар туралы ақпарат алуға болады.

Экология тақырыбын қозғайтын парақша

Бүгінде негізгі жаңалықтар мен күнделікті ақпараттарды қолымыздағы смартфоннан оқитын болдық. Оның ішінде әсіресе әлеуметтік желінің үлесі басым. Ал желіде түрлі тақырыпта контент дайындап, пост жазып, өз саласын таныстырып жүретін белсенділер бар. Олардың арасында экология проблемаларын қозғап, табиғатқа қамқор болуды, айналаны таза ұстауды насихаттап жүрген экоблогерлер мен экобелсенділер жетеді. Дегенмен біразы орысша ақпарат береді. Сол блогерлердің ішінде қазақша ақпарат беретін парақшаларды ұсынамыз:

Recycle.birge.qaz

Бұл – Recycle birge экологиялық қозғалысының қазақша парақшасы. Мұнда сенбіліктер мен экошаралар туралы хабарландырулар жарияланып тұрады. Сонымен қатар осы қозғалыс пен оның жетекшілері туралы қазақша ақпарат ала аласыз. Экобелсенділер дүниежүзіндегі және Қазақстандағы экология проблемалары туралы қазақша жазып, қоғам назарын аударуға тырысады.

Бұл мақала Орталық Азияның Еуразия Қоры “Шеврон” компаниясымен серіктестікте жасаған Qolda жедел көмек жобасы аясында әзірленді. Мақала авторының пікірі “Шеврон” компаниясының және Орталық Азияның Еуразия қорының көзқарасына сай келмеуі мүмкін.

Comments are closed.