“Ертең бәрі кеш”. Досым Сәтпаев экокітап шығарды
Саясаттанушы Досым Сәтпаев “Ертең бәрі кеш. Қазақстанның экологиялық бомбасы” кітабын шығарды. Өзінің айтуынша, кітапты Қазақстан-неміс университеті дайындады.
Досым Сәтпаевтың айтуынша, кітапты шығаруға еліміздің білікті ғалымдары мен эколог мамандары үлес қосты. Олар кітап арқылы біраз адамды ойландырып қана емес, күрделі жағдайдың алдын алу үшін әрекет етуге және келешек ұрпақтың да хәлін ойлауға көмектеседі.
Су ресурстары, қалалардағы ауаның ластануы, тұрмыс қалдығының көбеюі, топырақтың құнарсыздануы, биоалуантүрліліктің азаюы, Қазақстанның энергетика саласындағы проблемалары және климат өзгерістерінің жағымсыз жақтары – осының бәрі экологиялық бомбаға себеп болады. Кітапта ғалымдар осы проблемаларды қозғайды.
Көп жыл бойы Қазақстандағы экологиялық проблемалар аса көп қозғалмады. Арал теңізі маңындағы жағдай нашар болса да, оның өзі экология мәселесін халықтың қауіпсіздігі деңгейінде қарастыруға приоритет болмады. Сондықтан кітапты шығарудағы мақсаттың бірі – Қазақстанның ұлттық қауіпсіздігін қамтамасыз етудің классикалық моделі аясында қатерлер иерархиясын түбегейлі өзгерту. Бұл зерттеу экологиялық қауіптер мен саяси және экономикалық тұрақсыздандыру тәуекелдері арасындағы тікелей және жанама байланысты көрсету үшін қажет. Егер біз мұндай байланысты елемейтін болсақ, онда 20 жылдан кейін түрлі табиғи апаттардың жаңа аймақтарынан қашып кететін мыңдаған экологиялық босқынды қоныстандыру мәселесін шеше отырып, су мәселесінде көршілерімізбен қақтығысуымыз мүмкін. Мұның бәрі мүмкін болатын экологиялық тәуекелдер мен қауіп-қатерлерге назар аудара отырып, елдің дамуының стратегиялық бағдарламалар механизмін өзгертудің уақыты келгенін білдіреді, – деп жазды Досым Сәтпаев Instagram-дағы парақшасында.
Кітаптың электрон нұсқасын мына сілтемеге өтіп, жүктей аласыз. Онда қазақша және орысша нұсқасы бар.