табиғат, экология

Климат өзгеруінің тиімділігі бойынша Қазақстан соңғы орында

0
1200

Зерттеулерге сүйенсек, Қазақстандағы қоршаған ортаны қорғауға бөлінетін миллиард долларлық инвестиция қоршаған ортаны жақсартуға көмектеспейтін сияқты. Қазақстан климаттың өзгеру көрсеткіштері бойынша соңғы орында тұр. CCPI 2022 рейтингі бойынша біздің еліміз ең төменгі ұпайды – 19,81 жинап, соңғы 64-орынды иеленді. Бұл өткен жылғы көрсеткіштен 9 позицияға төмен.

Естеріңізге сала кетейік, 2005 жылдан бері жыл сайын жарияланатын Климаттың өзгеруінің тиімділігі индексі (CCPI) – 60 ел мен Еуропалық Одақтағы климатты қорғаудың тиімділігін бақылауға арналған тәуелсіз құрал. Рейтингке қатысушы елдердің үлесіне әлемдегі барлық парник газ шығарындысының 92%-і тиесілі.

Алғашқы үш орын бос қалды, өйткені бірде-бір ел индекс санаттары бойынша жақсы нәтиже көрсеткен жоқ. Үздік позициялар Скандинавия елдерінде: 4, 5 және 6-орындарды Дания (76,92 ұпай), Швеция (74,46 ұпай) және Норвегия (73,62 ұпай) иеленді. Соңғы орындарда Қазақстаннан бөлек Сауд Арабиясы (63-орын, 24,45 ұпай) мен Иран (62-орын, 26,35 ұпай) тұр. Деректерді Energyprom.kz cайты бөлісті.

Ресей де рейтингі өте төмен елдер қатарында: 56-орын және 35 ұпай. Беларусь сәл жақсырақ: 48-орын және 46,91 ұпай. Дегенмен бұл төмен рейтингті білдіреді.

Ал Үндістан – қоршаған ортаны ластау бойынша дүние жүзіндегі үшінші ел. Бұл ел климаттың өзгеруі саласындағы тиімділік индексі бойынша рейтингте 10-орынды иеленді: 69,22 балл. Бұл ретте планетадағы ең көп эмитент Қытай 52,66 ұпаймен 37-орынға жайғасты.

Климаттың өзгеруінің тиімділік индексі төрт санат бойынша бағаланады:

• парник газ шығарындысы;

• жаңартылатын энергия;

• энергияны пайдалану;

• климат саясаты.

Төрт категория бойынша да Қазақстанның рейтингі өте төмен. Мысалы, парник газ шығарындысы бойынша Қазақстан 7,18 ұпай жинап, 64 орыннан 63-орынға ие болды. Ал энергияны пайдалану санатында да 5,06 ұпаймен 63-орында. Жаңартылатын энергия санатында Қазақстан 2,54 ұпай және 59-орын, ал климаттық саясат категориясы бойынша 5,03 ұпай және 54-орынға ие.

Сонымен қатар Қазақстанда қоршаған ортаны қорғауға бағытталған негізгі инвестиция 2020 жылдың қаңтар-қыркүйек айларындағы 115,9 млрд теңгеден осы жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 118,9 млрд теңгеге өсті.

Биыл салаға құйылған инвестицияның жалпы көлемінің үштен бір бөлігі дерлік тек Жамбыл облысының үлесіне тиді – 39,1 млрд теңге. Жалпы көлемнің үштен бірінен астамы Ақтөбе облысына (18,8 млрд теңге), Нұр-Сұлтанға (14,2 млрд теңге) және Атырау облысына (11 млрд теңге) тиесілі.

Бұл мақала Орталық Азияның Еуразия Қоры Chevron компаниясымен серіктестікте жасаған Qolda жедел көмек жобасы аясында әзірленді. Мақала авторының пікірі Chevron компаниясының және Орталық Азияның Еуразия қорының көзқарасымен сәйкес келмеуі мүмкін.

Comments are closed.