Жаңа жыл мерекесінің қоршаған ортаға қандай зияны бар?

0
1106
Жаңа жыл

2021 жылдың қарсаңында Қарағанды облысы салюттың қатты дыбысы үшін 55 мың теңге айыппұл бекітті. Себебі бұл облыста 1-6 қаңтар аралығында 500 адам пиротехникадан зардап шеккен. Мамандар салютты абайлап қолдану керек екенін жылда ескертеді.  Салютты 14 жасқа толмаған балалар мен мас күйіндегі адамдардың атуына тыйым салынған. Жылда бір отшашудың кесірінен қанша адам ауруханаға түсіп жатады.Бұл – адамның денсаулығына келуі мүмкін қауіп. Ал табиғатқа ше? Дүниежүзі тойлайтын мерекенің қоршаған ортаға, жан-жануарға зияны туралы ойланып көрдік пе?

Отшашу улы газ бөледі

Салютты атқанда ауаға ауыр металдар тарайды. Олар: барий, литий, мыс, натрий, стронций, күкірт, кремний, бор, хлор, алюминий, магний және тағы басқа. Отшашудың құрамындағы мыс оны атқанда көк түс береді. Титан мен магний ақ түс боп жарқылдаса, литий мен стронций қызыл түс бөледі. Сонымен қатар пиротехниканың құрамындағы титаннан қатты дауыс шығады. Күн күркірегендегідей дауыс естілу үшін салют жасайтындар оны арнайы қолданады. Осындай металдардың бөлінуінен соң ауаның қаншалықты ластанатынын ойлап көріңіз. Жаңа жыл мерекесінен соң далаға шықсаңыз, түтін көзге анық көрінеді.

Адам лас ауамен тыныстаса, оның өкпесіне зиян заттар жинала береді. Бұл бір жылда байқала қоятын құбылыс емес. Себебі астма, бронхит, аллергияның болуы және басқа да созылмалы аурулар ұзақ уақыт лас ауаны жұтқаннан ақырындап пайда болады. Ауадағы тұншықтырғыш газ ағзаға оттегінің түсуіне кедергі келтіреді.

Отшашудың келтірер залалы мұнымен бітпейді. Пиротехниканы қолданып, оны далаға немесе қоқыс жәшігіне тастаған соң да қаптама қалдықтары микропластикаға айналып, улы зат бөледі. Улы заттар ауаға, топыраққа және суға тарайды. Отшашудан қалатын қалдық қайта өңдеуге келмейді.

Қытайдың Шанхай, Гуанджоу және Пекин қалаларында мереке кезінде отшашуды пайдалануға тыйым салынған. Оған себеп – мегаполистегі экологиялық жағдай, ауаның шектен тыс ластануы. Ал Еуропаның бірнеше қаласында, атап айтсақ, Парижде, Венада, Прага мен Дублинде, Брюссельде отшашудың барлық түріне тыйым бар. Бұл тізімге Нидерланд та қосылды және Еуропаның басқа елдері де осы шараны қолға алып жатыр.

Табиғи шырша әлде пластик шырша?

Жаңа жыл мерекесінің қоршаған ортаға зияны болмасын десеңіз, үйде жылда қолданып жүрген шыршаны әрі қарай да пайдалана бергеніңіз дұрыс. Шыршаға ілетін ойыншықтарды да жылда жаңалап ала бергеннің де пайдасы жоқ. Үйде не бар, сомен шыршаны сәндеп қойған жөн. Себебі шыршаны көбіне пластиктен жасайды. Оған ілінетін ойыншықтар да – пластмасса. Мұндай тауарларды шығаруға жарық, энергия, су және тағы басқа табиғи ресурстар кетті. Екіншіден, тұтынушы дүкендегі жаңа бұйымға жүгіре берсе, ескісі қоқысқа айналады. Ал пластиктің күрделі түрлері 800 жылға дейін шірімейді.

Жылда тойланатын мереке үшін өсіп тұрған шыршаны кесу – табиғатты сыйламау десек, артық емес. Ағаш ауаны тазартады, адамға, жан-жануарға көлеңке болады, айналаға сән береді. Құстар ағашқа ұя салады, ал жәндіктер қорегін өсімдіктен табады. Даладағы шыршаны кесіп, үйге орнатсаңыз, ол көпке шыдамай, солады. Солып тұрған шыршаны адам керек ете ме? Осылайша жайқалып тұрған шырша қоқыс полигонына кетеді немесе адам оны отын ретінде пайдаланады. Үйдегі пластик шыршаны қолдансақ, мерекені қоршаған ортаға зиян тигізбей тойлаған боламыз.

шырша

Сыйлықтар

Табиғат жанашырлары әр мерекеде сыйлық бергенге жақсы көзқараста. Тек сол сыйлықтың қоршаған ортаға зияны болмаса екен дейді.

Қандай сыйлықтар қоршаған ортаға зиян?

