​​Орал киіктерінің көші-қон мәселесі қалай шешіледі?

0
985

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасымен Экология, геология және табиғи ресурстар министрі Мағзұм Мырзағалиев Батыс Қазақстан облысына жұмыс сапарымен келді. Ғалымдармен, экологтармен бірге жергілікті тұрғындармен кездесіп, мәселенің шешу жолдарын талқылады.

Жәнібек, Қазталов, Бөкейорда, Жанғалы аудандары халқы жайылымдарды сақтап қалу, су жеткізу бойынша өз ұсыныстарын ортаға салды.

Министр Мағзұм Мырзағалиев проблемаға бір жақты қарауға болмайтынын айтып, арнайы жұмыс тобының құрылғаны туралы хабардар етті.

“Мен сіздерге Президент тапсырмасы бойынша ғалымдармен бірге арнайы келіп отырмын. Екі жаққа да тиімді шешімдер қабылдау үшін Экология, Ауыл шаруашылығы, Білім және ғылым министрліктері мен халықаралық ұйымдар, институттар құрамына кіретін жұмыс тобын құрып отырмыз. Қысқа мерзімде зерттеулерді бітіруге тырысамыз”,- деді министр.

Мағзұм Мырзағалиев мәселенің шешімінің үш жолын атады.

“Біріншісі, жалпы ауданы 343040,1 га “Бөкейорда” мемлекеттік табиғи резерватын, сонымен қатар жалпы ауданы 314505,1 га Ащыөзек мемлекеттік табиғи қаумалын құру. Бұл бойынша барлық негіздемелер дайын. Резерват құру арқылы жаңа жұмыс орындары да ашылады. Екіншісі, осы резерватта геологтардың араласуымен су көздерін анықтап, киіктерге жасанды суат дайындау. Ол тек киікке ғана емес, халыққа да пайдалы. Үшіншісі – киіктердің Орал популяциясының бір бөлігін Жайықтың оң жағалауын өткізу мәселесін қарастырамыз”,- деді ведомство басшысы.

Батыс Қазақстан облысының әкімі Ғали Есқалиев құрылған жұмыс тобына жергілікті шаруа қожалықтары өкілдері де кіретінін, барлық зерттеулер, шаралар ашық жүретінін жеткізді.

БҒМ Зоология институтының териология зертханасының меңгерушісі Алексей Грачевтің айтуынша, қазір киік санын реттеу мәселесін мүлдем қозғауға болмайды.

“Қандай да бір шешім қабылдамас бұрын, мәселені егжей-тегжейлі зерделеу қажет. Мемлекет өз уақытында киіктердің санын қалпына келтіру үшін үлкен ресурстар жұмсады. Қазір ол тек қалпына келтіру сатысында, яғни ол әлі де максимумға жеткен жоқ. Сол себепті әзірге оларды атуға рұқсат беріп, санын азайту туралы сөз қозғауға ерте”,- деді ғалым.

Айта кетейік, Қазақстанда бөкеннің Бетпақдала, Үстірт және Орал деп аталатын үш популяциясы бар. Саны жөнінен ең көбі Оралда. Еділ-Жайық арасында киіктің 80%-і мекендейтін көрінеді. Киіктер көбіне Жәнібек, Казталов аудандары маңында шоғырланған.
2019 жылғы мәлімет бойынша ақбөкен саны – 334 400. 2020 жылы пандемияға байланысты есеп жүргізілген жоқ. Қазір есеп қайта жанданды және нәтижесі жыл соңында белгілі болады.

Comments are closed.