  • Егер сыйлықты жасағанда жан-жануар, өсімдік зардап шексе, ол экологиялық сыйға жатпайды. Мысалы, құндыз және тағы басқа жануар терісінен тігілген тон, киім, баскиім, сөмке, жиһаз және тағы басқа заттар экология жағынан тиімсіз сыйлыққа жатады. Себебі жануар терісін алу үшін тірі жанға залал келтірілді. Бұл бұйымдардың орнына мақта-матадан жасалған киімдер мен аксессуарлар сыйлауға болады
  • Егер жақыныңызға циркке, дельфинариге билет берсеңіз, бұл да экология жағынан тиімсіз сый. Цирк пен дельфинариде жабайы аңдар азап көреді.
  • Ағаштан жасалған бұйымдарды да экологиялық сыйлыққа жатқызады. Себебі пластик орнына ағаш бұйым мықты әрі ұзаққа жетеді, пластмассаға қарағанда тез шіріп кетеді дейді. Бірақ қарапайым бұйымдар үшін ағашты кесе берсек, табиғатты құртпаймыз ба? Сондықтан ағаштан жасалған бұйымды сыйлық ретінде беруге асықпаңыз. Табиғат бұзылмай сақталуы үшін, ауа ластанбауы үшін пластиктен және тағы басқа материалдан жасалған бұйымды таңдағаныңыз жөн.
  • Мерекеде жақыныңызға заттай сыйлық емес, рухани сый дайындап көріңіз. Мысалы, театрға, концертке билет, түрлі сайттардан бір айлық абонемент, стоматологқа сертификат, демалыс орнына жолдама және тағы басқа. Мұндай сыйлық кез келген адамға ұнары анық. Тек сол адамның қызығушылығын ескеріңіз.
  • Заттай сыйлық барлық жағдайда экология жағынан тиімді емес. Себебі зат көбейсе, қалдықтар да көбейеді, қоқыс полигоны тола береді. Жаңа зат пайда болған кезде адам көбіне ескісінен арылуға тырысады. Сол заттың сыртын ораған қорабы да қоқысқа лақтырылады. Ал мұның бәрі қоршаған ортаның әдемілігін бұзады. Тұратын қаламыз, жүретін көшеміз таза болғанын бәрі қалайды. Орнына қайта өңделген материалдардан жасалған бұйымдар іздеп көріңіз. Экологиялық дүкендерді аралауды ұсынамыз.

Тағы оқыңыз: Экобелсенділерге не сыйлауға болады?

Мерекелік дастархан

Аста-төк заманда “Бүгін мейрам, бәрі болады” деп дүкеннен біразын артығымен аламыз. Кейде сол тағамдар желінбей, тасталады. Бүгінде ысырапқа оңай жол беріп жүрміз. Ысырап деген қастерлі түсінік экология жағынан да үлкен мәнге ие.

Жаңа жыл мерекесінен соң үйдің қасындағы қоқыс жәшігі толып қалмасын десек, бәрін өзімізден бастап көрейік. Мерекеде дастарханды ысырапқа жол бермей дайындау да экология жағынан тиімді әдет. Себебі тағамнан қалған қалдықтар да қалаларда қоқыс болып үйіле береді.

Дүкенге бармас бұрын мына сұрақ бойынша дайындалуды ұсынамыз:

  • Жаңа жылдық кеште үйде қанша адам болады? Кімдер қонаққа келеді?
  • Үйде диета ұстайтын немесе ерекше тамақтанатын адам бар ма?
  • Отбасы мүшелері қай тағамды жемейді? Балалар не жейді? Былтыр қай тағам желінбей қалған еді?
  • Азық-түлік алуға қанша қаражат жұмсай аламын?
  • Мерекелік дастарханды қалай ысырапсыз жайсам екен?

Шар және конфетти

Шардың қалдығы қайта өңделмейді. Сондықтан бірден қоқысқа кетеді. Ал аспанға ұшырған шарымыз бірер уақыттан соң жерге қайта түседі. Әрине, шардың қайта түскенін біразымыз байқай қоймаймыз. Себебі әдетте бізден ұшып кеткен шар басқа елге, қалаға түседі. Ал оны үрлеу үшін табиғи ресурсты жұмсаймыз.шар

Сонымен қатар шар бір рет қана қолданатын ыдыстар сияқты. Бір үреміз, сосын жарылып, қоқысқа айналады. Қалдығының көлемі кішкентай болғанымен аз уақытта шіри қоймайды.

Түрлі конфетти көбіне пластик пен қағаз қиындыларынан жасалады. Бұл да – тек бір рет қолданылатын бұйым. Ал бір сәт қана қолданылатын заттар экологиялық бұйымға жатпайды. Сондықтан конфеттиден бас тартқаныңыз жөн. Конфетти қалдығы көбіне қайта өңделмейді және қоқыста шашылып жатады. Тіпті оны кейде әрең жинап аламыз.

Тағы оқыңыз: Отшашу: пиротехниканың зияны

Comments are closed.